358 Views
Қазақ тілінің мемлекеттік дәрежедегі биігіне көтеріле алмай келе жатқандығы қоғамның мүшесі ретінде бәрімізді де алаңдатады. Мен мақала авторы Есенкүл Мұхтарқызы Нұр-Сұлтан қаласында педагогика ғылымдарының докторы, профессор, төл технология авторы Оразахынова Нұрша Алжанбайқызының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының модераторы болып жұмыс істеймін. Біз қабілет-қарымымыз жеткенше қазақ тілінің дамуына атсалысып жұмыс жүргізіп жүрміз. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының бір мақсаты — қазақ тілін жоғары деңгейде меңгерту арқылы оқушыларды кез келген шаршы топта өз ойын шешен де шебер жеткізе білетін, сол арқылы өз ана тілінің құдіретін басқаларға танытуға, бағалай білуге баулу.
Бұл технологияның теориялық негізі Алаш зиялыларының білім беру жайындағы ой тұжырымдарымен сабақтасып жатыр. Олардың білім беру, тәрбиелеу, ұстазға, ата-анаға қойылатын талаптары бүгінгі күнге аса қажет.Өкінішке орай, білім беру саласында олардың құнды пікірлері әлі де «жабулы» жатыр.
Түптеп келгенде, қазақ ұлтын сақтап қалатын – қазақша ойлайтын, қазақша білетін қазақтың ұрпағы.
Алаш арыстары сол қиын- қыстау кезеңнің өзінде ұлтқа өмір бойы азық болатын ұлттық педагогика, ұлттық психология тақырыптарында үлкен еңбектер қалдырды. Бірақ, олардың педагогика, психология, әдістеме саласындағы құнды еңбектерінің білім беру жүйесіне дендеп еніп, ұрпақтарының онымен сусындау жағы әлі де кешеуілдеп жатқаны жасырын емес.
Білімі, ғылымы өз тілінде сөйлемеген, ұлттық тәрбиені алмаған ұлттың өзі де жоғалатынын естен шығармауымыз керек. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», — деген екен кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.
Тіл – ұлттың жаны. Тіл мықты болмай, рух мықты болмайды. Рухы жоғары ел ешқашан да жоғалмайды. Сол ұлттың тілін сол тілде жасалған рухани құндылықтарын жас ұрпақтың бойына ұлттық білім беру, ұлттық тәрбие жүйесі сіңіреді. Олай болса, өзге жұрттардың бұл саладағы (мысалы: Жапон жүйесі) озық тәжірибелерінен үйрене отырып, жас ұрпақты тәрбиелеудің заманға лайықты ұлттық үлгісін жасау – маңызды мәселе.
Түйін: Ұлттық тілдің сақталуы мен жоғалуына себеп болатын халықтың өзі. Сондықтан да ата тіліміз бізге қызмет етуі үшін, біз оны көздің қарашығындай қорғай білуіміз қажет-ақ.
Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын.
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретіңнен, Қазақ тілім!
Иә, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде дәл осылай тебіренген. Себебі, «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деп есептеген. Тіл мәртебесі биік болсын, ағайын!
Есенкүл МҰХТАРОВА,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз.
Поделиться ссылкой: