Ауылдастарын қуантқан Қуандық
Журналист болған соң, ауылдарға жиі барамыз. Халықпен тілдесеміз дегендей. Шыны керек, бірі газдың жоқтығын, бірі ауыз судың жоқтығын, енді бірі мәдениет үйінің жоқтығын, кейбірі тіпті, спорт нысанының жоқтығына налып, бізге «ішкі мұңдарын» айтып жатады. Біз «Әкім» емеспіз. Қолымызда миллиондаған қаражат та жоқ. Дегенмен, қолдан келетін шаруа – жазу. Арыз емес, әрине. Мақала. Сол мақала арқылы мәселеге атқарушы билік өкілдерінің назарын аударту. Одан нәтиже шығып жатса, біз үшін соның өзі жеткілікті.
Ауылға жиі барамыз дедік. Осы Көкдөнен ауылына барсаңыз, көңіліңіз көншиді. Газ да бар, ауыз су да бар, мәдениет ошағы да бар, балалар бақшасы да бар. Медпункт те жаңа. Осыдан 3 жыл бұрын ба екен, балалар мен жасөспірімдерді еркін күреске баулу мақсатында ауылда тіпті, спорт ғимараты да ашылды. Әуелден бар ғимарат болған соң ба, ол тым жұпыны еді. Ауылда салынған ең алғашқы ғимараттың бірі ғой енді. Бұрын сельсовет болған. Жергілікті халық пен ауыл жастарының ұйымшылдығының арқасында ол нысан қайта қалпына келтіріліп, жөндеу көрді. Бұл жағдай аудан басшысына да жетіп, сосын ол ғимараттың шатырын ауыстыруға қаражат бөлді. Жақсы ғой. Қазір осы ғимаратта жаттықтырушы Мәди Самратбаев 60-қа жуық жас өскінге еркін күрестің қыр-сырын үйретуде. Көрсеткен нәтижесі де жақсы.
Жақында редакциямызға Мәди Самратбаев келді. Жүзінде қуаныш бар. Сұрадық. Болған жайды естіп, қуанып та қалдық. Қазір адам көп болғанымен, адамгершіліктің азайып кеткені жасырын емес қой. Осындай қиын жағдайда бар жауапкершілікті мойнына алып, жерлестеріне қаржылай көмек көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа болып тұр ғой, қазір. Ал «Астана-авто-строй» құрылыс компаниясы директорының орынбасары болып қызмет істейтін ауыл мектебінің түлегі, атымтай жомарт азамат Өтеғұлов Қуандық Махамбетұлы осындай қадамға барды. Ол №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы ретінде ашылған ауылдағы спорт нысанының сыртқы безендіру жұмыстарына 300 мың теңге қаражат бөліп, ауылдастарын қуантты. Бұл қаржыға олар спорт нысанының сыртқы келбетін безендірді. (Нақтысын айтқанда, ғимараттың сырты дождиктелді ). Ол жұмысты Ерқанат Абсалимов, Бекжан Есбергенов, Кенжебек Кенебаев, Еламан Сатыбалдиев есімді ауыл азматтары тегін істеген. Қандай ғажап, иә. Қазір біреу-біреуге ақысын жібермейтін заман емес пе?
Жаттықтырушы Мәдиден тәлім алатын Темірұлан Ақтанов, Нұрасыл Тұрбек, Шерхан Нұрахан секілді жасөспірім балуандар қазірдің өзінде республикалық жарыстарда жүлде алып жүр. Ашылғанына 3 жыл болды. Көрдіңіздер ғой, алды осындай жетістікке жетіп отыр. Әлгінде 60 бала қатысады дедік. Жас өскіндерге алаңсыз жаттығуға барлық жағдай жасалып отыр. Енді тек еңбектену керек. Болды. Басқа не сұрайсың.
Өтеғұлов Қуандық Махамбетұлына ауыл ақсақалдары да, жастар да, тіпті, балалар да риза. Өзге ауылдардың сыртта жүрген «қызметі бар, қаражаты бар» азаматтарына бұл игі іс әжептәуір үлгі. Қазақта осындай азаматтар көп болса екен. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген осындайда айтылса керек.
Марат Диханбай.