Жарлысудың Жампозы еді…
Міне, Сайрамбай Әліқұлұлы Дөненбаевтың жарық дүниеден өткеніне де бір жылдың жүзі болып қалды. 2016 жылы Тараздағы «Сенім» баспасынан «Жарлысудың жампозы» атты кітап жарық көрді. Бұл кітап небәрі 40 данамен шықты. Сондықтан оны көпшілік оқырман оқи қойған да жоқ шығар. Осы кітапқа жазған алғысөзінде автор: «Күлдіреуіштен ай ауғанша жыр оқитын Сайрамбай ақынжанды жігіт емес, ол ай туғанша ұйқысын қандырып алып содан соң айдың жарығымен таң атқанша, салқынмен қойын қайыратын. Отыздың омыртқа жасында қой бағуға көңілін көгендеп жүрген кім бар дейсіз. Өстіп түнделетіп қойды өріске шығару санасының сандығына сыймайтын шопандарды да көріп жүрміз ғой. Ал Сайрамбайдың жөні бір басқа…» деп бастайды әңгімесін.
Қандай айна-қатесіз айтылған сөз. Осы жолдармен-ақ, Сейсен Қожеке оның бойына қонған бар болмысын айтып тұрған сияқты. Иә, Сайрамбай Әліқұлұлы осынау жарық дүниеден жасындай жарқырап өтті. 53 жасында Қазақстанның Еңбек Ері деген атаққа ие болды. Ол сонымен қатар «Отан», «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Парыз» медалімен, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған болатын.
Төменде біз Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, журналист-жазушы Сейсен Қожекенің осы «Жарлысудың жампозы» атты кітабында жарияланған 21 әңгімесінің біреуін, яғни марқұм Сайрамбай Дөненбаевтың балалық шағы туралы шағын әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Оспан ата» көліне барғанда
Жарлысулықтардың үлкені мен кішісі Халық пен Базарқұл сынды ауылдың алтын сақасы атанған аузы дуалы ақсақалдарын әлі күнге ұмытқан жоқ. Жарықтық сол кісілер: «Судың тұнығын балық біледі, адамның тұнығын халық біледі, халық білмесе…бір Құдай анық біледі» деп айтып отырушы еді. Бала болса да Сайрам қарттардың айтқанын көкірегіне түйіп өсті. Өйткені көп бала асық ойнап, жар жағалап, көк қарға ұстап, үй бетін көрмей кетеді. Ал, ол болса ауыл қарияларының айтқанын істеп, біреуінің ағашын жарып беріп, біреуінің суын тасып құрақ ұшып жүргені. Бәрібір ойын баласы ғой, кейде өзі құралыптас қара борбай балаларға қосылып, жарлы суды жағалап ойнайды.
Ақпанның жаяу борасыны басылып жуаси қалған ба, бүгін кешегідей сумақай жел жоқ. Бала біткеннің бетін күн сүйіп, жылмиған жазық бетін жапқан қардың үстіндегі күміс жүлдызшалар көз ұялтады. Сайрам өзінің ағасы Мейраммен бірге. Дапан да олардан қалыспай келеді. Бұлардың діттеген жері «Оспан ата» көлі. Көп бала тасы қалың жұмырлау жердің қарын күреп, асық атқаннан гөрі беті тақтайдай тегіс ақ мұзға сырғанап, асық ойнағанды тәуір көреді. Үшеудің үлкені Мейрам болған соң:
– Кәне, менен қалмаңдар! Көлге де жетіп қалдық, – деп асықтырып қояды өзінен кішілерге үлкендігін білдіріп.
– Аға, – дейді төрт жасқа жаңа іліккен Сайрам ағасына жалынып. – Шен маған қоғасын құйған оңқай шақаңды белесің ғой,…ә?
– Сенің өз сақаң қайда? Сайрам теріс қарап тұра қалып:
– Оны кеше би бала ұтып алған…, – деді бұртиып.
– Жарайды бұл өзі ұтқыш сақа, екеуіміз кезектесіп атамыз, жарай ма?
– Жайайды…
Бұлар балапан қаздың балақ жүніндей болып тізеге дейін ұйысып қалған ақша қарды қағып болып көлге қараған. Арқан бойы көтерілген күн сәулесі айдынға шырадай шашырап көз қаратпайды. Кіп-кішкентай Сайрам бетіне түскен жалқын сәуледен ұялып, көзін қолымен көлегейлеп: «Түу, мынашы неші, көжге түшіп…» деп, қабағын тыржитып, бірақ бар болмысымен езуін жия алмай жымияды. Бұл кезде Мейрам мен Дапан көк мұзға бар екпінімен қойып кетіп сырғанап жүрген. Көл дейтін көл аса үлкен де емес, үш үйдің орнындай-ақ. Балалар күндегі үйреншікті әдеттерімен түнде жауған қардан мұздың бетін тазартып болып асық ойнауға кіріскен. Олар күн найза бойы көтерілгенше айыздары қанғанша асықтың қызығына батып алаңсыз уақыттарын өткізді.
Осы көлден ауылдан оқшау отырған қараша үйдегі қойшы шал үнемі қорадағы малына су алатын. Оның мұзды ойып қойған орнын балалар қайдан білсін. Түнде әлгі ойықтың беті қатып қалған екен, оны әрине кішкентей Сайрам байқаған жоқ. Атқан сақасы алыстап кеткен соң соны қуалай артынан жүгіргені сол еді жаңағы ойыққа барып түсіп кетті. Әбиүр болғанда Мейрам сол мұзы ойылған тұсқа таяу тұрған еді, дереу Сайрамға қарай ұмтылған. Бұл кезде інісі де суға сүңгіп шыққан екен дереу оның жағасына жармаса қалып суырып алды. Мейрам естияр емес пе інісінің сырт киімін шешіп тастап, оған өзінің пәлтесін кигізе қойды да, Дапанға:
– Дапан, анау шананы әкел, тез ауылға қайтайық, Сайрам жаурап қалар, –деді де оны шанаға отырғызып алып ауылға қарай ызғыта жөнелді.
Бұлардың үйі мен көлдің арасы аса алыс та емес, әйткенмен жер тайғақ. Мейрам барын салып жүгіріп келеді. Үлкендердің: «Үйге қарай жүгірме» деген сөзі жайында қалып, жетілер шамасындағы бозбала қара терге малшынып, бөкенше желеді. Бауырының ойындағы: «інім жаурап қалмаса екен» деген жалғыз тілек оны үйге де жеткізді-ау, әупірімдеп. Балалардың анасы Башай апа (шын ныспыТәттімбүбі), әжелері Ұлтуар мен Шәрия, үйде солармен бірге «ақ апа» атанып кеткен Күлшатай апа бір самауырын шәйді орталарына алып, жаңадан шәйға бас қойған кезі екен. Бәрінің де естері шыға орындарынан тұрып далаға ата жөнелді. Бұл кезде Мейрам аптығын баса алмай ентігіп тұрған.
– Байқұс-ау, не болды?, –деген анасының сөзіне ол үлкен кісілерше түк болмағандай:
– Апа, ештеңе болған жоқ. Бірақ балаңыз көлге түсіп кетіп бір ажалдан аман қалды…
– Ой…бай…и не дейт? Қайдағы көл? Күлшетай апа:
– Әй, қатын! Көріп тұрсың ғой ана баланы тез үйге, анау пештің жанына апарайық, киімін ауыстыр, жаурап та қалған шығар, –деп жеңіл зекіп, айдың-күннің аманында не істерін білмей есі ауып қалған абысынын әбіржітпей-ақ жұмсай бастады. Ұлтуар әжесі шөбересінің таңдайын көтеріп жатыр. Бұл кезде үйдің отағасынан басқасы түгел отау үйге жиналып та қалған еді. Әсіресе, осы үйдің тұла бойы тұңғышы Бұлбұл қыздың бауырмалдығы, інісіне деген ақжарма көңілі алабөтен болатын. Ол інісінің асты-үстіне түсіп, қолды-аяққа тұрмай құрақ ұшып жүр. Сайрамды шешіндіріп, тұлабойын таза сүлгімен сүртіп, таза, құрғақ киімдерін сандықтан шығарып, ара-арасында: «жаным, күнім» деп бетінен шөпілдете сүйіп: «өзіңді ғайып ерен қырық шілтен қаққан екен» деп кемпірлердің айтқан сөздерін қайталап, жаны қалмай жүгіріп жүр.
Ананың да, әжелердің де, бауырдың да көңілдері орнына түскен бір шақта Күлшетай апа:
– Балам бір ажалдың тырнағынан аман қалдың. Оған бауырың Мейраштың қолы мен Ұмай ананың пірі көмектескен шығар. Ол енді қолын жайып:–Бүгін күн жұма. Жұмақтан жұпар есетін күн екен. Сені періштелерің қағыпты. Құдайым су перісі Сүлейменнің сұғынан сақтағай, Әумин!, –деп отта бықсып жана алмай жатқан адыраспанды баланың басынан үш айналдыра аластап: «Алас! Алас! Алас!» деп, үйдің босағасына апарып қойды да: «Е, Алла! Бәле-жалаңнан сақтай гөр!» деді бетін сипап.
Алпысыншы жылдардың аяқ шенінде болған осынау тосын оқиға осыдан үш жыл өткенде тағы қайталанды. Бұл жолы «Сұмқайтыдағы» көлге түсуге барған Мейрам мен Сайрамды ағасы Қалила ажалдан құтқарып қалды.
(Әңгіме автордың «Жарлысудың жампозы» атты кітабынан алынды).