Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
24 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
«Ұлт саналы болса – бақытты, ал санасыз болса – сор» деген Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлағатты сөзіне ешкім де дау айта қоймас, сірә. Ұлт қамын қара басынан биік қойған Шәкәрім атамыздың осынау дана сөзі жаңартылған жасампаз қоғамда да маңызын жоймай келуінің де өзіндік себебі бар деп түйген жөн. Өйткені, жер бетінде ұлттың ұлт болып қалыптасуы саналы ұрпақтың өрісінде жатыр. Жас ұрпақтың санасы көксеген сайын, ұлтымыздың ұлылығы ұлықтай түсетіні тағы бар. Енді өскелең ұрпақтың саналы да білімді болуына кімдер жауапты дегенге келсек, біріншіден, ұлағатты ұстаздар қауымын тілге тиек етер едік. Неге? деген сауалға сан түрлі жауаптарды тізуге болар еді. Дегенмен, Ыбырай Алтынсариннен асып қайда барамыз. Сондықтан Алтынсариннің алтыннан да қымбат құнды сөзінен артық пікірді білдіре алмасымызды білдік. Ол «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені — мұғалім мектептің жүрегі» деген. Бұл сөзден асырып бірдеңе айту мүмкін емес енді.
Жоспар айқын, тек жұмыс атқару маңызды
Кеше Құлан агротехникалық жоғары колледжінің мәжіліс залында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ұлағатты ұстаздардың пленарлық мәжілісі – Тамыз кеңесі өтіп, оның тақырыбы «Білім мен ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» деген тақырыпқа арналды. Елімізді ғана емес, күллі әлемді әбігерге салған пандемияға байланысты жиналысқа жылдағыдай педагог қауымының барлығы шақырылмады. Мектеп директорлары мен былтырғы оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен мұғалімдер ғана қатысты пленарлық кеңеске. Қалған ұстаздар жиналысты онлайн режимде бақылап отырды. Келелі жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов арнайы келіп қатысты. Жиын барысында алдымен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сөз сөйлеп, білім саласында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. Содан соң аймақ басшысының орынбасары Нұржан Молдиярұлы да өз ойын ортаға салып, облыс бойынша бұл салаға қыруар қаражат бөлініп отырғанын айтты. Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова мінбеге көтеріліп, мазмұнды баяндама жасады. Ауданның бас педагогы өз баяндамасында:
– Жылдағы өткізілетін дәстүрлі тамыз кеңесінің ұстаздар қауымы үшін алар орны ерекше. Себебі кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындысы сараланып, жаңа оқу жылының мақсат-міндеттері айқындалады.Т.Рысқұлов ауданының білім бөлімінің жүйесінде 38 мектеп (28 орта, 2 негізгі, 8 бастауыш), 24 балабақша, 5 қосымша білім беру мекемесі және 1 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті балаларға тәрбие мен білім береді. 2021 жылы ауданның білім беру саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 12 млрд 42 млн 326 мың теңгені құрады. Ю.Гагарин атындағы негізгі мектептің спорт залының құрылысына 136 млн. 300 мың теңге, М.Горький атындағы орта мектептің қазандығын газға қосу жұмыстарына 32 млн. 704 мың теңге қарастырылып, тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауыл мектептерін жаңа модификациялармен жарақтандыру бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында №1 мектеп-лицейі, Ә.Бөкейханов, Б.Момышұлы, Ш.Уәлиханов, Ақтоған шағын орталықты орта мектептері жаңа үлгідегі физика, химия, биология (сомасы 129 млн. 415 мың) кабинеттерімен қамтамасыз етілетін болады, – деді.
Содан соң Майра Айдарбекқызының баяндамада айтылған сөздері төмендегідей өрбіді.
«Дәстүрлі білім беру жүйесінен жаңа форматта жұмыс жасауға көшу қажеттілігі туындаған кезеңде барша ұстаздар қауымының алдына жаңа мақсат пен міндеттер қойылды. Білім беру ұйымдары қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, оқытуды сапалы ұйымдастырудың жолдарын іздестірді. Барлық мұғалімдер жаңаша дағдылар мен талаптарды, цифрлық сауаттылықты меңгеруге міндетті болды. Ең алдымен, мұғалімдердің ақпараттық құзыреттіліктерін дамыту үшін онлайн курстар, вебинарлар ұйымдастырылды. Педагогтерге қашықтан оқытуды ұйымдастыру және өз пәні бойынша білім контентін жасауда әдістемелік көмектер, ұсыныстар, кері байланыс беріліп отырды.
2020-2021 оқу жылында ауданымыздағы 22 мектеп дәстүрлі форматта, 16 мектеп қашықтан оқыту режимінде бастаса, ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш сыныптарға (1–4) арналған «кезекші сыныптар» іске қосылды. Сондай-ақ, қашықтан оқытудың тиімді жолдарын ұйымдастыру барысында аудандық әдістемелік кабинет «Назарбаев зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы «Педагогикалық шеберлік орталығы» мен «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесе отырып, аудандық 27 вебинар, 31 оқыту семинары, 13 семинар-тренинг, 5 тәжірибелік семинар ұйымдастырып, пән мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетті.
Қашықтан оқыту Kundelik.kz, BilimLand, Googlе Classroom (Гугл Классрум), «Daryn.on-line» т.б. платформалары және WhatsApp желісі арқылы жүзеге асырылды. Сонымен қатар, «Балапан» арнасындағы ТВ-сабақтар арқылы да балалар білім алды. Оқушылардың қажеттілігіне және мүмкіндіктеріне қарай ZOOM, Меет (Мит) платформалары арқылы онлайн сабақтар да жүргізілді.
Көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушыларға мектептегі компьютерлік техника таратылып берілді. Одан бөлек, республикалық, облыстық, аудандық бюджет есебінен аудан мектептеріндегі 1 660 отбасына компьютерлік техника және 458 роутерлермен қамтамасыз етілді, демеушілік көмектер ұйымдастырылды.
Осы орайда, қиын-қыстау кезеңде көмек қолын ұсынған меценаттарға, әлеуметтік серіктесіміз – аудандық кәсіподақ ұйымына осы жиынды пайдалана отырып, білім қызметкерлерінің атынан зор алғысымды білдіргім келеді. Біз ұйымшылдықпен жасалған жұмыс нәтижесінде қиындықтарды еңсере алдық.
Бүкіләлемдік пандемия бұған дейін онша таныс емес «Қашықтан оқыту», «Жазғы мектеп», «Цифрлы білім беру платформалардың мүмкіндігін пайдалану» сияқты жаңа дағдылар мен педагогикалық тәжірибені үйретті. Бұл білімнің өміршеңдігін, яғни «өмір бойы білім алу» қағидасын тағы бір рет дәлеледеп отыр.
Тәрбие мен білімнің алғашқы діңгегі мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде беріледі. Білім саласындағы өзгерістер тәрбие мен білімнің ерте жастан қалану керектігін көрсетіп отыр.
Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымның біріне айналды. Ендеше, мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру.
Бүгінгі күнде білім бөліміне қарасты 24 балабақша: мемлекеттік 14 балабақшада – 1 444 бүлдіршін (46,6%), жекеменшік 10 балабақшада – 1 131 (36,5%) бүлдіршін, мектеп жанындағы шағын орталықта 520 (16,8%) бүлдіршін тәрбиеленуде.
«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырмасын іске асыру» бағдарламасы бойынша 2021 жылғы 1-6 жас аралығындағы қамту үлесі 88,6% және 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үлесі 100% көрсеткішті құрады.
Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған келелі мәселе – білім беру, ғылымды дамыту, өркениет біткеннің өзегі, білім, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Осы ретте, ауданымыздың мұғалімдері өткен оқу жылында 68 педагог – облыстық, 21 педагог – республикалық шығармашылық байқаудың жүлдегері мен номинация иегері атанғанын айтуға болады. «Ең үздік авторлық бағдарлама» байқауының жүлдегерлері Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бердімбетова Гауһар Нұрғалиқызы, Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ахметова Елена Анатольевна, №2 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Қайпылдаев Ербол Талантұлы және республикалық «Ең үздік жыл психологі» байқауының жеңімпазы Ақтоған орта мектебінің психологі Смаилова Дәмира, сондай-ақ, облыстық байқаулардың жүлдегерлері Галина Диярова (Жамбыл орта мектебі), Жанар Серкебаева (№1 мектеп-лицейі), Ләззат Айдарова (№1 мектеп-лицейі), Әкежан Дәкен (№1 мектеп-лицейі), Гауһартас Тасқанбаева (Құлан мектеп-гимназиясы), Ерсая Шәкір (Құлан мектеп-гимназиясы), Фараби Арыстанбеков (Құлан мектеп-гимназиясы),Әйгерім Кәкенова (М.Горький орта мектебі), Гүлнар Рустембекова (Б.Момышұлы орта мектебі), Айкенже Баймахан (Ю.Гагарин негізгі мектебі), Айман Сұлтанбергенова (Құлан мектеп-гимназиясы), Абылайхан Тілеухандарды (Жамбыл орта мектебі) атап өткім келеді.
«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» демекші, бүгінгі жылдам дамып, өзгеріп отырған қоғам талаптарына сай, лайықты ұрпақ тәрбиелеу – парызымыз. Өткен оқу жылында оқушылар түрлі шығармашылық байқаулар мен олимпиадаларда оң нәтижелерге қол жеткізді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушыларының облыстық олимпиадасында 13 оқушы жүлдегер атанса, республикалық олимпиадада Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Әшімбай Диана өзін-өзі тану пәні бойынша І орынды, Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің 10 сынып оқушысы Горнухова Альбина қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ІІІ орынды иеленді. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектебі республикалық «Олимпиадаға дайындайтын 100 үздік мектеп» қатарына енді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың облыстық ғылыми жобалар жарысынан 13 оқушы жеңімпаз атанды.
Өткен оқу жылында оқушыларымыз білім сайыстарымен қатар, спорт саласында да бірқатар жетістіктерге жетті. 26 оқушы республикалық, 37 оқушы облыстық жарыстарда жүлделі орындарды иеленді.
Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білім мен ғылымға қояр талап артып, педагогтарға артылар жүк еселене түсуде. Нағыз ұстаз – шәкірт жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Азаматтық болмысы, кәсіби біліктілігі осылай сомдалған маман ғана әлеуметтің әлеуетті шырақшысына айналып, адами капиталды дамытуға сүбелі үлес қоса алады».
Сондай-ақ, бұл жиында «Назарбаев зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының директоры А.Нарегеева «Мұғалімді дамыту — білім берудің стратегиялық ресурсы», Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің директоры А.Стыбаева «Білімді ұрпақ – болашақтың тірегі», Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі С.Кенжебаева «Пандемия кезіндегі білім алудың ерекшеліктері», «Балапан» бөбекжай-бақшасының әдіскері С.Ағыбаева «Мектепке дейінгі білім беру: өзгерістер жолында», №1 мектеп-лицейдің ата-анасы А.Қонысбаева «Оқыту мен тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі, мектеп пен ата-ананың өзара қарым-қатынасы», аудандық полиция бөлімінің ЖПҚ-нің бастығы, полиция капитаны А.Мамытбеков «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар және олардың алдын алу шаралары» деген тақырыпта баяндама жасады.
Ұстазым ұлық бәрінен
Жиын соңында Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Инна Демченко, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Шолпан Айылшаева, Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Феруза Акбузауова, №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Сариева және Максим Горький атындағы орта мектептің химия пәнінің мұғалімі Айгерім Какенова ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталса, дәл осы министрліктің Алғыс хатымен білім саласында еселі еңбек етіп келе жатқан Жамбыл атындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Күнсұлу Фрунзебаева, Құлан мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Нұрбану Құрманалиева, Юрий Гагарин атындағы негізгі мектептің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Ақбота Қожамқұлова, Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Мәулен Қыпшақбай және Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Нұрбек Амантай марапатталды. Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Ақыртөбе орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлсара Рахатова наградталса, ал Максим Горький атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жанар Скендирова, №1 мектеп-лицейінің физика пәнінің мұғалімі Айгүл Қаптағаева, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Жанболат Алашов және № 5 шағын орталықты орта мектебінің кітапхана меңгерушісі Нұргүл Мамытоваға Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасы табыс етілді. Ал аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі Эльзат Тілеубаева, Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ербол Барманқұлов, Максим Горький атындағы орта мектептің психологы Гүлбану Муленбаева, Бірлес шағын орталықты орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жұлдыз Досыбаева және Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Айгерім Рахманберген облыстық білім басқармасының Алғыс хатына ие болды. Құлан мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фараби Арыстанбеков, Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Алтынай Тоғызбаева, Абай атындағы шағын орталықты орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Айгүл Найзабекова аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Одан өзге аудандық білім бөліміне қарасты білім мекемелерінің арасында 2020-2021 оқу жылында оқу-тәрбие үрдісінде жоғары көрсеткіш көрсетіп, ауданымызды өткен оқу жылында 11-ші орыннан үздік 3 ауданның қатарына қосқан білім мекемелеріне де бағалы сыйлықтың сертификаты табыс етілгенін атап өтейік. Олардың қатарында Абай, Жамбыл, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Бауыржан Момышұлы, Қызылпан Сұлтанбеков, Максим Горький, Өнер және Болтай батыр атындағы орта мектеп ұжымдары мен «Балдырған» бөбекжай-бақшасы бар. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов пен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов марапат иелеріне ізгі тілегін білдіріп, отбасыларына амандық, жұмыстарына табыс тіледі.
Тілші түйіні: Өз басым Ескендір Зұлқарнайынның айтқан мына бір сөзін жадымнан шығармаймын. Бірде одан: «Сен неге әкең Филипп патшаға қарағанда ұстазың Аристотельді көбірек құрмет тұтасың?» деп сұраған көрінеді. Сонда Ескендір: «Әкем Филипп менің тәнімді тәрбиелеп, Көктен жерге түсірді, ал ұстазым Аристотель болса, керісінше, менің жанымды тәрбиелеп, жерден Көкке көтерді» деп жауап қайырыпты. Қандай жауап десеңізші. Біздің бұнымен не айтқымыз келіп отыр дейсіз ғой? Қанша даттау айтып, жамандасақ та ұстаздың аты ұстаз. Себебі, ханды да, қараны да ұстаз оқытқан. Сондықтан әр мұғалім қашанда зор құрметке лайық деп білеміз.
Марат Диханбай.