Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
21 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Волейбол: қыздар арасындағы аудандық турнир
Иә, Дариға Сланқызының өмірі тым қысқа болды. Ол небарі 24 жасқа келгенде жол апатынан көз жұмды. Әйтпесе, жасындай жалындап туған қыз еді. Әкесі Слан Ленин атындағы колхоздың есепшісі, анасы Тазақыз он бір бала тапқан Батыр Ана болатын. Алты қыз, бес ұлдың ішіндегі алғыры еді ол. 24 жас…қыршын ғұмыр емес пе? Қыздың кенжесі болған соң Нұралы қарттың босағасының сүйіктісі болды. Талдықорғандағы заң техникумын тәмамдап келген соң алғашында Жуалы ауданында, одан кейін осы Луговойда сот орындаушысы қызметін атқарды. Кейін білімін жоғарылатып ҚазМУ-дың заң факультетін тауысты. Өзі волейболға, домбыра тартуға құмар болатын. Сұм ажал осындай өрімдей бауырларын қайтпас сапарға алып кеткенде Нұралиевтер отбасы қатты күңіренді.
Міне, содан бері де арада 26 жыл өте шықты. «Егер Дариға қыз тірі болғанда 50 жасқа келер еді. Амал қанша? Тұрмыс та құрмай, артына ұрпақ та қалдырмай дүниеден өтті де кетті» дейді оның бауыры Гүлбағира. «Осы еске алу турнирін өткізуге біріңғай қыздар командаларын шақырып отырғанымыз да содан». Қыздың үлкені Рыстай еді, ол да бұл өмірден баз кешті. Қалған ұл мен қыздар еске алуға ауыл мектебіне жиналды.
Турнир шымылдығын аудандағы спорт кешенінің директоры Жанат Бағылбеков қысқаша баяндама жасап, ашты. Ауыл әкімі Төлеген Атабаев, Дариғаның бауыры, ауданның Құрметті азаматы Рахманәлі Әбдіқадыров, байырғы ұстаз Ануарбек Тұрманбетовтер турнирдің ашылу сәтінде оқшау ой айтып, Дариғаны еске алысты. Қыздың үлкені Ғалия да сіңілісін толқып тұрып есіне алды. Ұлдың кенжесі Саятжан жарысқа алдын ала әзірлеп әкелген үш кубокты төреші столына әкеліп қойды. Кубокта да, спорт залдың қабырғасында да қыршындай кеткен Дариға қыздың сүйкімді портреті бейнеленіпті.
Артынша турнирдің жалауы көтеріліп, кілең қыздардан құралған он бір команда алаңға шықты. Жарыстың бас төрешісі Ерболат Мырзабаевтың ысқырығынан кейін командалар үш топқа бөлініп жарысты жалғастыратын болды. Осы қыздардың арасында Саятжанның Жансая есімді қызы да жүр білек сыбанып. Мен осы жүзі балбұл жанған қызға бір, қабырғада тұрған Дариғаның суретіне бір қарап екеуінен туыстық ұқсастық тапқандай болдым. Маған: «Дариға қыз тірі жүргенде дәл осы сіңілісі сияқты волейбол алаңына шығатын еді-ау… Амал қанша? Ендігі ол Жаннатул бақта жүрген шығар…» деп ойладым.
Дегенше болған жоқ, Әнұран ойналып, жарыс туы желбіреп, ойын басталып та кетті. Үш алаңда өткен бәсеке кешқұрым шымылдығын жауып, ақтық айқасты өткізу үшін қыздар жарыс жалауы көтерілген Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің спорт залына келді. Түс әлетінде турнирге жиналған халық Дариға қыздың туған бауырлары Гүлбағира мен Саятжан жайған дастархан басына отырып, марқұмның әруағына бағыштап оқылған құранға қол жайып, бата жасады. Осы жиынға марқұмның жақын туыстарымен бірге Дариғамен бірге бір мектепте оқыған сыныптастары да келіп, аяулы құрбыларын көздеріне жас ала отырып еске түсірді.
Сонымен тартысты ойын да мәресіне жетті. Төрешілердің ұйғаруымен жүлделі бірінші орын Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің волейболшы қыздарының еншісіне тиді. Екінші орынды №5-ші, ал, үшінші орынды Құлан мектеп-гимназиясының спортшы қыздары жеңіп алды. Олардың бәріне салтанатты жағдайда жарыс кубогы табысталды. А.Байтұрсынов мектебі қыздар командасында Жанель Базар, Нұрдана Бақберген, Дильназ Аушабай, Жансая Слан, Сәбина Айтқұл, Әлина Ахметалы және Зарина Ерлан сынды қолдоп шеберлері болды. Айту ләзім, осыдан 30 жыл бұрын құрылған қыздар командасын жасақтауға бас жаттықтырушы Ерболат Мырзабаевтың қосқан еңбегі шынында да зор. Бәлкім сондықтан болар, ауыл әкімі Т. Атабаев оған жұрт алдына шығарып, Алғыс хат табыс етті.
Дариға Сланқызы Нұралиеваны еске алу турнирі осымен аяқталды.
С.Қожеке,
Көкдөнен ауылы.
Суретте: турнир жеңімпазы – А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің волейболшы қыздар командасы.