Жолдаудың өзегі ‑ әлеуметтік мәселелер
Қазір әлем елдері үлкен сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Біздің пандемия жағдайында өмір сүріп жатқанымызға екі жылға аяқ басты. Қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал адамзат денсаулығына қатер төндіріп қана қоймай, экономиканың негізгі қозғаушы салаларын тоқыратып тастады десек, артық айтпаймыз. Себебі, адам – кез келген мемлекеттің негізгі капиталы. Сондықтан халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту – басты мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап беруінің мәні де осында.
Президент атап көрсеткендей, биыл еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Алайда бұл кезеңнің оңай болмайтыны айқын байқалуда. «Сондықтан, кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет», – деген Мемлекет басшысы әлемді жайлаған ауыр індеттің салдарынан елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғауға бағытталған бастамаларын жариялады. Оның ішінде халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауына негіз болатын шешім-жобалар да бар.
Жолдау жүктеген міндеттер шын мәнінде әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етері сөзсіз. Соның бірі – келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейтілетіні. Бұл әрине, қарапайым халық үшін оңтайлы шешім. Әйтсе де, жалақы мен зейнетақы өссе, аспандап шыға келетін азық-түлік пен қарапайым тұтыну заттарының бағасының өспеуін қадағалау керек деп есептеймін.
Тағы бір маңызды қадам – кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалақысын көтеру туралы шешім. Президент соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Соған байланысты Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Өз кезегінде еңбекшілердің айлығын арттырған жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық берілмекші.
Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды.
Жолдауда Президенттің келесі тоқталған мәселесі – зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударуға болатындығы. Сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат берілетін болады. Президенттің айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық таныту керек екеніне ерекше тоқталды. Ел өркендеуі үшін жасалған игілікті істер берекелі болсын!
Айнұр Баймұратова,
аудандық мәслихаттың депутаты,
аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының
төрайымы.