АЗАТТЫҚ ТУЫН КӨТЕРІП
Тұрар Рысқұлов аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» мен «Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына» орай ұйымдастырып отырған «Үздік мақала», «Үздік өлең» байқауына
Тәуелсіздік біздің асыл мұраттарымыздың бірі болған соң ба, мен өзі «Отан» деген ұғымға өзгеше қараймын. Өйткені осы сөздің астарында біздің бар болмысымыз, айпара асыл қасиеттеріміз жатқанын іштей сезінемін. Қыз бала болған соң ба, ішкі түйсігімізді сыртқа жария етіп айтуға қазақи жаратылысымыз, әдептен озбау туралы түсінік, пайымымыз жібермейтін сияқты. Әйтпесе, әйел адам болған соң өкіметтің саясатына араласпай, отбасы, ошақ қасында жүре берер ме едік, қайтер едік… Осы Желтоқсан көтерілісі болмаса…
Бұл өзі қарағай басын шортан шалған күн болды. 1986 жылы мен Ф.И.Чайковский атындағы музыка училищесінің домбыра класының екінші курсында оқитынмын. Ал, бір бөлмеде бірге тұратын Ләззат Асанова бірінші курстағы қобыз класында оқитын еді. 16-шы желтоқсан күні біз филармонияда концерт қойып, жатақханаға кеш қайттық. Келсек, жатақхана маңы абыр-сабыр. Жұрттың үрейге толы жүздерінен бір «пәленің» болғанын сезіп, жөн сұрастық. Орталық алаңда болған оқиғаны ести сала бәрін ұмыттық. Сол кеште басқа жатақханалардан жиналған жастарға еріп бейбіт шеруге шықтық. Шәмші Қалдаяқов ағамыздың «Менің Қазақстаным» әнін айтып, алаңға бардық. Жәй барған жоқпыз, азаттықтың ақ туын желбірете ұстап, Қонаевтай асылзадамызды орнынан алғанына күйініп: «Қазақ еліне қазақ басшы керек. Колбиннің бізге керегі жоқ!» деп ұран тастадық. Алаңға жиналған жастардың барлығының мақсат-мүддесі осы еді, бәріміздің ойымыз бір жерден шықты. Бұл кеш тыныш өтті. Ертеңіне, яғни 17-ші желтоқсан күні Ләззат бәріміз, бүкіл курстастарымызбен бірге, тағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің студенттері бар алаңға шықтық. Олардың ішінде менің жігітім Әлімжан Айымбеков те бар болатын.
Айтуға аузым бармайды…қанды қырғын дәл осы күні басталды. Қалың нөпірге тап берген, қолына дойыр ұстаған солдаттар кейін шегінгенде байқадық, бір қыз алаңда ес-түссіз жатыр екен. Бір жігіт жан дауысы шыға: «Көрдіңдер ме, мыналарды… өлтіріп кетіпті» деп айқай салды. Осы айқай талай жастың жүрегіне оқтай қадалды. Алаңдағы жастардың толқуы күшейе түсті. Сонда да қолында түгі жоқ тобыр автоматпен, дойыр мен күрекпен мұздай қаруланған арнайы жасаққа қарсы тұра ұмтылды. Олардың жүздеріндегі ашу мен ыза нені болса да жеңетін сияқты көрінді маған. Мен әсіресе, қазақ қыздарының өжеттігіне таң қалдым. Олар қолына түскен затпен солдаттарды атқылап жатты. Осындай аласапыран үстінде біз Ләззатты жоғалтып алдық. Бірақ біз таң атқанша алаңнан кетпей шырша жағып, мұз үстінде азаттық әнін айтып, жұбымызды жазбай отыра бердік.
Таң бозынан БТР-лар мен өрт сөндіргіш машиналар келіп тып-тыныш жатқан Сәтбаев алаңын дүр сілкіндірді. Бірақ біз ешнәрседен де қорыққан жоқпыз. Қыстың аязы бетімізді қарып, желтоқсан желі өңменімізден өтіп бара жатса да алған бетімізден қайтпадық. Шынымды айтсам, сирақтан өткен суық пен ызғар жастардың жігерін жасыта алмады. Бірақ колбиншіл жендеттер көтерілісшілерге қарсы оқ атып, дүние астаң-кестең болып кетті. Алаңдағы жастар сеңдей соғылысып, бірде оң жақ қапталға, бірде сол жаққа қарай қашып-пұшып жүріп, жатақханаға шығатын саңлау іздедік. Алаң қанға боялды, аппақ қардан алақанға ұстайтын жұқана да қалмады. Алаң көк мұзға айналды. Біз өліп-талып жатақханаға жеттік.Алайда, сол күннен бастап жатақхана жабылды. Біз енді көшеге нан алуға ғана шығатын болдық.
Ләззат 17-сі, 18-і, тіпті 19-ы күндері де келген жоқ. Айнала төңіректі түгел солдаттар қоршап алған. Енді аңду, қудалау деген пәле басталды. Ләззат арада үш күн өткенде барып түрі құп-қу болып бөлмеге кіріп келді. Біздің: «Қайда болдың?» деген сауалымызға жауап та қатқан жоқ, жатып қалды. 21 күні ымырт жабылып, іңір қараңғылығы түсіп келе жатқанда оның бесінші қабатта тұрғанын бәріміз көзімізбен көрдік. Менің қарауға дәтім шыдамады. Ол осылайша бесінші қабаттан секіріп кетті…
Мен де, Әлімжан да Ләззаттың 87 адаммен бірге Қазақ КСР ҚК-нің 65-ші бабымен айып тағылып, тергеу изоляторына қамалғанын, сөйтіп, үш тәулік бойы азаптау көргенін білген жоқпыз. Оның мәйітін ҰҚК қызметкерлері мен милиционерлер 24-ші желтоқсан күні Талдықорған облысының Панфилов ауданына қарасты Ақжазық (қазіргі Айдарлы) ауылына апарып жерледі. Сонда Ләззат Асанова құрбым тергеуге түскенде өзімен бірге алаңда болған біздерді аузына да алмай, бәрін өз мойнына алыпты. Сонда оның бізді сатпағаны ғой. Мен кейін Жомарт деген жігіт екеуіміз Ақжазыққа барып, Ләззаттың анасы Алтынайға көңіл айттық. Асыл құрбымның қабіріне топырақ салып, оның рухына құран бағыштап қайттым. Алматыға қайтып келгенде барып құрбымның азаттық үшін шыбын жанын қиғанына көзім жетті. Бәлкім оны тергеуге алғандар зорлауы да мүмкін ғой. Әйтпесе, он сегізде бір гүлі ашылмаған өрімдей қыз өмірін өлімге қалай қияды, десеңізші?
Алтынай Асанова 1997 жылға дейін қызын ақтап алуға жанталасты. «Ана тілі» газетінің: «Ләззат Асанова көтеріліске қатысқан жоқ» деген мақаласы жалған болып шықты. Желтоқсан көтерілісі кезіндегі жастардың, әсіресе, қазақ қыздарының ерлігі тарих бетінен өшпестей орын алды. Ләззаттың анасы қызының «Халық қаһарманы» атағына ұсынылғанын естіп: «Қызымның қандай ерлік жасағанын білмеймін, бірақ оның өжет екендігіне ешқандай күмән келтірмеймін» деп еді.
Осы Желтоқсан туралы шындықты осы уақытқа дейін дүйім жұртқа жайып, айтып көрген жан емеспін. Мен желтоқсан оқиғасына бірге қатысқан Әлімжанға тұрмысқа шықтым. Өзім Өскеменнің қызымын. Қазір балалы-шағалымын, күйеуіміз екеуіміз Көгершін ауылында тұрамыз. Әлімжан Айымбеков Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, өзім сияқты ұстаз. Бірақ, біз екеуіміз туралы және Ләззат Асанова туралы шындықты журналист Сейсен Қожеке ағамыз жарыққа шығарғанға дейін бізді ешкім – «желтоқсаншы» деп атап, көтерілісшілер қатарына қосқан жоқ. Ауданда «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы 2015 жылы құрылыпты. Оның құрамында 11-ақ адам бар көрінеді. Өкінішке орай, олардың қатары әлдеқайда көп екеніне күмәнім жоқ. Осы туралы мұғалімдер кәсіподағы аудандық комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова 2015 жылы желтоқсаншылармен өткізген кездесуінде Тұрар Рысқұлов ауданының өзінде желтоқсанға қатысқан 196 адамның бар екенін айтып еді. Студент жастар тұңғыш рет отарлаушылық саясатқа қарсы шықты. Сонда олар Қазақ елінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін алаңға шықты. Өрнектік ұстаз Гагарин Аманқұлов, көкдөнендік Гүлжан Бесбаева, жаңатұрмыстық Жанар Байбатшаевалар колбиншіл жендеттерге қасқайып қарсы тұрды. Қандыкөз колбиншілер Жанардың маңдайындағы шашын қырып алып тастап, жұрттың алдына алып шығып масқара етті. Қамауға алып, азаптады, бірақ өжет қыз сынған жоқ. Қазір ол Түркияда. Осы кездесуге «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтың әпкесі Гүлнәр Рысқұлбекова келіп қатысқан. Ол кісінің жанары жасқа толып тұрып айтқан сөзі әлі есімде. Ол: «Қайратым өрімдей жас еді, қыршындай 21 жасында дүниеден өтті. Оның өжеттігі, қайтпас қайсарлығы талай қазақ баласына рух береді деп ойлаймын» деп еді. Иә, 1991 жылы 12 желтоқсанда Елбасымыздың Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды ақтау туралы Жарлығы шықты. Міне, содан бері де арада 30 жыл өтті. Ал, биыл Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығын еліміз Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуымен қатар атап өткелі отыр.
Иә, елімізде Кенесары Қасымов, Аманкелді Иманов, Бекболат Әшекеев, Ақкөз батыр Қосанов бастаған көтерілістер болғанын білеміз. Тарихшылар осылардың бәрін ешкімнен қаймықпай: «Ұлт-азаттық көтерілісі» деп атады. Бірақ, 1986 жылғы декабрьде (16,17,18) болған Желтоқсан көтерілісін олардың қатарына жатқызбай отыр. Сол күні жастар алаңға шықпаса – Алматыда көтеріліс болар ма еді. К.Тәбеев жазғандай, 600 боздағымыз із-түзсіз жоғалып кетер ме еді? Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілер ме еді? Олардың бәрі ұлтының азаттығы үшін шыбын жанын қиды емес пе? Ендеше бұл көтерілісті тарихта –Желтоқсандағы ұлт-азаттық қозғалысы деп неге атамасқа. Тағы бір мәселе, ол осы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан барлық аудандағы азаматтарды анықтау. Иә, желтоқсандықтардың басын қосып, оларға бағалы сыйлықтар беріп, марапаттап отыратын біздің мұғалімдер кәсіподағы аудандық комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратованың да осы іске қосып отырған үлесі зор. Ең бастысы, біз өсіп келе жатқан жас ұрпаққа осы желтоқсаншылар арқылы патриоттық тәрбие беруіміз керек. Оларды Отан сүюге, ата-баба аманатына адал болуға үйрету біздің азаматтық парызымыз деп білемін.
Гүлнәр Айымбекова,
аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының қосымша білім беру жөніндегі педагогы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталған, бірнеше дүркін республикалық байқаулардың жеңімпазы.