Ағаш көшеттері отырғызылды
28 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Ғылымның тілін тапқан ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан небір кіл мықтылар да ұстаздан тәлім алған. Анығында, ұстаз деген аяулы есімді ардақтап өткен.
Ұстаз – шәкіртін адалдыққа баулушы, өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себуші, жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулитын ең жақын жанашыры әрі ақылшысы. Жан-Жак Руссоның сөзімен айтатын болсақ, «өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы».
Мен Қарақалпақ жерінде туып-өссем де, қазақ ортасында өмір сүруді, өз ана тілімде еркін сөйлеуді армандап, атамекенді сағынып өскен қазақтың қызы едім. Отаныма келу сағыныш, не арман болып қалар ма екен деп ойға батып жүргенімде, қазақ елі өз Тәуелсіздігін алып, шет жақтағы қандастар атамекенге ағыла бастады. Мен де үкілеген үмітімді жетектеп, қаншама жылдан бері аңсарыма айналған қазақ жеріне асықтым. Зымырап өткен уақытпен бірге аяулы арманым да орындалды.
Бүгінгі таңда алаштың аймаңдай ұлына айналған біртуар тұлға Шоқан Уәлихановтың есімі берілген киелі білім ордасында қызмет етіп, «Ұстаз» деген ұлы есімді арқалап жүрмін. Қазіргі таңда заман талабына сай біліммен қаруланған, үздіксіз ізденісте жүрген, жан-жақты дамып, оқушыларға біліммен қатар тәрбиенің тәлімін үйретіп жүрген мұғаліммін.
«Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім» деп Стронг айтқандай, мұғалімнің қоғамдағы орны ерек. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтындығы да белгілі. Сондықтан да, мұғалімнің телегей теңіз білімі оқушыларын үлкен жетістіктер мен биік армандарға жетелейді. Өзен өмір бақи қозғалыста болып, алға жылжумен өзінің тазалығын, мөлдірлігін сақтаса, мұғалім жетістігі де бір орында тұрып қалмай, үнемі ізденіс пен қозғалысты, үздіксіз дамуды қажет ететін мамандық.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Демек, қай елдің болсын, өркениетті қоғадма өзіндік орнын қалыптастыруы – білім саласына байланысты. Еліміз өркениетті елдер қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл – ұстаз еңбегінің ақталғаны. Мұғалімі қандай болса, қоғамда да сондай болмақ деген бұлжымас қағиданың ерте уақыттардың өзінде-ақ белгілі болды. «Ұстаз ойшыл болмаса, шәкірт ұшқыр болмайды» деген заңдылықты ұстана отырып, шығармашылыққа негізделген шыңдалған ой айту үшін өзіңнің өреңнің биік болу қажет екенін түсініп, іздене жүріп, жаңа дүниені, жаңа әдіс-тәсілдерді жатсынбай қабылдау керектігін мен де түйсіндім.
Десек те, өткен күндердегі іс-тәжірибеге көз жүгіртетін болсақ, бір-біріне ұқсамайтын білік пен білімнің болғанын байқаймыз. Себебі, ғылымның дамуы, білім мазмұнының өзгеруі – заман талабы. Қоғамға сай оқушы талғамы да үнемі өзгеру үстінде. Сол себептен де, ең алдымен, жеке тұлға ретінде заман талабына сай ұстаз да біліммен қатар техниканы да жетік меңгеріп, жан-жақты болуы шарт.
Менің ойымша, қазіргі заман ұстаздары – рухани жағынан дамыған, педагогикалық құралдардың барлық түрін меңгерген білікті маман болуы тиіс. Өйткені, ХХІ ғасыр – ақпараттар ағыны көз ілеспес жылдамдықпен жүріп жатқан кезең. Ал осы заманға сай бәсекеге қабілетті, білімі мен дағдысы қалыптасқан, ойы ұшқыр, тәуелсіз ойлай алатын, жан-жақты қалыптасқан жас жеткіншектерді тәрбиелеу – білімді де білікті ұстаздардың міндеті.
Күлсін ИСАЕВА,
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.