Қазыналы Қария
1 қазан ‑ Қарттар күні
немесе зілтемір көтеруден Қазақстанның он дүркін чемпионы болған ұлағатты ұстаз Әшімбай Әбдіхалықұлы туралы біз не білеміз?
Апыр-ай, көзі тірі кезінде ол кісінің осындай дардай атағы бар екенін білмегеніміз өкінішті-ақ. Әшекең өмірде балаға дауыс көтеріп көрмеген кісі. Өзі де томаға тұйық жүретін, тегі даңғазалық, жөн-жосықсыз сөйлеу – ол кісінің табиғатына мүлдем жат болатын. Не айтса да, нені түсіндіргісі келсе де жаймен, асықпай-аптықпай сөйлеуді жанына серік еткен, тегі қырық жылдан аса уақыт ұстаз болған соң ба, әдептен озбай, байыппен әрі өте мәдениетті сөйлеу оның керемет жақсы қасиеттерінің бірі еді.
Ол төрт сыныпты өзінің туған ауылы Тельманда (қазіргі Жақсылық ауылы), 9-10-шы сыныптарды Ақыртөбедегі орта мектеп жанындағы интернатта жүріп тауысты. Ұлы Отан соғысы басталатын кезде ауылына келіп егіс-трактор бригадасына есепші болып жұмысқа орналасқанда, Қызыр есімді бригадирдің қарамағында, кейін Социалистік Еңбек Ері атағын алған Кәрібай Абақов, Ленин орденді Бөтей, Садуақас ақсақалдармен үзеңгілес болды. Әшекең оқу бітіріп келген жылы ең алғашқы ұстаздық жолын Каменка орта мектебінде бастады. Сол жылдары Мақұлбек Сейпановпен бірге мектепте де, кейін жоғары оқу орнында да бірге оқыды. ҚазМУ-дің заң факультетінде оқып жүріп зілтемір көтеріп, Қазақстан чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Сол атақты он жыл бойы ешкімге берген жоқ.
Әшімбай Әбдіхалықұлы бес жыл Абайдағы орта мектепке, он жыл қатарымен Калинин орта мектебіне директор болды. Одан соң аудандық білім беру бөлімінде инспектор, жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып, 1992 жылы зейнет демалысына шықты. Каменкада (қазіргі Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп) жүргенде жас натуралистерді өсімдіктің биологиялық қасиеттерін меңгеруге баулып, 1954 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері көрмесіне апарып, Одақ бойынша бірінші орын алып қайтады. Ұлағатты ұстаз қай жерде жүрсе де шәкірттерін айналамызды қоршаған ортаны қорғауға шақырып, өзі ұстаздық еткен үш мектептің жанынан жеміс бауын ашып, соны оқушыларға баптатып, үлкен еңбек сіңірді. Қазір сол Абай, Ахмет Байтұрсынов, Бауыржан Момышұлы атындағы мектептер жанында Әшекең отырғызған баулар әлі бар. Қазақстан Халық Ағарту ісінің үздігі, білікті тәлімгер, ол кезде атақ қуған жоқ. Бүкіл саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнады. Ол орден алып, омырауын мемлекет наградаларына толтырмаса да, оның алған көптеген медальдары педагогтың қажымай-талмай еткен еңбегін паш етіп тұрғандай.
Әшімбай қария қазір арамызда жоқ. Ол өткен жылы 94-ке қараған жасында өмірден озды. Қазыналы қарттың артында Нұрлан Темірбеков сынды профессор, Гүлнұр Өмірбаева сияқты проректор шәкірттері бар. Олардың екеуі де ұстаздарын пір тұтады. Әшекең зейнетке шыққанда да үйінде қабырға күзетіп қарап жатпаушы еді. Осы «Луговойды абаттандырған Ташболат Байталиев» деген лебізді елдің аузынан жиі естимін. Бірақ жұрт Әшімбай ақсақалдың сол Байталиевпен бірге қатар жүріп, Құланның қай тұсына қандай ағаш отырғызу керектігін айтқанын біле ме екен? Құландықтар «Дендро» саябақты да «Нұралиев отырғызды» деп жүр. Ал, оның негізгі жобасын жасаған Ехмат Нұрахаев пен осы Әшімбай Әбдіхалықұлы екенін біле ме?…
Иә, «Артыңда мал қалмасын, тал қалсын» деген қанатты сөз осы Әшекең сияқты абыздарға арнайы айтылған ба деп қаласың? Әшімбай қария мен Несібелі жеңгеміздің артында бір қызы мен бес ұлы қалды. Берік пен Мәлігі Алматының Ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мәлік қазір Құлан агропаркінің бас агрономы. Ерлік, Сапарбек, Алмабек есімді ұлдары мен Балмира есімді қызы қазір тұрмыс құрып кеткен. Бәрі де қара шаңырақтың төңірегінде – Жақсылық ауылында тұрады. Әшекеңнің өзі көзі тірісінде көріп кеткен 13 шөбересі де осы ауылда.
Әшекеңнің отставкадағы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің капитаны екенін де көп ел біле бермейді. Шынын айту ләзім, ол кісі көп адамдар үшін құпиясы көп ғұмыр кешті. Бірақ, Отанына, Атамекеніне адал қызмет етті. Ауылдық кеңеске депутат болып та сайланды. Егер ол кісі тірі болғанда өзі аудан әкімінен сұрап алған 40 гектар жер теліміне питомник, яғни жеміс ағаштарын отырғызар ма еді, қайтер еді. Иә, Әшекең, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жасыл ел» бағдарламасына, жалпы Тұрар Рысқұлов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан қазыналы қартымыз еді. Енді ол кісі еңбек еткен үш мектепте оның есімі қалса дейміз. Мәселе мектепке ат беруде емес, тым болмаса өзі отырғызып кеткен бауға, жеміс бағына атын берсе нұр үстіне нұр болмай ма?Аудан орталығындағы спорт кешеніне сол кісінің атын берсе де болады ғой. Өйткені, ол кісі сияқты зілтемір көтеріп, он дүркін Қазақстан чемпионы атанған кім бар?
Суретте: қазыналы қария, Қазақстан Халық Ағарту ісінің үздігі, зілтемір көтеруден Қазақстанның он дүркін чемпионы Әшімбай Әбдіхалықов.