Тегінде тектілік тулаған

562 Views

Қазан айының бірінші жексенбісі – Ұстаздар күні

Алматыға аңсарымыз ауып, ҚАЗҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсуді армандап жүрген жасөспірім бозбала едік сол жылдары. Аудандық газетке шағын мақаламыз шықса, кәдімгідей қуанып қалатын шағымыз ғой. Мына жайтты өз басым ешқашан жадымнан шығармаймын. Шамасы, 7 сыныпта оқып жүрген кезім болуы керек, аудандық газетке жарияланған (мен үшін жағымды) мәнді мақала оқыдым. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектепке келіп, оқушылармен кездескені жөнінде жазылыпты мақалада. Бұл дегеніңіз – журфакқа оқуға түскісі келген жасөспірім бала үшін «Айға ұшқанмен» пара-пар ғой. Шындығын айтқанда, менің журфакқа оқуға түсуге бар ынта-ықыласымды аударған, өзінің көркем жазуымен стимул болған қаламгердің бірегейі – Әзілхан Нұршайықов еді. Мына сәйкестікке қараңызшы, атақты жазушымен кездесу ұйымдастырып, көптеген оқушының жазуға деген талпынысын арттырған азаматтың бірі, (кейіннен білдім) бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Әнуарбек Тұрманбетов екен. Көпшілігі бұл азаматты Оралбек деп те атайды. Ол Қазақстан Республикасының Оқу ісінің үздігі, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, (екінші атақты 2007 жылы алған) ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет және алғыс хатымен марапатталған. «Халық мұғалімі», «Тәуелсіздікке – 20 жыл», «Бейбітшілік әлемі», «Ұлт мақта­нышы» атты мадаль­дарды кеудесіне тақ­қан кәсіби деңгейі жоғары мұғалім. Был­тыр ауданның «Құрметті азаматы» атан­ды. Одан бөлек, аудан­ның «Құрметті ардагері», «Облысқа сі­ңірген еңбегі үшін» ме­далін иеленген білік­ті басшы. 2015 жылы республикалық «Үздік мектеп директоры» байқауында лауреат атанған. Оның өмірі мен қызметтік жолы «Қазақстанның Алтын» кітабына енген.
Әнуарбек ағайды мен осында қызметке келгелі бері танимын. Ол менің туысқаным, не болмаса «собственный танысым» емес. Білімді, қандай тақырыпта болмасын тілдесе қалсаңыз, көсіліп сөйлейді. Бәзбіреулер секілді былапыт сөз араластырып сөйлемейді әрине, дәйекпен, айтар ойын көркем тілмен жеткізеді. Яғни, қазақтың арғы-бергі тарихын жетер жеріне дейін оқып, зерттеп, зерделеп тастаған педагог қой, былайша айтқанда. Мақал-мәтелдердің ғой тегі, неше түрін жатқа біледі. Әр сөзі – мотивация. Мектеп басқарған, қазірде директор болып жүрген қаншама адамдармен тілдесіп те, көріп те жүрміз ғой. Солардың ішінде ділмәр сөзімен оябы бөлек ой айта білетін, көпшіліктің «Гу-гулетін» баса алатындары аз. Ал, мен білетін Әнуарбек Тұрманбетов кешегі алаш арыстарының тағылымынан тәбәрік алып, солардың ізгілікті жолын ұстанып, қанша жыл мектеп басқарса да, адалдықтан, турашылдықтан айнымаған, керек десеңіз, шындық үшін шыбын жанын қиюға дайын тұратын пайым-парасаты биік директор әрі ұлтын сүйген ұлағатты ұстаз.
Ол ең алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен ауыл мектебінен бастады. Сырттай оқу бітіргендердің көбісі «мықты педагог» болып алды ғой, қазір. Бірден айтайық, Әнуарбек Тұрманбетов «очный» оқу бітірген педагог. Ол Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. Мамандығы – тарих пәнінің мұғалімі. Содан ауылға келіп, мектепте 4 жыл жемісті қызмет етеді. Одан кейін Малдыбай 8 жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып 1 жыл еңбек етіп, Көкдөнен ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепке қызмет ауыстырады. Сенесіз бе, Әнуарбек ағай осы білім ошағында табаны күректей 25 жыл еңбек етіп, соның 13 жылында аталмыш мектепті басқарыпты. Басшы болу оңай шаруа емес. Бірақ, ол – директор бола жүріп, барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Негізінен, «ұнамаған адамын» әйтіп-бүйтіп жұмыстан шығару көп бастықтың қолынан келетін «шаруа» ғой қазір. Әнуарбек ағайда ондай қағида мүлде жоқ. Осы 13 жылда ешкімге зияны тимепті. Керісінше, ұжымдағы ұстаздарды жан-жақты болуға тәрбиелеп, олардың қызметте өсуіне барынша қолдау көрсетті. Мәселен, қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің директоры Айгүл Қасеналиеваның да іскерлігін бағалап, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары етіп қоюы да көрегенділік емес пе? Мұғалім болып жүрген Гүлнәр Жұмағұлованы да мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары етті. Ол әлі осы қызметті абыроймен атқарып келеді. Ол басқарған жылдары Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектеп аудандағы алдыңғы қатарлы білім ошағының санатына енді. Сол мектепті бітірген оқушылар, бүгінде танымалдылыққа ие. Мысалы, есім-сойы елге белгілі журналист, әріптесіміз Сәкен Сейтханов, осы күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы болып қызмет ететін Толқын Өмірбаева, Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаз болып жүрген Жақсылық Махамбетұлы секілді мектеп түлектері Әнуарбек ағайдың тәлімін алған шәкірттер. Негізінен, Көкдөнен ауылындағы мектептің ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есім-сойымен аталуына да қомақты күш салған Әнуарбек Тұрманбетов. Ол шығар күндей шындық енді.
2007 жылы Әнуарбек Мұхамбетұлы алғашқы еңбек жолын бастаған Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектепке директор болып ауысты. Сол жылы білім бөлімін басқарған Жұмакүл Бүкірова да оның тәжірибесі мен білімін ескерген болуы керек. Ол басшылық артқан сенімді ақтай білді де. Қызметі ауысты демесеңіз, кейіпкеріміз мұнда да ұстанған бағытынан айныған жоқ. Сөз басында тілге тиек еткен Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың қатысуымен өткен іс-шара осы жылдары болып тұр ғой, сонда. Одан кейін бұл мектепке сан мәрте бардық.
Профессор Тұрсынбек Кәкішев те Жақсылық ауылына келді. Сөз сөйлесе, жаңылмай, сағаттап пікір айтатын Тұрсынбек Кәкішевпен кездесу ұйымдастыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа, меніңше. Ол Әнуарбек ағайдың қолынан келді. Осыдан бірнеше жыл бұрын республикалық «Мектепке тағзым» атты акция ұйымдастырылып еді. Сонда Жақсылық ауылының ғана емес, күллі Алаш жұртының мақтаныштарына айналған ғалым, академик, алаштанушы, біз ҚАЗҰУ-да оқыған жылдары журфактың деканы болған Өмірхан Әбдиманұлы, екі бірдей Олимпиада ойындарында ел қоржынына жүлде салған даңқты боксшы (Атлантада қола, Сиднейде алтын) Ермахан Ибраимов, сол кезде «Инвесторлар Альянсының» президенті болған Азаматхан Әміртаев туған жерге келіп, оқушылармен кездескен болатын. «Оқушыларға стимул болсын деп» оларды елге шақырып, келелі кездесу ұйымдастырған дәл осы Әнуарбек Тұрманбетов болатын. Қазір осындай шаруа қай директордың қолынан келіп жатыр. Кешіріп қойыңыз, біз білмейді екенбіз.
Әнуарбек ағай Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектепте 11 жыл директор болыпты. Ол басқарған мектептің рейтингте алдыңғы қатардан түспейтіні белгілі. Әнуарбек Мұхамбетұлының басшылығымен Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектеп республикадағы үздік 100 мектептің қатарына 2 рет енді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден де аталмыш мектептің оқушылары ұдайы жоғары балл алып, рейтинг бойын­ша ауданда көш бастады. Жыл сайын жоғары оқу орындарына грантқа түсетін оқушылар саны артты. Бұл әрине, бірінші кезекте, іскер, білікті бас­шының, содан соң білімді әрі жан-жақ­ты педагогикалық ұжымның арқа­сы бол­са керек. Айтпақшы, 2011 жылдан бері Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектеп – Қазақстан педагогика академиясына мүше. Осы академияның мүшелігіне өткендердің алғашқы қатарында Әнуарбек Мұхамбетұлы да бар.
Әнуарбек ағай айтады: – Қазіргі директорлар көп жағдайда кадр таңдауда қателікке ұрынып жатады. Мен кеудемді мақтаныш кернеп айта аламын, ондай қателікке жол берген жоқпын. Дәлел десеңіз айтып берейін. Мәселен, Света Дабылтаева деген керемет педагог бар еді. Мен басшы болып барғанда ол жай мұғалім еді. Светаның қарым-қабілетін байқап, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары етіп қойдым. Қазір ол Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет етеді. Осындай мықты педагогтармен қоян-қолтық араласып, қызметтес болдық. Қайсыбірін айтайын. Жақында кітап оқып отырып, «Ақылды басшы таудан төмен аққан суларды өзіне жинап алатын өзен сияқты өзін қарамағындағылардан төмен қоюы керек» деген сөз оқыдым. Сенсең, Маратжан, менің қызметтегі ұстанымым осындай болды, – дейді.
Әнуарбек Тұрманбетов Құдай қосқан зайыбы Зәуреш апай екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Қызы Әсем ҚАЗҰУ-да дәріс береді, яғни оқытушы, сондай-ақ, ол – философия ғылымының кандидаты. Екінші қызы Әдемі болса, Алматы қаласында серіктестік директоры. Ал ұлы Нұржігіт болса, «Меди-Терра» орталығының эколог-инженері болып қызмет етеді. Нұрдос есімді ұлы ауылда мұғалім. Ол әке жолын ұстанған азамат.
Өмір болған соң, қуаныш пен қайғының да қатар жүруі заңды құбылыс қой. Әнуарбек ағайдың Олжас есімді ұлы өмірден өтіп кетті. Әйтпесе, ол да әкесі секілді мықты педагог еді. Амал қанша?.. Дегенмен, «Тірі адам тіршілігін жасайды» деген. «Ат тұяғын тай басар» дейді. Олжасының артында Аян есімді ұлы, Әйгерім есімді қызы қалды. Зайыбы Айгүл Жарылқасынова да білікті педагог. Ол қазір Максим Горький атындағы орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Қос немере де атасының қара шаңырағына ылғи келіп, ақ батасын алып жүр.
Жалпы, Әнуарбек ағайдың еңбек өтілі жиынтық санын есептегенде – 46 жыл екен. Соның 24 жылында басшы болыпты. Яғни, директор. Оны мақала барысында жаздық. «Кішіпейілдің абыройы асады, Тәкәппардың құты қашады» деген екен Ахмет Игінүки. Ұлағатты ұстаздың өмірде абыройы артып, қызметтік баспалдағы қанша дәуірлесе де, жақсы деген атқа лайық болды. Осы дәрежеге лайық қылған да адал әрі кішіпейіл қалпы шығар.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: