Арақатынасымыздың алтын көпірі

625 Views

ХХІ ғасырда тарихи уақыттың адам айтқысыз жылдамдықпен өтіп жатқаны ақиқат. Әлемдік қоғамдастықтың маңызды бір бөлігі ретінде Қазақстан да бұл үдерісті бастан өткеруде. Еліміз жан-жақты дамуымен, экономикасымен өзге дамыған елдерден әлемдік бәсекеде озық. Басқа елдермен қарым-қатынаста жылдан жылға ұлғаюда. Сол қатынастың бірден бір жалғаушы көпірі – тіл.
«Ұрпағы білімді халықтың бола­шағы бұлыңғыр болмайды» деген­дей, жас ұрпаққа саналы һәм мән-мағыналы өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Білім демекші, қазіргі жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны ерекше. Тіпті, Елбасымыз: – Әрбір қазақстандық үш тілді жетік меңгеруі керек. 2030 жылға дейін ағылшын тілін білетін тұрғындар саны біршама көбеюі керек, – деп айтқан еді. Қазіргі заманда ағылшын тілі жаһандық тіл. Қоғамның өзін ағылшын тілінсіз елестету мүмкін емес. Бүгінде мектеп қабырғасында оқитын оқушыларға 1 сыныптан бастап ағылшын тілін тереңдете оқыту міндет болып жүктелді. Бірақ та, соңғы кезде айналамызда «балаға ерте жастан шет тілдерін меңгеру қажет емес» деген пікір қызу талқылануда. Дегенмен, көптеген ата-ана баланың жарқын болашағы үшін дәл ағылшын тілінің қандай маңызы бар екенін ұға бермейді. Тіпті, көпшілік бұл пәндерге аса назар аудармайтынын да, мән беріп оқылмайтынын да мына көз шыққыр көріп жүр. Бұл менің ойымша өте қате пікір, қате ой.
Елбасымыз да ағылшын тілін меңгеруді, үйренуді болашақ ұрпаққа аса қажет деп санайды. Бұл туралы ол Қазақстан -2050 стратегиясында айтып өткен болатын. Себебі, еліміздің болашағы тікелей жас ұрпақтың қолында болғандықтан олардың сапалы білім алуы, әрдайым заманға сай болуын қалайды. Бұған нақты дәлел еліміздің беделді әрі сапалы білім беретін оқу орындарының көпшілігі шет тілдерін білуді талап етеді. Неге? Себебі, шет тілін оқу арқылы жаңа мүмкіндіктерге, жетістіктерге жетсін деген ойда әрине. Мысалы, дүниежүзілік аренада Қазақстанға ашқан мүмкіндіктері мен пайда әкелген тұстарын қарапайым үлгілермен көрсетсек: біз аудармашылардың жұмысының нәтижесінде шетелдің киносын көреміз, кітабын оқимыз, күнделікті өмірде құрал-жабдығын, гаджетін қолданамыз.Айта берсең, ауыз айтып тауыспас. Егер де тіл білмей, өзге елдермен қатынас орнатпағанда бұлардың бірі де болмас па еді деп ойлаймын кейде…
Жоғарыда аталған мысалдардың барлығы өз ана тіліміздің шет тілдерінен төмендігін білдірмейді, керісінше өз еліңді, жеріңді басқа жұртқа танытып,болашағыңның жарқындығы мен мүмкіндіктерге толы болуы үшін бір емес, жеті тіл білгенде артық емес деп ойлаймын жеке басым. Әйтпесе, ана тіліміз-қазақ тілінің жүректен алар орны мен дәрежесі қашан да биік тұрады емес пе?
PS: Өзеннің ағысындай зымырап өтіп жатқан уақытта білім мен ғылымда зымырап дамуда.Заман адамды емес, адам заманды өзгертеді. Бүгінгі шыққан дүние ертең-ақ ескіреді, артта қалады.Сондықтан, балаңызға әрқашанда жаңа дүниелерге үйренуге, білім алуға талпындырыңыз. Талпыну, шапшаңдық қазіргі заманның та­лабы. Ертеңгі Қазақстан болашағы қазіргі бүлдіршіндердің қолында. Өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесінің іргетасы дұрыс қа­лан­са қазағымыздың көк туы ашық аспанда мәңгі желбіреп тұратынына күмәнім жоқ.

Ақбота Аманбай.

Поделиться ссылкой: