ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ТОЛЫМДЫ ТІРЛІКТЕР
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгеніне биыл, міне 30 жыл толып отыр. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел бола алды. Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі деп білеміз.
1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптаса алдық. Ал, береке мен бірлігіміздің нәтижесінде өз рәміздерімізді, төл теңгемізді айшықтап алдық.
Қазақ халқы тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды да тік тұрып, бастан өткерді. Бұл қиын-қыстау кезеңдер киелі де, қасиетті Құлан өлкесін де айналып өтпеді. Ел іргесі берік болуы үшін құландықтар да лайықты түрде тер төге білді. Бүгінде Тұрар Рысқұлов ауданы облысымыздағы төскейі төрт түлік малға, етегі егінге толы, жері жәннат, суы шәрбат өлкесі бар, жүрегі дархан, көңілі кең, ынтымағы жарасқан көп ұлтты халқы бар киелі де құт мекенге айналды. Ауданымыз 1938 жылы 4 наурызда алғаш рет Луговой атауымен шаңырақ көтерді. Ал 1999 жылғы 1 наурызда құландықтардың көптен күткен арман-тілегі жүзеге асты. Нақтырақ айтар болсақ, дәл осы күні Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың арнайы Жарлығымен киелі де, қасиетті топыраққа халқымыздың аяулы перзенті, елінің еркіндігі жолында мерт болған Тұрар Рысқұловтың есімі берілді.
Бүгінгі таңда ауданның жалпы жер көлемі 908700 гектар алқапты алып жатыр. Әкімшілік аймақтық бөлінісіне келетін болсақ, 15 ауылдық аймаққа бөлінген. Жалпы халық саны 65000-ға жуықтайды. Оның 90 пайыздан астамы – қазақтар. Одан бөлек бұл өлкеде орыс, украин, өзбек, қырғыз, қарашай, татар секілді өзге ұлт өкілдері де ұзақ жылдар бойы мекендеп келеді. Негізінен аудан жұрты егіншілікпен және мал шаруашылығымен, сондай-ақ өнеркәсіп өнімдерін өндірумен айналысады. Өңір түгелдей дерлік шөл және шөлейтті аймаққа жатады. Жері таулы, құмды. Табиғаты сұлу. Жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне өте бай. Өзінің осындай географиялық ерекшеліктеріне қарамастан, көп ұлтты аудан жұртшылығы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара еңбек етіп, экономиканы өрге бастыруға лайықты үлестерін қосуда.
Егер тарих тұңғиығына көз жіберетін болсақ, бүгінде құрылғанына 83 жыл толып отырған аудан қай кезде болмасын кең байтақ республикамыздың гүлдене түсіп, экономикасының нығаюына барынша мол үлес қосып келе жатқандығын байқауға болады. Аудан орталығы саналатын Құлан ауылы, яғни ежелгі Құлан қалашығының тарихы өте тереңнен бастау алады. Көненің көзі атанған осынау ежелгі қала кезінде атақ-даңқымен төрткүл дүниеге мәлім болғандығы белгілі. Сонымен бірге, бұл қала ішкі айырбастың да тұрақты орталығы саналған.
Кеңес үкіметі орнаған соң 1927 жылы ауданда «Түркістан-Сібір» теміржолының алғашқы қадасы қағылып, рельс төсеу рәсіміне арналған салтанатты митингіде Тұрар Рысқұлов паравоз үстінде тұрып, өзінің жалынды тарихи сөзін сөйледі. Ұлтымыздың біртуар перзентінің есімін ардақтаған аудан халқы орталық алаңнан ұлы тұлғаның еңсесі биік ескерткішін орнатты. Ел-жұртының аяулы ұлына деген шексіз құрметінің, шынайы махаббатының символы осы болса керек.
Міне, осы өңірде құрылған ауданға биыл 83 жыл толып отыр. Бұл, әрине, тарих ағымымен өлшегенде қас қағым сәт, көп уақыт емес. Бірақ осы жылдар ішінде біздің киелі өңіріміздің өсу-өркендеу, қарыштап даму қарқынына көз жіберіп, көңіл тоқтатар болсақ, нағыз тарихи, ғасырларға бергісіз жылдар екеніне еріксіз сүйсінесіз. Ендеше Тәуелсіздіктің соңғы екі-үш жылында аудан аумағында атқарылған ауқымды істерге жеке-жеке тоқталайын.
Бүгінде Ерболат Садырқұлов тізгінін ұстаған ауданның экономикасы мен әлеуеті қарыштап дамып келеді. Дәл осы күнге дейін көптеген ілкімді істер, жүйелі жоспарларға негізделген жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, ауданда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар мықтап жолға қойылған. Соның бір айқын дәлелі ретінде «Дулат баба» кесенесін атап өтуге болады. 2018-2019 жылдары бабаның құрметіне орай іргетасы қаланып біткен нысан бүгінде ауданның туризм саласын дамытуға айрықша үлесін қосуда. Сондай-ақ, бес бірдей Олимпиада жүлдегері бар қасиетті мекенде бұқаралық спортты дамытуға да ерекше ден қойылған. Дәл осы мақсатта 2018 жылы аудан орталығынан зәулім спорт кешені ашылды. Мұнда аудан тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. Одан бөлек аталмыш ғимаратта байрақты бәсекелер мен дүбірлі додалар көптеп ұйымдастырылып тұрады.
Жамбыл өңірінде алғаш рет қолға алынған пилоттық жоба Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Құмарық ауылдық округінде де табысты түрде жүзеге асуда. Аты аталған жоба бойынша ауыл аумағына 7000-нан астам төрт түлік, 17-ден астам ауылшаруашылық техникасы кірді. Бүгінде Президенттің қолдауына ие болған бұл жоба ауыл тұрғындарының әлеуетін әрі табысын арттыруда.
Тіршілік көзі саналатын ауыз су тұрғындар үшін керекті ең алғашқы қажеттілік. Сондықтан болар аудан басшылары осы бағытқа ерекше назар салып келеді. Соның нәтижесінде ұзақ жылдар бойы мәнді мәселеге айналған бес елді мекенге таза ауыз су кіріп отыр. Одан бөлек тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсатында 90-нан астам көше жолдары толықтай жөндеуден өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны сөзсіз.
Аудан басшылары өскелең ұрпақтың кедергісіз білім алуына да барлық жағдайды жасауда. Осы мақсатта былтыр аудандағы бес бірдей мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Нысандардың сырты әрленіп, іші толықтай заманауи жабдықтармен жабдықталды. Бүгінде мектеп оқушылары шарапаты мол шаралардың игілігін сезінуде.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында айтылған тапсырмаларды жіті назарында ұстауда. Соның нәтижесінде, тұрғындарды сәт сайын қабылдап, олардың өтініш-тілектеріне ұдайы құлақ түріп отырады. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үймен қамтамасыз етуді өтінеді. Осы өтініштерді ескерген аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың тапсырмасымен аудан орталығынан 5 қабатты 80 пәтерлік үйдің іргетасы қалануда. Бұл игі бастама өз мәресіне жеткенде аудан тұрғындарының қуанышында шек болмайтыны айтпаса да белгілі. Өңір басшылары бұл баянды бастамамен ғана шектеліп қалған жоқ. Ескі дәстүрді қайта жаңғыртып, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында әрбір округте аз қамтылған, жағдайы төмен жанұяларға тегін үй салып беруді қолға алды. Бұл жұмыстарға ауыл халқы да белсене атсалысуда. Соның нәтижесінде, былтыр 15 отбасы баспанаға ие болды. Ел бірлігінің арқасында іске асырылған жұмыс биыл да жүзеге асырылатын болады.
Ауылшаруашылығы алшаң басып, дәулеті тасыған аудан осы қарқынын жоғалтпаса, талай биік белестерді бағындыратыны сөзсіз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын, ағайын!
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.