Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Жаңа кітап: Оқыдық, пікір айтамыз.
Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, Қазақ ССР кәсіптік-техникалық білім беру және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы білім беру саласының Құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Құлан жоғары агротехникалық колледжін 22 жыл басқарған, бүгінде Алматы қаласында тұрып жатқан зейнеткер Ехматқұл Қасымбайұлы Нұрахаевтың қаламынан туған жаңа кітаптың аты осылай аталады. Автор өзінің оқырмандарына арнаған алғы сөзінің өзінде: «Мен кәсіби жазушы емеспін. Бұл өмірдеректе өзімді көпке үлгі етер қайраткер емес, тек өзіне жүктелген жұмысты адал да, аянбай атқарған қатардағы көп адамның бірі ретінде өткен өмір туралы артыма із қалдырғым келіп жазып отырмын» — депті.
«Полиграфия сервис и К» баспасынан жарық көрген 10,2 баспа табақ болатын қалың қоңыр мұқабалы Алматыдан Құлан топырағына жеткен шағын ғана кітаптың алғашқы парағын ашқан сәттен-ақ, қолына қалам ұстаған ағартушы-ұстаздың туған жерге деген сағынышын сезесің. Ехмат киелі Құлан жеріне келген Әсет Бейсеуов сияқты өнер қайраткерінің таңданысын: «Мен бүкіл Қазақ елін араладым, бірақ мынадай жер жаннатын бұрынырақ көрмегеніме өкініп тұрмын» деген сөзін қаз-қалпында жеткізіпті. Соғыс жылдары Құланға жер ауып келген Магомед Текеев деген қарашай отбасына қыстың қақаған аязында «балалары жаурап қалмасын»деп Қасымбай атаның өз шарбағындағы алма ағаштарын «отынға» деп кесіп бергенін де өте әсерлі етіп жазыпты.
Сондай-ақ, біз біле бермейтін, бірақ есімі бұрынғы «Восток» колхозына, тегі Луговой ауданына мәлім «Ленин» орденді түйеші Әлмен ата Боханов, «Еңбек Қызыл Ту» орденін алған Сейсен апа Жүнісова, Қожан Бақтыгутов, Шырбан Боранбаев тағы басқаларының есімін атапты. Автор әсіресе, балдырған балалық шақ туралы айна қатесіз жазыпты. Ол алты жасында мектеп партасына отырған ғой, бірақ сабақ үлгірімі өте жақсы болған соң: «Маған оқу озаты деп, Дэниель Дефоның «Робинзон Крузо» атты кітабын сыйлады» — дейді.
Е.Қ. Нұрахаев өзінің өмірдерекке құрылған кітабында жақсы мен жаманды, адалдық пен арсыздықтың не екенін өмірден алып көрсетеді. Ақиқат қашанда адамның ары мен ожданының айнасы ғой. Осы тұрғыдан алғанда 22 жыл бойы бір оқу орнын басқарып, оны тоқыраудың «салқынына» ұрындырмай, яғни, таратқызбай іргелі оқу орнына айналдырғаны туралы шындықты айнытпай сол қалпында көрсете білгені де оқырман үшін орны мен оябы бөлек бір әңгіме деуге болады.
Ол өзі туралы әсіре жайылып әңгімелемей, төңірегіндегілер туралы да тебірене мысал келтіре отырып әңгімелейді. Автор: «Ай түнде, ал дос күнде керек» — дейді де өзінің адал достары туралы, әділдік жайлы сыр ақтарады. Ағартушы азамат өзі жеткен биікке ата-ананың, ағайын-туыстың, дос-жораның, әріптестерінің қосқан үлесі бар екенін жадынан жарты елі де шығармайды. Дарынды педагог өзінің бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге, ауыл шаруашылығына білікті маман даярлауға жұмсағанын, осынау қасиетті жолда еш нәрседен жалықпағанын жалпақ тілімен баяндайды.
Кітаптың кейінгі ұрпақ үшін тәрбиелік мәні өте зор. Әсіресе, еңбек жолын ұстаз болудан бастаған педагогтар үшін таптырмайтын дидактикалық оқу құралы деп айтуға әбден болады.
Қ.Сейсен.