Бас жүлде – Алтынкүл Қасымбекованың еншісінде

915 Views

АқсүйеК өнер – АЙТЫС

«Келші Құланға» атты облыстық ақындар айтысында 24 ақын бақ сынады

Өткен жұмада ел Тәуелсіздігінің – 30, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туылғанына – 175 жыл толуына орай Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың қолдауымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Келші Құланға» деген тақырыппен облыстық ақындар айтысын ұйымдастырды. Айтыскер ақын Әсет Дүйсебаев жүргізген аламан айтыстың шымылдығын аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сөз сөйлеп ашып берді. Ол өз сөзінде тәу етер Тәуелсіздігіміздің баға жетпес байлық екенін, сондай-ақ, жыр дүлділі Жамбыл Жабаевтың ұлттық өнерге қосқан еселі еңбегін айрықша атап өтіп, айтыскер ақындарға сәттілік тіледі.

Айтыс – қазақ халқының ұлттық өнері екені шығар күндей шындық, әрине. Дегенмен мына індет салдары ұлттық өнердің өрісті дамуына да шектеу қойғаны рас. «Ол мүлде болмайды» деген сөз емес. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, ел Үкіметі бекіткен карантиндік талаптардың ережесі солай еді. Алайда, жақында Үкімет карантиндік талаптарды жеңілдетіп, көпшілікке белгіленген қағиданы бұзбай, іс-шараларды өткізуге мүмкіндік бер­ді. Мінеки, сол талаптарды ескеріп, аудандық атқарушы билік өкілдері киелі Құлан жерінде ұлттық өнердің ұлықталуына себепші болып отыр.
Сонымен облыстық «Келші Құланға» атты айтысқа 24 ақын қатысты. Олар 9 сағат бойы елдің тәуел­сіздігін, Жамбыл Жабаевтың өмір жолы мен шығармашылығын, киелі Құлан жерінің тарихын, осы өлкеден шыққан елге танымал азаматтар мен азаматшалардың өнегелі істерін жыр­ға арқау етті. Мына нәрсені бірден атап өтейік, ақындар жұбын залда отыр­ған көрермендер таңдады. Қысқасы, қай ақынның бабы мықты, соның мерейі үстем боларын айтыс басталғаннан-ақ ұққандай болдық.
Көрермен таңдауымен алғашқы жұптың да есім-сойы белгілі болды. Олар тараздық Медеу Мырзатай мен байзақтық Ернұр Бейсенов. Екеуі де жалындап тұрған жастар. Әуелгі сөз қағыстарына қарап, жақсы айтыстың боларын болжап едік. Алайда, көпші­лік күткендей айтыс болмады. Біздіңше, бұл айтыста Медеу Мырзатайдың айтқан орамды ойлары әлдеқайда озық болды. Қазылар алқасы да бұл айтыста қарсыласына қарағанда, Медеу Мырзатайға жоғары балл қойды. Келесі жұп Жамбыл ауданынан келген Айтмұханбет Исақов пен тараздық жас пері Шапағат Әбдір болды. Аға мен інінің тамаша айтысы болмаса да, әйтеуір алдыңғы жұпқа қарағанда бұл екі жұптың айтысы ойдағыдай өрбіді. Шапағаттың қағытпа қалжыңға жүйрік екені аңғарылып тұрды. Алайда, «үлкеннің аты үлкен». Бұл жұпта Айтмұханбет Исақов жеңіске жетті. Келесі жұп болып жуалылық Қанат Мырзахан мен таластық Нұржан Манатбектің есімі аталғанда жұрт ерекше қол соқты. Өйткені, жақсы айтыстың боларын күткен еді. Ол солай болды да. Расымен де жақсы айтыс жасады бұл екі жұп. Алайда, «тісқаққанның аты тісқаққан». Тәжірибесі мол Қанат Мырзахан қарсыласынан оқ бойы озық болды. Ал мойынқұмдық Ғабит Есдәулет пен байзақтық Дидар Басықараевтың айтысы Қанат пен Нұржанның сөз сайысына қарағанда «іш пыстырарлық» деңгейде өтті. Залға жиналған көпшілік жерлестері Асхат Қылышбектің өнерін асыға күтті, шыны керек. Асхат ақын тараздық жас айтыскер Төлеби Тәңірбергенмен жұп болды. Жерлесіміздің атақ-абыройы Төлегеннің мысын басты ма, ол Асхатқа қарсы мардымды ұйқас айта алмады. Сондықтан, әлбетте жеңіс жерлесіміздің еншісіне жазылды. Оған қарсыластың да ренжитін жөні жоқ. Өйткені, ақиқаты сол.
Одан кейін сахнаға шыққан меркілік Мейіржан Жекебаев пен шулық Әділет Медетқұлдың да айтыстары бірсыдырғы өтті. Шулық Айым Көшербай мен меркілік Мұқағали Балтабай қыз бен жігіттің тамаша айтысын жасай ма деп едік. Басы әп-әдемі басталды да, соңы сұйылып кетті, шыны керек айтыстың. Жігіт жағы тосырқап тұрған соң, Айым қыздың да сөздері керемет шықпады. Бұл жұпқа қарағанда, қордайлық Күмісай Сәрсенбаева мен жуалылық Дидар Апбасовтың сөз сайысы керемет болды. Қос ақын өзекті мәселелерді ғана жырға қосқан жоқ, әзілді де тамаша жеткізе білді. Айтпақшы, осы жұпқа дейін жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы жөнінде айтыскерлердің тарапынан ұтымды ұйқас естімедік. Күмісай Сәрсенбаева мен Дидар Апбасов қана тақырыпты кеңінен қаузай білді. Таластық Есет Досалы мен жуалылық Әуесхан Үркімбаевтың да айтысынан өзгешелік байқалған жоқ. Бірсыдырғы. Оған ақын Есет­тің «Бол­майтын нәрсе бә­рібір бол­майды екен» деген сө­зі дәлел бола алады. Атағы елі­міздің аймақ-аты­рабына тараған бай­зақтық Алтынкүл Қасымбекова мен шулық Нұрлан Жұмабековтың айтысы кө­ре­мен­дер кө­ңі­лінен шық­ты. Деген­мен, Алтынкүл ақынның бәрібір де деңгейі биік болып тұрғандай көрінді бізге.
Барлық жұптың өнерін тама­шалап біткенше, кеш те батты. «Ақсүйек өнер – айтыс» деп жатамыз ғой. Біздің іште күмән да болды, айтыс біткенше, «залдағы халық тарқап кетпесе болғаны» деген. Әйтеуір, азды-көпті адам отырды залда.
Қош. Сонымен «Келші Құланға» атты облыстық ақындар айтысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені байзақтық ақын Алтынкүл Қасымбекова жеңіп алып, 500 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Ал жүлделі I орынды жуалылық Қанат Мырзахан иеленді. Оған 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал жерлесіміз Асхат Қылышбек жүлделі II орын иегері атанып, 200 мың теңгенің сертификатын иеленді. Жүлделі III орынға қордайлық Күмісай Сәрсенбаева, жуалылық Дидар Апбасов және тараздық Медеу Мырзатай ие болды. Оларға 150 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Айтысқа қатысқан өзге ақындар да марапатсыз қалған жоқ. Барлығына 100 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ақындарға бұл марапатты аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев табыс етті.
Бұдан бөлек, жазба ақындары арасында да «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген тақырыпта жыр-мүшәйрасы ұйымдастырылған екен. Осы кеште оның жеңімпазы мен жүлдегерлері марапатталды. Жүлделі III орын (50 мың теңге) Азамат Есалыға бұйырса, жүлделі II орын (70 мың теңге) жерлес ақын Табиғат Абаилдаевтың еншісіне жазылды. Ал жүлделі I орынды (100 мың тең­гені) жас ақын Нұржан Қадырәлі жеңіп алды. Жазба ақындарының жүлдесін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағасы, жерлес ақын Хамит Есаман тапсырды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: