БЕКЕТ АТАНЫҢ ҚҰС БОЛЫП ҰШУЫ

857 Views

Бекет баба Әлім ауылдарының ортасына келіп, бір ел ағасының үйіне ат басын тірейді. Сол үйде біраз ел ағалары жиналып отыр екен. Үстілеріне амандаса келген жолаушыдан жұрт: «Сен кімсің?» деп сұраса керек. Сонда Бекет ата: «Адаймын» депті. Сол жерде отырғандар: «Адайлар талай адамымызды өлтіріп, малымызды барымталаған. Әлі күнге дейін құн төлемей, теңдік бермей жүр еді. Сені Құдай өзі айдап келген шығар, қазір алып шығып, өлтіреміз» деп, бәрі үйден шығады. Далаға шыққан соң, Бекет ата әлгі ел ағасы ақсақалға: «Бәріміз де мұсылман баласымыз ғой. Сендер мені өлтірер болсаңдар, соңғы екі рәкат намазымды оқып алуға мұрсат беріңдер, сосын өлтіре беріңдер» деп өтініш білдіріпті. Кейбір тентектердің даурыққанына қарамай ел ағасы Бекеттің тілегін беріп: «Намазыңа рұқсат» дейді. Баба ауыл сыртындағы төбе басына шығып, оңаша тұрып оқығысы келетінін айтыпты. Төбенің етегінде қазықта арқандаулы тұрған атын көрсетіп: «Егер қашып кетеді десеңдер төбені айнала қоршап тұрыңдар. Тек менің намазымды бұза көрмеңдер» деп өтініпті. Ел ағасы оның бұл тілегіне қарсылық етпепті. Содан, Бекет ата төбе басына шығып, жайланып намазын оқуға кірісіпті. Ауыл адамдары төбені айнала қоршап алыпты. Бекет ата бір рәкат намазын оқып болып, екіншісіне кіріскен кезде төбені қоршап тұрған адамдардың бастары айналғандай болып, әркім тұрған жерлеріне отыра кетіп, қалгығандай болады. Біраз уақыттан кейін олар естерін жиып, көздерін ашып қараса, төбе басындағы Бекет ата зым-зия жоқ. Арқандаулы аты сол тұрған жерінде. Көкке ұшты ма, жерге сіңді ме, белгісіз…
Содан Әлімдер Бекетке намаз оқуға мұрсат берген кісіні ғайбаттап, боқтап: «Оның қашып кетуіне сен мүмкіндік бердің. Сол жерде-ақ өлтіріп тастау керек еді» десіпті. Ел ағасы: «Аты арқандаулы тұр ғой, жаяу қашып қайда кете қояды дейсің? Одан да жан жақты қарап тауып алайық!» депті. Содан жан -жаққа бөлініп, ауыл адамдары Бекетті іздеуге кірісіпті. Бірақ, тау-тасты, сай саланы, ой мен жыраларды түгел сүзіп, тінтіп қарағанмен аты табылмапты. Оны іздеушілердің бір тобы өрісте мал жайып жүрген қойшыға жолығып сұраса, қойшы: «Бейсеубет жүрген аттылы да, жаяу да адамды көргенім жоқ. Сендер «намаз оқыды» деген шамада бір алапат құйын ауылға қарай бет алды. Ойпырмай, мына құйын ауылға барып соқса, үйлерді жығып, елді әбігерге салады-ау» деп қарап тұрдым. Әлгі құйын ауылға жақындай бере өзінен өзі жоқ болып кетті. Бірақ, жоғарғы жағынан бір үлкен алақанат аққу ұшып шығып, тура түстікке қарай бағыт ап ұшып кетті. Әлгі аққу маған сол құйыннан бөлініп шыққандай болып көрінді» дейді.
Бекетті сарсылып іздеп таба алмаған адамдар ауылға қайтып келеді. Күн кешкіріп қалған мезгіл, жаяу адам мұнша ұзап кетуі мүмкін емес. Бұған айран — асыр болып, әңгімелері сан саққа кетіп жатқан адамдарға ел ағасы: «Ана арқандаулы тұрған атына барайық» деп Бекеттің қазықтаулы атына келіпті. Арқан байланған қазықты жерден суырып алса, қазық сом алтыннан соғылған екен. Оның құны қарайған ауылдың барлық малының құнына татырлық. Аттың ерінің басындағы қоржынды ақтарып қараса, ішінен қымбат матадан тігілген бірнеше шапан шығыпты. Сол жерде үлкен бір қария тұрып: «Оу, жамағат, бұл келген тегін адам болмады. «Адаймын» деді ғой, мен білсем, бұл келген Адайдың Бекеті болды. Оның әулиешілігі туралы дақпырт әңгімелерді бәрің де естіп жүрсіңдер. Біз онымен әуелде жөн сөйлеспей, бекерге арандаған болдық. Мына алтын қазық, қоржындағы шапандары мен атын арқандаулы күйі тастап кетуі, оның әулиешілігінің кереметін сездіріп тұрғандай емес пе? Ол бізбен бітімге келгендей болды. Алтын қазық — өлген адамдардың құны, мына ат пен шапандар – ат-шапан айыбы болды. Біз оның жөн сөз айтуына мұрсат бермей, салған жерден өлтіреміз деп өрекпідік. Әлгі қойшы айтқан құйын Бекеттің құдыретін көзімізге көрсеткені емес пе? Бәріңнің бастарың айналып, естеріңнен танып жатқанда оның атына мініп кетуге толық мүмкіндігі болды, бірақ олай еткен жоқ қой. Бұл оның ақ ниетпен келгенінің белгісі емес пе? Құйын болып ауылды әуреге салса, қайсымыз не істей аламыз?Ар жағымыз бір туған ағайынбыз. Адайлармен арадағы жанжал бұдан былай тоқтатылып, қайтадан туысқандық қатынас жалғасын тапса дұрыс болар еді. Бекет те соны тілеп келгенін көрсетіп отыр деп білемін. Әруаққа шет болмаңдар, ақымақтың ісін істемеңдер, тоқтаңдар. Мен сендерден соны тілеймін» депті. Бұл сөзге қарсы дау айтушылар болмады. Бекеттің осы кереметі туралы әңгіме ауылдарға тез-ақ тарап «ағайын арасындағы қырғи қабақтық осыдан кейін сап тиылыпты» дейді үлкендер.
«Бекет ата үш рет ұшыпты» дейді Сарыбек әулие. Бекет атаның ұстазы әрі пірі Бақырғани дүниеден өтер алдында өз жолын ұстанған шәкірттеріне: «Менің Маңғыстаудағы жақсы көретін шәкіртім Бекет жеткенше жаназамды кідірте тұрыңдар. Күтіңдер! Бекет жаназама қалай да жетеді» деп өсиетін айтыпты. Ол кісінің жаназасы қайда, қашан болатыны оған аян арқылы берілсе керек. Сонымен пірдің жаназасына жиналғандар Бекетті күтеді. Олар тағатсызданып, оқтын-оқтын далаға шығып қарай береді. Адамдар арасында: «Маңғыстаудан ол келгенше күтіп тұра береміз бе? Мүмкін ол келмейтін де шығар. Қарайған жерден жаяулап қашан келетіні белгісіз ғой» деген күңкіл сөздер көбейе түседі. Бірақ, пірдің аманатына берік адамдар елді сабырға шақырыпты. Бір кезде даладан бір жігіт үйге жүгіріп кіріп: «Батыс жақтан алып қарақұс ұшып келе жатыр» деп хабар береді. Адамдар дүркірей далаға шықса, анадай жерде жаяулап Бекет келе жатады. Сөйтіп, Бекет жетісімен пірдің жаназа намазы оқылып, жерленіпті» дейді жұрт. Бұл Бекеттің ел арасында сақталып қалған ең алғашқы ұшуы екен. Екінші рет ұшқанын айттық. Енді оның үшінші рет ел көзінше ұшуы адайлар мен табындар арасындағы бір бәске байланысты болады.
Табын Барақ батырдың баласы Асау да ұшатын қасиетке ие болыпты. Бір үлкен жиында табындар адайлармен бәстесіп қалады. Сонда табындар жағынан сөз алған беделді біреу: «Әй, адайлар! Біздің Асаумен бәстесіп ұшатын адамдарың бар ма?» дейді. Сол жиынға Бекет те барған болатын, ол елінің намысы үшін ұшуға келісімін береді. Сөйтіп, «аға баласы» деп жол Асауға беріледі. Ол жерді теуіп-теуіп жіберіп, көкке қарақұс болып көтеріліп, ауыл төңірегін бір айналып келіп жерге түсіпті. Кезек Бекетке келіпті. Ол жиналған адамдардан оқшауырақ шығып барып жеті қадам жасап, көкке алақанат аққу болып көтеріліп, алдында Асау оралып қайтқан маңнан да асыңқырап барып кері оралғанда жиналып тұрған халық оның соңында ере ұшып келе жатқан 7 аққудың балапанын көріп, таң қалыпты. Содан: «Бекеттің қасиеті жеті ұрпағына жетеді екен» деген ел ішінде сөз қалыпты.

Ел аузынан жазылып алынған дереккөздер

бойынша материалды газетке даярлаған С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: