Сенбілік жұмыстарына қатысты
35 ViewsАуданда сенбілік жұмыстары жалғасуда. Өткен сенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылының шығыс бөлігінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер маңында тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарына қатысты.…
Дәл қазіргі таңда көліктер біртіндеп адам өмірінде ерекше орын алып келеді. Кеңес заманында қолымыз жетпеген темір тұлпарды бүгінде оп-оңай мінуге болады. Оған ешқандай шектеу жоқ. Тек қалтаңыз қалың болса болғаны.
Иә, рас бүгінде әрбір үйде көлік болмаса да, төрт отбасының бірінде міндетті түрде бар. Осыған қарап, «Олардың бәрі стандарттық талаптарға сай ма?», «Транспорттардың техникалық жабдықталуы қай деңгейде?», «Автомобильдердің жасы қаншада?» деген сауалдар санамызда еріксіз туындайды. Ендеше, біз бүгін осы мәселелер жайында кеңінен сөз қозғап, жоғарыда қойылған сұрақтарға мүмкіндігінше жауап іздеп көретін боламыз.
Өткен жылдың қорытындысына сәйкес елімізде жүрген көліктердің орташа жасы 20,7 болып тіркелген. Бұл туралы жуырда «ҚазАвтоПром» кеңесінің өкілдері ресми түрде мәлімдеген болатын. Аталмыш органның мәліметі бойынша Қазақстанда 4,5 млн әр түрлі көлік тіркеліпті. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға жоғарылаған.
Елімізде жеңіл автокөліктердің үлесі — 3,7 миллион. Бұл барлық көліктердің 83,2%-ын құрайды. Аталмыш транспорттың түрі өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өскен. Келесі сатыда саны жағынан ауыр жүк көліктері кезекте тұр. Ел аумағында олардың 423,1 мың бірлігі жүр. Ал, республика бойынша автобустардың 67,9 мың бірлігі бар болса, 55,9 мың мототехника арнайы тіркеуде тұр екен.
Енді маңызды мәселелердің бірі көліктердің жасына кеңінен тоқталсақ. Өкінішке орай автопарктердегі көліктердің 1,88 миллионнан астамы 20 «жастан» асып кеткен. Ал, 11 мен 20 жыл аралығындағы автомобильдердің саны — 801,3 мың. 8 бен 10 жыл аралығындағы көліктердің саны 447,2 мың бірлік болса, 3 пен 7 жыл аралығында 467 мыңға жуық көлік ел аумағында жүріп жүр. Көлік құрастыру кәсіпорындарынан шыққанына екі жыл толмаған транспорттардың саны 166,9 мыңды құрайды екен. Статистика ретінде келтірілген осы мәліметтерге қарап, елімізде жүріп жүрген көліктердің басым бөлігі ескі екенін анық аңғаруға болады. Біздіңше бұл олқылық автотраспорттардың жиі қақтығысына, жол көлік оқиғасының жиілеуіне әкеліп соқтыратын секілді.
Қолда бар тағы да бір қызықты ақпаратпен бөлісе кетейін. Қазақстандық автоәуесқойлар қауымының басым бөлігі ресейлік «LADA» автокөліктерін таңдайды екен. Ал, екінші орында бәрімізге жақсы таныс «Toyota» маркалы автокөліктер тұрса, үздік үштікті неміс көлігі «Volkswagen» түйіндеген. Одан кейінгі тізімді «Audi» және «Mercedes-Benz» көліктері жалғап тұр. Алтыншыда «GAZ» тұрса, жетінші орынға жайғасқан «Mitsubishi» көліктері де үлкен сұранысқа ие екен. Қазақстандық жүргізушілер тізгіндеген көліктердің арасында «Nissan» мен «Hyundai» және солтүстік көршілерімізде шығарылатын «Москвич» автомобильдері де бар.
Ең көп көліктер Алматы қаласында тіркелген. Онда дәл қазір 725,3 мың көлік жүріп жүр. Екінші орында Түркістан облысы тұрса, Алматы облысы үшінші орында. Бұл тізімде Нұр-Сұлтан қаласы мен Шығыс Қазақстан облысы да бар.
Ресми статистикаға сүйенсек, дәл қазіргі таңда Қазақстандағы әрбір мың тұрғынға 199 автокөліктен келеді екен.
Аса қадірлі оқырман! Біз бүгін көлік және логистика тақырыбы жайында аздап ой қозғап, ресми статистикалық сандарды сөйлетіп көрдік. Тіпті, қазақстандық тұрғындар қай көлік түрін таңдайтынын, олардың қолданыста жүргендеріне қанша жыл болғаны жайында да сөз еттік. Әрине әр адамда көлік құралы болғаны жақсы. Дейтұрғанымен, олардың техникалық талаптарға сай келуін, жаңа болуын басты назарда ұстағанымыз абзал.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Мәселен, өткен жылы ауданда жалпы 53 жол көлік оқиғасы орын алған. Көліктердің қатысумен орын алған жайттердің кесірінен 81 адам жарақаттанып, өкінішке орай 12 адам өмірмен қош айтысқан. Аудан аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарда 22 көлік оқиғасы тіркелсе, жергілікті авто жолда 5, көше жолдарында 26 көлік қақтығысы орын алған. Мамандардың айтуы бойынша орын алған қақтығыстардың басым бөлігіне пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан көліктер қатысқан.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.