Өнер – өмір айнасы
Биыл Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің құрылғанына – 45 жыл толып отыр. Бердіхан Бабасов басшылық жасайтын өнері өрге тасыған аядай ғана мекеменің мерейлі күнін аудандық басылымның тілшілері де назардан тыс қалдырмай, газет бетіне жариялағанын білесіздер. Сондықтан мекеменің тарихы жайлы қайталап жазбай, сәрсенбінің сәтті күнінде өткен шығармашылық ұжымның концертін көріп, көңілге түйген ойды қағаз бетіне түсіріп, оқырманмен бөлісуді жөн санадық.
Өнер ұжымы 45 жылдық концерттік бағдарламаның тақырыбын «Өнер – өмір айнасы» деп қойған екен. Өте керемет сөз. Гәп жоқ. Бірақ өкінішке орай, сол өнерді өмір айнасы ретінде көріп, сезіне алатындар жоқ емес, бар. Бар дегеніміз де жай әншейін өзімізді алдарқату үшін айтылған сөз шығар бәлкім… Өмір. Өнер. Айна. Міне, тақырыптың тоқетері – осы. Біреу түсінеді, бәзбіреулер мүлде түсінбейтін де шығар. Мұқан Төлебаев. Аруағыңнан айналайын, маэстро! «Өнер» деп аты дардай болып естілгенімен, ішінде шын мәнінде, өнерден түк хабары жоқ жандардың қызмет етіп жүргенін көргенде күйіп кетесің ғой, күйіп. Бірақ, қолдан келер не шара бар? Серігіміз қағаз. Кейде ойлаймын. Саз әлемінің сардары, «Біржан – Сара» операсы секілді мәңгі өлмейтін туынды жазып, аты тарихта қалған маэстро Мұқан Төлебаевтың есім-сойы осы Бердіхан Бабасов басшылық жасайтын өнер ұжымының ғимаратына өте дұрыс берілген»- деп. Бір жағынан жігер береді. Шабыт сыйлайды. Оның үстіне Мұқан Төлебаевтың есімі аталып тұрса, қайтып жұмыс істемейсің. Керісінше, арқаланасың ғой. Еңбек етпесең, төбеңнен маэстро шұқшиып қарап тұрғандай көрінеді. Концертті тамашалап отырып, өнер ұжымының оқытушылары мен тәрбиеленушілерінің бойынан сондай жауапкершілікті байқадық.
Әттең, осындай сазды шығармашылық кеш «кең сарайда» өтуі тиіс еді. Бірақ жағдай түсінікті. Аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, себеп бар. Пандемияға байланысты концертке шақырылған адам саны да аз. Әйтпесе, көпшілік тамсанып, қол шапалақтап отыратын сазды кеш болды расыменде. Бірақ осындай ауқымды творчестволық кештің өтуіне Құлан агротехникалық жоғары колледжінің концерт залының сахнасы тарлық еткендей көрінді бізге. Оны ашық айтуымыз қажет.
Қош. Енді концертке ойысайық. Шығармашылық кештің шымылдығын аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сөз сөйлеп, ашып берді. Ол өз сөзінде:
– Құрметті ұстаздар, ардақты өнер сүйер қауым! Кез келген елдің ұғымындағы ең қастерлі құндылық, ол – Тәуелсіздік. Азаттық біздің ұрпақтың басына қонған бақ. Алдымен осы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен барлықтарыңызды құттықтаймын. Ауданымызда өзіндік орны бар іргелі мекеменің бірі саналатын Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің құрылғанына да биыл 45 жыл толып отыр. Жалпы, дамыған мемлекеттерде өнердің орны ерекше. Біздің елде де бұл салаға деген көзқарас дұрыс қалыптасқан. Өз басым саз мектебінің оқытушылары мен тәрбиеленушілерінің өнерін құрметтеймін, бағалаймын. Өнерлеріңіз өрге жүзе берсін. Мерекелеріңіз құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Осы білім ошағынан тәлім алған шәкірттер ауданымыздың атын облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық деңгейде таныта берсін дегім келеді, – деді. Содан соң сөз сөйлеген аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов те өнер ұжымының мерейін өсіретін сүбелі сөздер айтты.
Әкімнің құттықтау тілегінен соң, сахна түндігі Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұлт аспаптар ансамблінің орындауындағы Түркештің күйі «Көңілашармен» ашылды. Шіркін-ай, неткен шеберлік. Тамаша орындау. Күйдің ырғағы делебеңді қоздырады. Ананы ойлап, мынаны ойлап, өзгеше сезімге бөлендік «Көңілашарды» тыңдап отырып. Тамсандық. Қол соқтық. Содан соң халық әні «Қара көзімді» балалар музыка мектебінің оқытушысы Гүлнұр Әбдірахманова тамылжыта шырқап, залға жиналған есті көрерменнің қошеметіне кенелді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген мерейлі күнде патриоттық рухтағы өлеңнің айтылуы заңды ғой. Яғни, оны да тыңдадық. «Тәуелсіз қазақтың қызымын» атты әнді Сымбат Бердіханқызы әп-әйбәт шырқап берді.
Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқытушыларының еңбекқорлығына қайран қаласың негізі. Аядай ғана ғимаратта еңбек етіп жатса да, өнерге деген құрметтері ерекше ғой. Өз басым концертте хормен ән айтылады деп ойламаған едім. Бірақ оны да көрді көпшілік. Қып-қызыл еңбек емей немене енді саралап көріңізші өзіңіз. Қалыбек Дербісалдинның «Елім нұрлы – Қазақстан» және Ербол Ақбасовтың «Мектеп вальсі» әндерін саз мектебінің тәрбиеленушілерінен құралған «Керемет» хор ұжымы нақышына келтіре шырқады. Еуропаның атақты концерт залдарында орындалған Скотт Джоплиннің «Артист эстрады» атты күрделі шығармасын мектеп тәрбиеленушілері Жанайым Шахтыбай мен Дана Ермек ерекше орындады. Важа Азарашвилидің «Хота» шығармасын саз мектебінің шәкірттері Дания Сейтжапарова мен Гузаль Қасымова да сәтті ойнады. Фортепианоның әуезі де жүрек елжіретеді. Осы сәтте құдды бір колледждің концерт залында емес, Италиядағы ең атақты концерт ғимараты «Ла Скаланың» ішінде отырғандай күй кештік. Оқытушы Айдана Құлтасованың жетекшілігімен құрылған «Бибі» вокалдық ансамблінің орындауындағы ән де сәтті шықты. Оқушылардың ән айту мәнері, сахнада өздерін суда жүзген балықтай сезінуі, бәрі-бәрі кәсіби тұрғыда екені көрініп тұр.
Мектеп түлектерінен құралған ансамбльдің орындауындағы күйлерді айтсаңызшы. Шеберлік деген осындай болса керек тегінде. Айтқали Жайымовтың күйі «Шалқыманы» осы күні П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде оқып жүрген саз мектебінің түлегі Мұхамедали Талғатов жақсы орындады. Оған қолдау көрсеткен концертмейстер Раушан Кабираеваның да шеберлігіне қайран қалдық.
Кезек операға да келді. Саз мектебінің ұстаздарынан құралған «Шабыт» ансамблі 45 жылдық мерекеде Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан үзінді айтуды құп көріпті. Және ол шешім өте дұрыс болған. Опера – өнердің ішіндегі тектісі ғой. Ғажап орындау болды шыны керек. Тереңөзектен келген Жәния Мықтыбекқызы әйгілі «Титанник» киносының саундтрегіне жазылған «My heart will go on» әнін орындаған сәтте тұла бойымыз тітіркеніп кетті. Бұл әуелі әуезді әннің құдіреті. Екіншіден, орындаушының ұйықтап жатқан адамды оятатын кең диапазонды дауысы. Браво, Жәния!
Дәстүрлі ән де айтылды. Саз мектебінің түлегі Жансая Сәрсенбаева мен аталмыш білім ошағында халық және халық композиторларының әндерінен дәріс алып жүрген оқушылардың өнері де көпшілік көңілінен шықты. Әдеби ортада мынадай сөз бар. «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген. Сол айтқандай, қыздар ән салды, біз тамсандық.
Саз мектебінің ұстазы Қабыл Базарбектің репертуарынан бір ән күтіп отырғанымыз сол еді, сахна сыртынан хабарланды да кетті. Қабыл сахнада. Дүнгенбай Ботпаевтың «Ана» әні. Үнсіз отырып тыңдадық. Жүректің сөзі ғой шіркін. Ән деген осындай болсайшы. Ән салып тұрған жігіттің де дауысы зор. Қысқасы, ән орындаушысын тапқан. «Балдәурен» ансамблінің орындауындағы «Кербез сұлу» күйінен де ерекше шабыт алдық. Жас өрен Жанболат Самарұлы да халық әні «Япурайды» нәшіне келтіре шырқады.
ООО, Латиф Хамидидің әні! Маэстро! Бұл есімді де жастар көп біле қоймайтын шығар. Өйткені, есімін атап, әнін шырқап жүрген жас аз. Күйініш қой. Саз мектебінің оқытушылары Айнұр Жиенбаева мен Лескүл Жиенбетоваға мың алғыс. Ән таңдау да өнер ғой негізі. Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» әнін жоғары деңгейде шырқаған екі ұстазға да зор қошемет көрсетілді. Себебі, ән мелодиясы көркем ғой. Тегінде, музыка тарихымызда осындай есті әндер қалмақ. Ол ақиқат.
Концерт Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің түлегі, жергілікті сазгер, әнші Нұрислам Сәменқұловтың әні мен сөзіне жазылған «Мектеп гимні» әнімен қорытындыланды. Мектеп гимнін «Жаңа жұлдыз» квартеті орындады.
Концерт соңында Тараз өңірлік университетінің доценті, мәдениет қайраткері, білім саласының үздігі Сейсен Бейсеуұлы ортаға шығып сөз сөйлеп, Бердіхан Бабасов басшылық жасайтын өнер ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Сейсен Бейсеуұлы саз мектебінің 45 жылдық мерейлі мерекесі жоғары деңгейде өткендігін айтып, өнер ордасына виолончель сыйға тартты. Содан соң сөз сөйлеген аудандық мәслихат депутаты, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Баймұратова Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымында өте білімді оқытушылар мен талантты оқушылар дәріс алатынын айтып, алғыс хатпен бірге бағалы сыйлық тарту етті. Саз мектебінің директоры Бердіхан Бабасов орайы келген сәтте сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғыс білдірді.
Марат Диханбай.