Абай – адамгершіліктің арнасы

616 Views

Қазақ халқының бағдаршамы, ұстанар темірқазығы – ғұлама Абай және оның ілімі. Он тоғызыншы ғасырда дүниеге келіп, өмір кешкеніне қарамастан, оның артында қалдырған әдеби мұрасының жиырма бірінші ғасырда ерекше өзектілік сипатқа ие болып, одан әрі келесі ұрпаққа жеткізудің жолында бүкіл тұтас бір мемлекеттің күш салуының құпиясы неде?
Хакім Абай философиялық трактат жазған жоқ, ғылыми еңбек те қалдырмады. Ал сонда оның феномені неде деген сұрақ туындауы заңды. Өйткені ол бүкіл адамзатқа тиесілі адами құндылықты айтып кетті. Қазақтың болмысын өзіне танытты. Оның өлеңдері мен ғақлияларын оқи не ести отырып, қынжыласың, ренжисің, бірақ мойындайсың, өйткені онда ащы шындық пен өмір ақиқаты жатыр. Бір халықтың өзіне ғана тән болмысы болады, сол болмыс уақыт тезіне төтеп беріп, ғасырдан ғасырға жалғасып кете барады екен. Міне, Абай осыны көре білді және соны басқаға көрсете білді. Сонымен қатар бір Жер ғаламшарында өмір сүріп жатқандықтан, бүкіл адамзатқа тұтастай ортақ қасиеттер де болары хақ. Абай оны да тани білді.
Әрбір тұлға өзін таныту үшін, мойындату үшін, адам деген абзал атқа иелік ету үшін адамзаттың бәріне ортақ құндылықтарды меңгергісі келеді екен. Адамды құрметтей білудің белгілері – адамға физикалық, моральдық зиян келтірмеу. Жас мөлшері, материалдық жағдайы, қандай дін ұстанатыны, жынысына қарамай, оған ізет көрсету құрметтің белгісі екен. Бұл Абайдың «толық адам» қағидатына да сәйкес келеді.
Адамзаттың қауіпсіз, емін-еркін өмір сүруі және қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін қажетті категорияның бірі және әдеп пен мораль нормаларының ажырамас бөлігі – әділдік. Ертеде философтар қоғамның жағдайын бағамдау мақсатында әділдікті негізгі санатқа жатқызған. Бұл мәселе хакім Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,
Және «Хақ жолы осы» деп әділетті, – дейді. Бүгін естіп, біліп жүргеніміздей, қазақ халқының бас ақынына дейін «Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп сүю және оған үндеу ешбір философ, ешбір ақын, ғұлама данышпандарда кездеспепті. Бұл жерде ойды тұжырымды жеткізу, бүкіл адамзат моралін жасап беру деген ұлылықтың белгісі болар.
Ал 45-ші қарасөзінде: «Бұлардың (махаббат пен әділеттің) керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі» дей отырып, адамзат тіршілік етіп жатқан ғаламның махаббат және әділет заңы арқылы басқарылып, реттелетінін айтады. Махаббат деген ұғым саналы тіршілік иесі – адамзат өмірінің ажырамас құрамдас бөлігі, мәні терең, мағынасы ауқымды философиялық ұғым. Оны екі адам арасындағы қарым-қатынасты реттеуші сезім деп қана қарау тым таяздықты танытады. Ол – адамның табиғатпен жарасымды өмір кешуінің кепілі. Махаббат та әділдікке жүгінеді.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және хақ жолы осы деп әділетті, – деген дана Абайдың артына қалдырған осы сөзі тек бір ғана қазақ ұлты үшін емес, бүкіл адамзаттың ұстанар темірқазығы, алтын арқауы іспеттес.
Ақын мұрасын оның туған күні немесе мерейтойы қарсаңында ғана кеңінен насихаттап, келесі бес жылдыққа дейін жылы жауып қою немесе есеп беру үшін үзіп-жұлып іс-шара өткізумен шектелу, ғұламаның болмысына терең бойлауға аздық етеді. Біздің заманымызға дейінгі 551 жылдары дүниеге келіп, өмір сүрген қытай халқының ойшылы Конфуцийдің айтқан ғұлама ойларын күні бүгінге дейін өз халқы идеология құралына айналдырып отыр.
Ал қазақ ойшылы – Абай Құнанбай­ұлының айтып кеткен келелі ойлары одан бірде-бір кем емес десек, артық болмас. Тек насихатталуы жетіспей жатыр. Оның өлеңдері немесе ғақлияларын жаттап алып, челлендж ұйымдастыру да дұрыс шығар. Дегенмен, онда айтылған ойды терең түсіну, түсіндіру ісі жолға қойылуы керек. Абайға терең бойлау үшін оның айтқандарын мен орындап отырмын ба, ол сынаған мінездер менің бойымда бар ма, одан қалай арыламын деп, ойланған жөн болар. Сонымен қатар оның ғұлама ойларын дипломатиялық салада басқа елге барып, еліміздің келелі мәселелерін шешуде дәйексөз ретінде қолданып отыратындай деңгейге жеткізсек қана бүкіл әлемге таныта аламыз және сол арқылы тани да аламыз. Сол себептен де Абайды таныдым ба, деген сұрақ әрқайсымыздың көкейімізде тұруы керек.

Ахмет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: