«Фотоэтюдтің» «фотоайғаққа» айналғаны…

455 Views

Мақаламызды бастамас бұрын мына бір сауалдарға жауап беріп көрейікші, ағайын. Осы «шындық» деген не өзі? Бүгінде оның өзіндік мәні қалды ма? Әй, қайдам?.. Сенімнен гөрі санада күмән басымырақ. Кейде маған осы бір сөз жай ғана жаттанды, шетке ысырылып қойылған керексіз дүниеге айналғандай сезіледі.
Дейтұрғанмен, соңғы жылдары біздің басылым шындықтың шырақшысы ретінде әр түрлі әлеуметтік мәселелер жайында сөз қозғап, газет бетіне сан түрлі сүйекті мақалалар жариялап келеді. Бүгінде біз сол дәстүрлі тірліктен айнымай, қос бірдей газет айдарының басын бір арнаға тоғыстырғалы отырмыз. Бәрі түсінікті болуы үшін мән-жайды басынан бастап баяндасақ…
Аудан орталығына іргелес жатқан Қарақат ауылына өз басым жиі барамын. Тау бөктерінде орналасқан ауылдың келбеті көз сүйсіндірмей қоймайды. Бұл – бір. Екіншіден, «Аудандағы барлық әлеуметтік мәселесі шешілген ауыл қайсы?» десек, ойланбастан Қарақат ауылын үлгі ретінде көрсетуге болады. Себебі, онда табиғи газ да, ауыз су да, теп-тегіс тақтайдай жол да бар. Жалпы бір сөзбен айтқанда, ауылға қатысты мәселелер кезек-кезегімен ше­шіліп келеді.
Жоғары да ауылдың тұмса таби­ғаты тамсандырады де­дік қой! Әсіресе, ауылдың кіре­берісіне 2018 жылы мектеп түлектері орнатқан «Бәйтерек» монументінің кішірек көшірмесі ерекше сән беріп тұр. Бірде осы бір көріністі таспаға басып алу үшін арнайы тоқтап, түсіріп алуды жөн көрдім. Бар ойым – газетіміздегі «Фотоэтюд» айдарына материал табу. Фото­аппарат объективін дұрыстап, өзіме ұнаған ракурстан суретті басып алдым. Шыны керек, аспанмен таласқан биік таулар, монумент жанында жайылған жылқылар суретке ерекше шынайылық сыйлады. Бірақ, сол шынайылық артқа қарай бірнеше қадам жасағаннан-ақ су сепкендей басылды. Сенесіз бе, құдды бір, бірінші әлемнен екіншісіне түскендей болдым…
Өкінішке орай, ауыл тұр­ғындары ескерткіш маңын әрмен қарай дамытып әрлендірудің орнына оның маңына қоқыс тастап, табиғатты ластауға ерік беріпті. Әр түрлі полиэтиленді пакеттер, пластикалық құтылар, өзге де қажетсіз тұрмыстық заттар тура ауылдың кіреберісінде бейберекет шашылып жатыр екен. Көңіліміз құлазығаны сон­шалық жұмысымызға үн-жырғамыз түсіп, қайта орал­дық. Бәрін айт та, бірін айт, осылайша «фотоэтюд ретінде жариялаймыз» деген дүниеміз әп сәтте «фотоайғақ» айдарына айнала кетті.
Әлем ғалымдарының пайым­дауынша, 2050 жылға қарай жердегі тұрмыстық қал­дықтардың мөлшері 70 пайызды құрап, 3,4 млрд тоннаға жетуі бек мүмкін екен. Егер де біз қоқыс тастау, іріктеу мәдениетін үйренбесек, Жер ғаламшары үлкен қоқыс полигонына айналмасына кім кепіл?! Осы ретте «Ол үшін не істеу қажет?» деген заңды сауал туындайды. Жауап қарапайым. Әрине, ол үшін әрбір адам экологиялық тазалықты өз ауласынан, өз ауылынан бастауы қажет. Сонда ғана біз туып өскен елді мекенімізді табиғи апаттан қорғай аламыз.
P.S: Қарақатта орын алған бұл жағдай ауданымыздағы әрбір елді мекенде кездеседі. Сондықтан да аса құрметті аудан тұрғындары, ауылдық округ әкімдері, тазалыққа қатысы бар мамандар осы бір олқылықтарды жуық арада ретке келтіреді деген үміттеміз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: