«Мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын»
Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл
Редакциядан: Орыс халқының ұлы жазушысы Федор Достаевский зиялыларды «аяғы жерге тигендер» мен «аяғы жерге тимей жүргендер» деп екі топқа бөліпті. Бұның мағынасын тәптіштеп жазудың еш қажеттігі бола қоймас деп ойлаймыз. Біздіңше, қазақ поэзиясына өзіндік леп әкелген ақиық ақын Мұқағали Мақатаев осының алғашқысының қатарына енеді.
Мына сөзге зер салыңызшы. Мұқаңның сөзі. «Ей безілдектер! Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды солар орнымызға қояды. Мен өзім жайында мынаны айтамын: Мен – XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтарының туысымын да…» Сұмдық қой, иә. Не деген көрегендік десеңізші.
Қазақ саһарасында небір талайды тамсандырған ақындар көп болған ғой. Десе де, қазақ поэзиясында қара өлеңнің өрелі өрнегін құйындай құлпыртқан бірегей ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың есімін солардың ішінен біз бөле жарып айтамыз. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп ақынның өзі де жырлайды емес пе? Мұқаң қара өлеңнің құдіретін сезінген дара талант. Оған ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Оның өлеңдерінде пафос сөздер мүлде жоқ. Сондықтан да ол – Мұқағали болып тарихта қалды.
Халыққа хат
Туған халқым!
Қатемді кешір менің?
Сенің арқаң сескенбей, есіргенім.
Егерде жырың болмай, ұрың болсам,
Алақанға саласың, несін мені.
Жоқ!
Менің жүрек емес төсімдегі,
Ол бір от сенің ұлы көшіңдегі.
Өзіңнің жандырғаның, өшіргенің,
Әзірге тастаған жоқ есім мені,
Уа, жұртым!
Кешір мені?
Кешір мені?
Зәредей қылығың жоқ мен сенбеген,
Жасудамын жаныммен көрсем деп ем.
Жасымнан жамандықты жеңсем деп ем,
Жасырмай бәрін айтып берсем деп ем.
Жамандық көре алмайсың сенсең менен
Өзіңнің қалыбыңмен өлшенген ем,
Аманат бір өзіңе өлсем денем.
Аманат бір өзіңе жырым — сырым,
Аманат Асан — жүрек жырым-жырым,
Жолсызбен жортамын деп,
Орта жолда
Жете алмай жетеріне жығылды ұлың,
О, менің
Желпілдеген туырлығым!
Желбіреп, жетіле бер Туың бүгін!
Ой-қырыңа мың сәлем мен көрмеген,
Шөлдер менен тауларға, көлдерменен.
Құмда отырған қойшының қараша үйін,
Қайсыбір сарайлардан кем көрмеп ем.
Жетім қалған қозыға жем берген ем…
Жетіліп, жетісіп ем сендерменен,
Кешір менің жанымды емделмеген?!
Самал сырын жеткізіп, бұлақ сөзін,
Болсам деп ем өзіңнің құлақ-көзің.
Бастап кетті басқаға шуақ-сезім,
Шуақ-сезім секірген лақ кезім.
Менде өзіңдей болмады тұрақ-төзім.
Heгe бұлай?
Білесің бірақ та өзің.
Несін білдім емірдің, несін көрдім?
Көз жазып қалмайын деп көшіңе ердім.
Туған ел, көз-жасы үшін кешір мені,
Кешегі жетімдер мен жесірлердің?
Ортасында өшу мен өсулердің,
Таяғын тарттым талай кесірлердің.
Туған ел, сол үшін де кешір мені!
Жаманың да болса егер жатсынбадым,
Мен жақсы көрдім, мені жатсынғанын.
Мен сеземін жаманың, жақсың барын,
Барлығы үшін, бәрібір, ақсын қаным.
Барымды ойымдағы тапсырмадым.
Бәрін де бір өзіңе аманаттап,
Кеудемде тыныш ұйықтап жатсын жаным.
Туған халқым!
Қатемді кешіре гөр?
Кешіре гөр?
Кеш қылмай несібе бер?
Ақынды ая?
Өмірге ақын бергін?
Көрікті болсын десең кешір егер.
Ал мені… Кешіре гөр?
Кешіре гөр!..
Жыл келді,
Жақсылықпен өтсе игі еді.
Жоғалып жамандықтар кетсе игі еді.
Аңсап жүрген, жете алмай шаршап жүрген,
Ақ қанат қуанышым
Жетсе игі еді!!!
Түйсік
Киген киім, асқа ырза күндегі ішкен,
Жалықтым-ау, осы бір күн көрістен.
Үмітім де үзіліп бара жатыр,
Мына құрғыр мандышай жүрген істен.
He боп барам осы мен күннен-күнге?!
Тіршіліктің мәнісі күн көру ме?!
Ұйықтап кетсем маужырап, қайтер едім,
Мандыта алмай ештеңе жүргенімде?!
Өмір өтіп барады ертеңменен,
Қайтем оны?!
Жанбаған, өртенбеген.
Өзімнен-өзім бүгін жеркенемін,
Өмірде еш нәрседен жеркенбеп ем.
Қараймын жеткеніме, өткеніме,
Өмірім осылайша кеткені ме?!
Алдыма ақ қағазды жайып қойып,
Пышырап құры отырмын текке, міне.
Жырым да, сырым менің кімге керек?
Болмады күткенімнен бір де дерек.
Жан таппай, жарық іздеп түнге қарай,
Мен-дағы отқа түскен бір көбелек…
Менің ғасырым
Кірпікке кір жуытпай, құндақтаған.
Мына өмір, мына дәуір қымбат маған.
Бұл ғасыр, сірә, менің жүрегім-ау,
Тынысын қыбыр етпей тыңдап бағам.
Бұл ғасыр – менің жүрек-сағатымдай,
Тамырым бірге онымен соғатындай.
Амалсыз, абайсызда қалғып кетсем,
Ғасырым бірге ұйықтап қалатындай.
Мына дәуір менікі, мына ғасыр,
Минут сайын керемет ұлан-асыр.
Мәңгілікке ғасырың бара жатса,
Бірге кетпей қалайша тұра аласың.
Тыным алмай тыңдаймын сырласымды,
Тынысын бағам…
Менен не сыр жасырды!?
…Сірә, біздің ұрпаққа қиын болар,
Мәңгілікке жөнелту бұл ғасырды…
(Біздің ұрпақ сол шақты көрер ме екен?.
Келер-кетер, ғасырлар келер-кетер.
Өзім жырлап қалайын ғасырымды,
Келер ұрпақ өзінше өлеңдетер…
Өледі кімдер, туады кімдер
Өледі кімдер, туады кімдер,
Батады күндер, шығады күндер.
Семеді гүлдер, өседі гүлдер,
Келеді күндер, көшеді күндер.
Өмірде қымбат асылдар – күндер,
Өмірде қилы ғасырлар – күндер.
Өмірге керек бақыттар – күндер,
Өткізген сәтті уақыттар – күндер.
Өмірдің мәңгі қосағы – күндер.
Өмірді мәңгі тосады – күндер.
Күндер…
Күндер…