Ұлттың болашағы мен ертеңін бағамдайтын науқан

564 Views

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде жалпыұлттық халық санағы басталған болатын. Бұл халық санағы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өткізіліп отырған үшінші науқан.
Халық санағы – қоғамның әлеуметтік-демографиялық бейнесін бағалаудың құралы. Халық санағында сол аумақтағы халықтың саны, құрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жинақталады. Санақ қорытындылары бойынша халықтың табиғи және миграциялық қозғалысы нақтыланады. Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан Ұлттық халық санағының маңызы өте зор. Неге? Биылғы халық санағының ерекшелігі цифрлық технологияларды қолдануға басымдық берілген. Яғни, биылғы халық санағы пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта жүруде. Ал онлайн форматта сауалнамадан өздігінен өтпегендерге сұхбат алушылар келеді. Қазақстанда 1 қазаннан бастап Жалпыұлттық халық санағының аясында үйлерді аралау кезеңі басталып та кеткен. Үйлерді аралау 30 қазанға дейін жалғасатын болады. Осы бағыттағы жұмыстарға Т.Рысқұлов ауданы бойынша 78 интервьюер, 4 нұсқаушы, 11 нұсқаушы-бақылаушы тартылған. Бұл жайында толыққанды ақпаратты бізге Т.Рысқұлов аудандық Стастистика басқармасы басшысы Бақытжан Пірімқұлов баяндап берді. Баяндамашының айтуынша, дәл қазіргі таңда ауданда халық санағына тіркелген респондент саны 33 399 адамға жеткен. Яғни, соңғы есеп бойынша аудан халқын құрайтын 65 280 адамның 51,2% санақтан өткен деп топшылауға болады.
Бүгінде аудан халқын санақтан өтуге аудан жастары да шақыруда. Олар «Есіктен есікке» акциясын ұйымдастырып, 1000-ға жуық пайдалы ақпараттар жазылған үнпарақтарды таратқан. Сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен ауыл көшелерін және халық көп шоғырланатын орындарда аудан тұрғындарына халық санағының маңызы жөнінде толыққанды ақпараттар берілуде.
Жуырда аудандық Статистика басқармасының мамандары Көгершін ауылында тұратын 108 жастағы Шымырбаева Шарманкүл әженің шаңырағына арнайы барып, халық санағына қатысты жұмыстарды жүргізді. Бүгінде күміс алқа иегері Шарманкүл әжей 7 баласынан 36 немере, 99 шөбере, 35 шөпшек көріп отыр екен. Сондай-ақ, мекеме мамандары дәл сол күні Сәлімбай ауылында тұратын 3 қыз және 1 ұлынан 16 немере, 43 шөбере, 16 шөпшек көріп отырған 98 жастағы Ажаркүл Котырованың шаңырағына да барып, отбасы мүшелерін халық санағына тіркеді.
Ерекше атап өтетін жайт, санақтан өту барысында азамат өзімен бірге отбасы мүшелері үшін де санақ парақшасын толтыра алады. Яғни, sanaq.gov.kz сайтына бір рет қана тіркеліп, отбасы мүшелерін қамту мүмкіндігі қарастырылған. Санақ парақтарын толтыру басталған сәтте «Респондентті қосу» нұсқасы ұсынылады. Бірге тұратын туысыңыздың ЖСН-ін енгізген соң, жүйе оның толық аты-жөнін автоматты түрде шығарады. Бұл мүмкіндік арқылы санақ парақтарын толтыруға кететін уақытты айтарлықтай үнемдеуге болады.
Санақ нәтижелері үй шаруаларының жағдайын, неке-отбасы қатынастарын жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу, сондай-ақ білім беру, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша нақты шешімдер қабылдау үшін қажет.

Мөлдір Тастанбек,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Поделиться ссылкой: