Табыс тапқанға бітеді
Біздің Абай ауылдық аймағында 59 шаруа қожалығы бар десек, соның қырық бесі тұрақты түрде жұмыс істеп тұрғандар. Олар негізінен диқаншылықпен, мал өсірумен айналысады. Аймақта 5097 гектар ақ егіс бар десек, соның 720 гектары суармалы танапқа жатады. Өткен жылы тәлімі жерге себілген бидайдың әр гектарынан 20-25 центнерден, ал, арпадан 17-21 центнерден өнім алған егіншілер болды. Солардың ішінде ауқымды алқапқа егін еккен «Нартай», «Достық-А», «Ұлан» және біздің «Дауылбай» шаруа қожалығы екен. Арғы жылы біздің қожалық 65 гектар алқапта қант қызылшасын өсіріп, оның әр гектарынан 500 центнерге дейін өнім алған болатын. Биыл судың тапшылығына байланысты осы техникалық дақылды еккен жоқпыз. Оның есесіне майлы дақыл көлемін ұлғайттық.
А.Ихиев пен Р.Әміреқұловалар да осы дақылды егуге ерекше көңіл бөліп отыр. Қазіргі таңда тау бөктеріне 13, ал, құм жиегіне 4 қожалық күздік сеуіп, пар жыртып, сүдігер екті. Ауылда мал өсірумен шұғылданып отырған Бәрменқұловтар өткен жылы ескі гараждан мал бордақылау кешенін ашқан. Қазір олар онда мал бордақылаумен қатар бие сууды қолға алыпты. Аймақта бүгінде екі мыңнан аса ірі қара малы, 515-ке жуық жылқы, 21345 бас уақ мал өсірілуде. Мал өсірген соң оған қажетті мөлшерде азық дайындау керек. Қазір ауылдағы барлық шөп шабатын техника орақ науқанына әзірлік жасауда.
Біздегі бір маңызды мәселе жеке меншіктің малына өріс тауып беру. Өздеріңіз білесіздер ауылдың төңірегінде жайылымдық жер жоқ десе де болады. Ал, азын-аулақ малы бар адамдар иелігіндегі малын шалғай өрістерге шығара бармейді. Дегенмен, ішінара адамдар қой малын бададан алып, өрісі бар қожалықтарға қосып жүр. Жеке меншіктің малын бағуға міндеттеме алған ондай малшылар әр қойға бүгінде 500-600 теңгеден, ірі қараға 2000-2500 теңгеден ақы алатын болды. Бұл әрине бір зейнетақыға қараған адамдарға оңай емес. Сонымен қатар жанар-жағар май бағасы да қымбаттағалы бір гектар жерге еккен егінге жеке меншік тракторшылар 10-12 теңгеден төлем алып жүр. Бағаға дәл осылай ырық бере берсек шаруаның күні не болады? Сондықтан халыққа арзан сервистік қызмет көрсететін қызмет орнын ашуға болады ғой.
Иә, табыс табу бұл күнде оңайлықпен келмейді. Сондықтан ауылда тұратын шаруасы бар азаматтарға жайылым беру, науқандық жұмыстар ақысын арзандатуға болады ғой. Егер базардағы азық-түлік бағасы аспандап тұрса, шаруаға қызмет көрсетудің сиқы жаңағындай болса, онда еңбек етуге деген жастардың ынтасы да төмендеп кетеді. Сондықтан ол жағын да ойлаған жөн шығар.
Ш.Жұмағұлова, «Дауылбай» шаруа қожалығының жетекшісі.