Әуезді әннің сардары

822 Views

Өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, жерлесіміз Дүйсеналы Бықыбаевтың «Ән ғұмыр» атты шығармашылық кеші өтті. Айта кетейік, бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жалпыұлттық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Осы күні биыл ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген аудандық мәдениет үйінің концерт залы көрерменге лық толы болды. Өзімізді құдды бір «Ла Скалада» отырғандай сезіндік. Көпшілік те жерлестерінің сағынышқа толы әуезді әндерін сағынып қалыпты. Қошеметтеп, қол соғып отырды.
Қазір мына ән хит қой, әйтеуір. Егер ән деуге келсе, әрине. Сөзінің төркінін қараңыз.
– Ақ көйлек киген, көк көйлек киген құрбыларым да бар,
Бақдәулет деген, Нұрдәулет деген кластастарым да бар.
Ақ пакетпенен, көк пакетпенен сарқыттарым да бар,Ал ағайыыыыыын, бітті сау болыңдар, – дейді. Ойббббууууу. Мынаны ән дей аламыз ба? Мәні мен мағынасы бар ма өзі, мына «әннің». Бүгін бар, ертең ұмытылатын әндер ғой, бұл. Ал мына ән, яғни Дүйсеналы Бықыбаев пен Кәріпжан Нүсіптің тандемінен туған «Біз екеуміз» әні мәңгілікке жұрттың есінде сақталады. Оған шығармашылық кеш барысында да куә болдық. Міне, поэзия.
«Мөлдіреп жұлдыздай көзің,
Жүректі тербетті сезім.
Біз екеуміз, біз екеуміз,
Қауыз жарған гүл екенбіз». Шығармашылық кештің де тақырыбы бірдеңені меңзеп тұрғандай көрінді бізге. «Ән ғұмыр». Әлгінде жазған «ақ көйлек киген, көк көйлек киген» деген секілді емес, «Біз екеуміз» сияқты ғұмырлық әндер көптеп жазылса деген ойдың қылаң беріп тұрғанын аңғардық концерт тақырыбынан.
Қош. Ол тақырыпты осы жер­ден тізгіндеп, шығармашылық кешке оралайық. Концерт шымылдығы «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы «Дала сазы» күйімен ашылды. Ұлттық өнерге сусап отырған халық үшін бұл жеткіліксіз еді. Іштей «Тағы да орындаса екен» деп отырмыз. Жүргізушілер де соны сезді ме, сахна сыртынан дәл осы ансамбльдің орындауында «Сұлутөрім» күй поэмасы деп хабарлады. Тыңдадық «Сұлутөр» күй поэмасын. Керемет енді. Айтарға сөз жоқ. «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі Дастан Көрегенге зор алғыс. Содан соң «Құлан сазы» триосы ақын Сейсен Қожекенің сөзіне жазылған «Киелі менің Құланым» әнін нәшіне келтіре орындады. Бұл трионың орындауындағы ақын Марфуға Айтқожинаның сөзіне жазылған «Қыз көктем» әніне де жұрт ықыласпен қол соқты. Ал Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматованың есімін жүргізушілер хабарлағанда, залда отырған көрермен шапалақты үсті-үстіне төпелетті-ай келіп. Әнші ақын Жаңыл Асылбекованың сөзіне жазылған «Тұман» әнін шырқады. Ақын Әкім Ысқақтың сөзіне жазылған «Үмітімді үзбедім» әнін облыстық филармонияның әншісі Мадина Сағынбекова шырқаған сәтте де көпшіліктің тарапынан ерекше ықылас байқалды. Мадина Сағынбекова Әкім Ысқақтың сөзіне жазылған «Достарым» әнін де тарту етті. Біздің күткеніміз «Біз екеуміз» әні еді. Дегенмен, бұл әнді концерт жүргізушісі Алмаз Қырғызалиев орындайды деп мүлдем ойламадық. Алмаздың дауысы екпінді екен. Ол әуелі ән шашу ретінде домбырамен Жәнібек Кәрменовтың «Ойламаңдар жігіттер» толғауын айтса, содан кейін «Біз екеумізді» жанды дауыста шырқады. Жас әнші Дінмұхаммедәли Самбет те Дүйсеналі Бықыбаевтың екі әнін шырқады. Әуелі ақын Шырын Мамасерікованың сөзіне жазылған «Еліктей ерке қыз» әнін орындаса, содан соң Ғайни Әлімбекқызының сөзіне жазылған Дүйсекеңнің «Тағы да келді бір көктем» әнін айтты. Қайсар Көкішов пен Әсем Абдуалиеваның орындауындағы «Ағайын» әні де көпшіліктің көңілінен шықты. Шығармашылық кеш Қайсар Көкішов пен Мадина Сағынбекованың орындауындағы «Жаса мәңгі Астана» әнімен түйінделді.
Бұдан соң шығармашылық кеш иесіне аудан әкімінің ықылас гүлі табыс етілді. Содан соң аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев жүрекжарды лебізін білдіріп, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Дүйсеналы Бықыбаевтың иығына қазақы оюмен әдіптелген шапан жапты. Осы кешке арнайы қонақ ретінде шақырылған атақты өнер майталманы Қаржаубай Сыдықназаров ағалық адал ниетін білдіріп, сөз сөйледі. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Сейсекүл Исматова да Дүйсекеңнің шығармашылығы туралы өрелі сөздің өрнегін өрді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова Дүйсекеңе арнап, өлең оқып берді. Композитор Дүйсеналының әніне сан мәрте сөз жазған ақын Ғайни Әлімбекқызы да өз тілегін білдірді. Дүйсеналы Бықыбаевтың шығармашылық жолы жайлы жарық көрген «Ән ғұмыр» атты кітаптың авторларының бірі, Қазақ журналистикасының қайраткері Тұрсынхан Жаманбаев та оябы бөлек ой айтып, ізгі лебізін жеткізді. Қысқасы, бір жарым сағатқа созылған шығармашылық кеш көрерменді жалықтырған жоқ. Есті ән орындалған концертте әрқашан солай болатыны түсінікті жайт қой. Қазақ өнерінде ұлттық бояуы қанық, әлгінде біз атап өткен ессіз емес, Дүйсекең секілді өнер майталмандарының есті әндері көптеп дәріптелсе екен, әйтеуір. Біздің тілек осы ғана.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: