Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
(Деректі әңгіме)
Сейсен Қожеке, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері
Есім-сойы ауданымызға ғана емес, күллі республикаға белгілі журналист-жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Сейсен Қожекенің қаламынан шыққан әрбір туынды оқырманның назарын бей-жай қалдырмайды.
Автордың «Ақсарайда атылған оқ» атты деректі әңгімесі өте жоғары деңгейде жазылған шығарма. Жазушының 70 жылдығына орай газетіміздің бүгінгі нөмірінде осы туындыны жариялауды жөн көрдік.
Қарасудағы шайханаға келмейтін кісі жоқ. Кейінгі кезде Меркідегі НКВД-ның бастығы Бүрлібай да жиі келетінді шығарды. Керуен сарайдағы Шакирдің інісі Тахир ол келсе болды, асты-үстіне түсе қалады.
– Әй, сарт! Бері кел!, – деді бұл жолы милиция бастығы беліндегі тапаншасына оң қолын апарып. Анау зәре-құты қалмай шенді бастықтың жанына аяғының ұшымен жетіп келіп:
– Нимә дейсиз қожойын? Бүрлібай оның құлағына сыбырлап:
– Қарабай акаң келмеді ме?
– Иоқ, келмайапты, кельмади.
– Онда тыңда мені, оның әрбір басқан қадамын, кіммен сөйлескенін, не айтқанын маған жеткізіп тұратын боласың. Түсіндің бе? Енді әкел палауыңды.
– Хоп майли, айтқаниңгиз болсун, ака.
Шайханашы даяшысына «ас әкел» деп ым қақты. Анау да безілдеп ала жөнелді.
Бүрлібай Молдаботаев өкіметтің адамы. Қарабай Әділбеков те өкіметтің адамы. Керек болса, осы Меркіде приставтың көмекшісі, «мирвой» сот болған. Үлкен төрелермен байланысы да бар, «алашордашылар» партиясының мүшесі. Ақкөз батырдың көтерілісі кезінде пристав Лундиннің кеңсесінде писарь болып істеді. Оған Тұрар Рысқұловтың өзінің шамасы келмеді ғой сонда. Қарасайдағы Нұрманбет байдың ағайыны, бай кісі.
Нұрманбет байдың бір өзінің беделі неге тұрады десеңізші. Шакирді осындай ойпаң ойлар мазалап тұрғанда шайханаға Мақсымбай келіп кірді. Ол Қарабайдың жылқышысы. Келген бетте милиция бастығы отырған орынға қарай тура тартты. Бүрлібайдың құлағына барып бір нәрселерді айтты да келген ізімен кейін қайтты.
Енді милиция бастығы беліндегі қаруын түзеп алып, сыртта өзін күтіп тұрған жағалыларға «атты әкел» деп бұйырды. Әлгілер бастығының астына сүліктей сұлу жарау атты тарта берді. Қызыл жағалы төрт милиция тасырлата шауып Қарасудан өтті де өзбектер махалласына қарай шаба жөнелді.
Қарабай бұл кезде Смайылды «Әулие бұлаққа» жіберіп, өзі «Ақ қайнардағы» үйіне ақырын аяңмен келе жатқан. Астында белі ұзын қара күрең. Оны жұрт «айырплан» дейді. Жануар иесін жердің түбінде болса да қалаған жеріне қара үзіп жеткізеді. Өзі нағыз жүйрік, оған бұл өңірде Дәуімнің тор айғыры ғана жеткізбеуі мүмкін.
Қарабай әлгіндегі екеуара әңгімені есіне түсірді. Смайыл Қанайұлы өзінің аталасы әрі партияласы. Онымен сонау Тәшкенде Тұрар Рысқұловпен текетірес болып, бір қызға таласқан кезден жақсы таныс. Бір ауылдан болғанмен екеуі сирек кездеседі. Өйткені көбіне «Алаш» партиясының тапсырмасымен жүреді. Өзі үш тілде еркін сөйлейді. Сондықтан болар, Мұстафа Шоқай оны өзіне хатшы етіп алған. «Жасыл Түркістан» идеясын қолдайтындардың тобында Қарабай да бар. Смайыл осы Қарабайдың айтуымен Мұстафа Шоқайға хат жазып та берген.
– Қареке, сіз жаңа Тұрар туралы айттыңыз. Онымен мен пікіралысқанмын. Іштей «Түркістан идеясын» қолдағанымен оның ойынша Түркістан большевиктік болуы керек. Осыған қарағанда коммунистер бізді тыныш жүргізбейді-ау деп ойлаймын.
– Оның рас, міне он бес күн болды. Мен Тұрардың әйелінен суыт хабар алдым. Мені «Закардон қашсын. Тұрар тұтқындауға бара жатыр» деп хабар беріпті. Соның алдында ғана Тұрар маған келетінін айтқан, бірақ оның мұндай астыртын әрекеті барын кейін білдім. Қазір бар малымды саттым. Қытайға өтуге әзірмін. Менімен бірге арғы жаққа өтесің бе, Смайыл?
«Қарабайдың әйелі мен Тұрардың әйелі Әзиза татар болған соң жаны ашыған екен ғой» деп ойлады Смайыл іштей.
– Қареке, сізбен қайда жүрсеңіз де біргемін. Совет өкіметі бізді бұл жерде сайраңдатып қоймасын да білемін. Мен Мұстафаның тапсыруымен кітап жазып жатыр едім. Соны аяқтаған соң Әлихан Бөкейхановқа өткіземін. Сөйтіп, Мұстафа шақырған Алманияға сапар шексем деймін. Осымен әңгіме түгесілгендей болды.
– Ал, ендеше сақ бол! Ертең «Ақсарайда» кездесейік. Жаныңа мергенді ал. Мен де жігіттерімді ала шығамын. Ал, қош, көріскенше, – деп екеуі айырылысты.
Қарабай «айырпланын» екі қабат үйдің астыңғы жағына байлады да үйіне кірді. Әйеліне:
– Мен осы түннен қалмай жүремін. Егер шекарадан өтсем мына киімдерімді саған атқосшыдан беріп жіберемін. Сен алған соң дереу елге: «Қарабайды атып кетіпті» деп хабарла. Содан соң менің ас-суымды бере бер. Әйелі шошып кетіп:
– Бай ака?…деді байына үрейлене қарап.
– Әй, өйтпесе болмайды, – дегенше болған жоқ, сырттан атылған мылтықтың дауысы естілді. Енді бір кезде милиция бастығы Бүрлібайдың қарлыққан дауысы шықты:
– Қарабай! Сен қолға түстің, ешқайда қашып құтыла алмайсың. Қоршауда қалдың, одан да өз еркіңмен беріл!, – деп айқай салды.
Қарабай бәкене бойлы кішкентай ғана қара кісі. Өзі шамдағай: «Ал, мен кеттім» деді де үйдің астында тұрған атына қарғып мініп, биік дуалдан атын қарғытып өтіп, қалың шиге кірді де көрінбей кетті. Төрт милиция төренің үйін түгел тінтті. Еш жерде жоқ. Бүрлібай бастық жарылып кете жаздап:
– Әй, бұл өзі жын ба, сайтан ба? Қазір ғана үйге келіп кіріп еді ғой. Сөйтіп, НКВД қырандары жер сипалап қалды.
«Әулие бұлақ» – бұл Қожай руындағы белгілі Тантай бидің ауылы. Жұрт оның інісі Қанайды әулие тұтады. Өйткені, Тоғызақ батыр бабасы Абылай ханнан алған құран кітап пен таспихты және батырдың қалпағын осы Қанай атаға аманат етіп қалдырса керек. Кеше кешкісін келген бетте Смайыл жанына інісі Бошқайды ертіп алып, құнды заттары мен өзінің қолжазбаларын бұлақ басындағы қойнауға көміп қайтқан. «Өзім келгенше жан адамға айтушы болма» деген бауырына.
Түннің бір мезгілінде сүлік қараны ақ көбікке малып Қарабай да келген жігіттерімен. Сонымен олар таңды күтіп отырмай түн жамылып асуға беттеді. Қарабайдың жанында өзінің сенімді үш жігіті, ал Смайыл мерген інісін ертіп алған.
Көзге түртсе көргісіз түнді жамылып бұл кезде «Ақсарайды» бетке ұстап, аттылы бесеу аңғар-аңғармен жүрмей, «Жүнісбай» сайымен өрлеп отырып «Жылтырұшқанның» тұсынан бір-ақ шыққан. Тау сағалап жүріп отырып «Көкқырдан» асып түсіп, «Ақсарайға» аттың басын тіреген. Жолда талай әңгіме айтылды.
– Қареке, сіз Меркіден орыс-тузем мектебін аштыңыз. Онда Тұрар мен Қабылбек, Жылысбай мен Әшімжан оқыпты, кейін мен де сол мектепте оқыдым. Он алтыншы жылы Рысқұлов сізге күйе жақты, оны да көрдіңіз. Жиырма сегізінші жылы кәмпескеде ең алдымен сізді тәркіледі. Беделбай, Жайнақ, Шәкі бауырларыңызды тентіретіп жіберді. Оған да көндіңіз. Енді міне бейтаныс, беймағлұм елге кетіп бара жатырсыз, – деді Смайыл әңгімені әріден бастап.
– Е…е…бұл заман азған заман, ер жігіттің басынан бақ тайған заман. Мен Петерборда оқып жүргенімде орыстың бір революционер жігітімен, ұмытпасам ныспысы Андрей Елизаров болатын. Сол азаматпен дос болдым. Сонда ол: «Мәселе адамның бай немесе кедей екенінде емес, оның түсінік пайымында» деп еді. Ол өзі де бай әулеттен шыққан ақсүйектің тұқымы екен. Ал бізді бауырларымыз большевиктердің көзімен таниды. Өздерінің азаматтық көзқарасы жоқ. Жаңа сен он алтыншы жылды еске түсірдің. «Қара жұмысқа, соғысқа азаматтарымызды бермейміз» деп ашынды жұрт. Сөйтті де Ақкөзге ілесті. Мен де осыны қаладым. Бірақ, сол әскерге алынатындардың тізімін маған қазақ бауырларымыздың өздері әкеліп бермеді ме? Ат төбеліндей азулы байлар пристав Лундиннің сойылын соғып, отын көседі. Мен хатшы едім, бар болғаны писарь ғана. Сонда да жұрт маған: «өз туысқандарын әскерге жазбай отыр» деп жала жапты. Ақкөз Қосановтың көтерілісіне менің бауырларым да қатысты ғой. Әшімжан Нұршановты «Жалғыз талға» апарып қинап, Қарасу өзенінде мойнына тас байлап, ағызып жібермеді ме? Кейін Меркіде өткен болыс сайлауында да солай болды. Сонда уездік өкіл Аблановқа: «Мені соққыға жыққан Қарабай мен оның шайкасы» деп докладной жазды. Осының барлығы Тұрардың тамағына түйін болып қадалды. Менің байлармен тек «Алаш идеясы» үшін жақындасқаныма олар пысқырып та қарамады…қаралады.
– Аға, осының барлығын мен жақсы білемін. Тұрар исламдық Түркістанды қаламады. Ал иман адамға исламмен келеді. Ерте ме, кеш пе, олар біздің түпкілікті мақсатымыздың дұрыс екенін әйтеуір бір білетініне күмәнім жоқ. Мені де былайғы жұрт: «діндарсың, дін бұзарсың» дейді. Бұл өзі біріне-бірі қарама-қайшы ұғым ғой. Иә, мен Құдайға сенемін. Сол үшін де тәуелсіз Түркістан, яғни егеменді Қазақ елін орнату жолына басымды тіктім.
Бұлар осылайша қайнауы кем күптігей ойлардың қозын қоздырып біраз жерге барды. «Ақсарайда» жолаушыларды Нәрікбай шешен қарсы алды. Олар тамақ жеп, сәл дамылдап алған соң таң қылаң бере ерттеулі аттарына мініп, екіге бөлінді. Мұнысы алыстан көрген шолғыншыны адастырудың айласы болатын. Смайыл Қарабайдың «айырпланына» мінді. Олар үшеу, бұлар екеу, асуға беттеді.
Бүрлібай да тыныш жатпаған екен. Қасына бес милициясын алып «Молалы» сай жақтан келіп дүрбі салып отырып, бәрін көріпті. Олар енді «Көтенүзбе» жаққа кеткен үшеудің соңынан емес, «Қаратасқа» қарай асып бара жатқан екеудің ізіне түскен. Өйткені Қарабай мінетін «айырплан» ат сонда болатын.
Смайыл «Көкқырға» іліккенде жалғызаяқ бөксе жолда жатқан көк тасқа ызыңдаған оқ келіп тиіп, құлама құзда келе жатқан екеудің қадамын аштырмады. Бұл Смайыл мен мергенді өкшелей қуып келіп қалған Бүрлібайдың жігіттері еді. Мерген үй тасқа тығылып алып екі милицияны ажал құштырғанда: «Бауыр…ре..м» деп атынан құлап бара жатқан Смайылды көрді. Ол жандәрмен Смайылға жетіп келгенде ол: «Қош» деді де сұлқ түсті. Мерген Смайылды көтеріп алып атына өңгеріп жатқанда оның иық тұсынан оқ тиді. Ол оған да қарамай «Көкқырдың» басына қарай қара атты сүйрелей жөнелді. Бірақ арттағы екі милицияның ба, әлде Бүрлібайдың өзінің оғы ма сүлік қараға тиіп, ат шыңғыра кісінеп, үстіндегі адамымен қоса құзға құлап бара жатты. Мерген «болар іс болды» деді ме, аттан ауып түсіп, қырға өрмелей берді. Ол қырға шыққанда барып демін алды. Бұл кезде қуғыншылар оқ атуын тоқтатқан. Шамасы құздан құлаған «олжаны» көріп, қуанған-ау. Алайда қаңғыған оқ келіп аңшының өкпе тұсын осып өтті. Екінші оқ та ауа қуалап кетпей арқасына тиді. Аңшы есінен жаңылған жоқ. Жан сауғалап, өзі арқар, киік аулауға шыққандағы әдісіне салып ойпаң беттен шым ойып алып, соны жамылып алып жынысқа кіріп жатып қалды.
Бүрлібай бастық екі милициясымен келіп айнала төңіректі тінткілеп жүріп тірі тіршілік иесін таппаған соң:
– Бізге бұл емес, Қарабай керек, кәне тезірек атқа қоныңдар, әлі де тірі болса тауып алайық оны, – деді де еңіске қарай шаба жөнелді.
Эпилог орнына. Автордан: Иә, осы жолы Қарабай Әділбеков дін аман Қытай асып кетті. Әйелі оның аманатын орындап, «өлді» деп, ас-суын берді. Қарекең Құлжаға жетіп пана тапты. Ал елде қалғандар ол туралы аңызға бергісіз неше түрлі дақпырт, қауесет шығарып, көпке дейін оның құлағын шулатты.
Мен (С.Қ.) 1987 жылы қажылыққа барып келген Слан деген ұйғыр шалға жолықтым. Ол: «Біз Құлжада Қарабаймен шарбақтас тұрдық. Онда Қарабайдың бауы, тіпті ол кісінің атымен аталатын көше де бар. Ол өзі аймаққа мәлім өте беделді кісі болатын. Жасы тоқсанға жақындағанда қайтыс болды. Артында Жәнібек деген ұлы қалды. Ол осы Меркіге келіп әкесінің үйін сатыпты деп те естідім. Мен әкем қайтыс болған соң 1932 жылы осы жаққа көшіп келдім» дейді.
Иә, Смайыл сол «Ақсарайда» атылған оқтан көз жұмды. Мерген (менің Қожеке атам) ол да сол жолы атылған оқтан көп ұзамай жасы 37-ге қараған шағында «Әулие бұлақ» басында қаза болды. Оларды совет өкіметі «халық жауы» деп, отбасындағыларды қуғынға түсірді. Смайылдың інісі Бошқайды Алматының абақтысына қамап қойды. Абақтыдан оны Кетпентөбенің приставы Жүсіп Сатыбалдиев босатып жіберді. Бошқай ата Шамалған станциясынан жаяулап, табаны тесіліп ауылға келеді де өзі үйренген атақонысына жетіп өле-өлгенше аңшылықпен, саяткерлікпен айналысады. Смайылдың Ібіния мен Мәлия деген ұлдары Билікөлдің түбіндегі Майтөбеге, ал, Әбзелбегі Қаскелеңнен тұрақ табады. Ондағы жұрт Ібінияны Ленинге ұқсатып – «Бенин» деп, Жолдыбекті – «Юрка» деп атап кетіпті.
Міне, бұл да сол алмағайым заманда қазақтың басына түскен нәубеттің кесір-кесапаты, сергелдеңі еді.