Көкжөтел дегеніміз не?
43 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, жаңашыл педагог, ғалым-этнограф, ақын, прозашы, қазақ жазба әдебиеті мен қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, орыс жазу таңбалары негізінде қазақ әліпбиінің құрастырушысы — Ыбырай Алтынсаринның өмірі мен шығармашылық қызметі қазақ халқының тарихындағы жарқын беттердің бірі болып табылады. Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Қазақ даласындағы аумалы-төкпелі заманда ұрпақ болашағын ойлап, балалар мен жас жеткіншектердің тағдырына терең үңілген ағартушы – ұстаз.
1860 жылы Орынбор облыстық басқармасы Алтынсариннің үзбей жазған өтініштерін қанағаттандырып, қазақ балалары үшін бастауыш мектепті ашуға рұқсат берді. Шалғай қалада мектеп ашу қиын болды (қаражат, мектеп ғимараты және оқу құралдары болған жоқ). Алайда қиыншылықтар Алтынсаринге кедергі бола алмады. Оның үстіне, Ыбырай Алтынсарин 1861 жылы Торғай мектебінде мұғалім болған тұңғыш қазақ еді. Ол өзінің ағартушылық идеяларымен рухы көтерілген ауылдарды аралап, елге зайырлы білімнің маңыздылығын түсіндіріп отырды. Жергілікті тұрғындардан қаражат жинап, өзінің жеке жинақ ақшаларын салып, мектеп ғимаратының құрылысына кірісті. Қазақ даласында оны «Қара шаңырақ», «Алғашқы қарлығаш» деп атады. Сонымен қатар, қыз балаларға арнап мектеп ашуға белсене кіріскен. Қазақ қоғамын көтеру үшін, халқымыз сауатты болуы үшін, ер балалармен қатар қыз балалардың да сауатты болғанын қалап, сол жолда аянбай еңбек еткен. Ол өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жан. «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты тұтқасы… Үміт мектепте, халқыңның келешегі мектеппен байланысты» – деп, қазақ балаларына арналған мектеп ашумен бірге онда қызмет істейтін, балаларды оқытып, тәрбиелейтін кадрларға, атап айтқанда, мұғалімдерді дайындауға аса зор мән берген. Ол мектептегі ең басты тұлға – мұғалім деп есептеген. «Жақсылап салынған мектеп үйі болуы мүмкін, тамаша жазылған оқу құралдарын да табуға болады. Бірақ, бұлардың бәрі білікті мұғалімсіз берері шамалы» деп есептеген. «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген инспекторлар бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды. Сондықтан да мен жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін», – деп жоғары бағалады. Ы.Алтынсарин Қазақстанда әйелдерге білім беруде біршама қадамдар жасады. Қарабұтақ фортында қазақ балалары үшін мектеп ашу және Ырғызда қазақ қыздары үшін мектеп ашу мәселелерін қайта көтеріп, Орынбор әскери губернаторына рапорт жазады.
Алтынсарин Ырғыз қыздар училищесі жанынан да қазақ қыздарына арналған он орындық интернат ашуға рұқсат сұрады. Соған сәйкес қазан айының 28-жұлдызында қазақ қыздарына арналған 12 орындық интернат ашылды. Қаңтар айының бірінші жұлдызында Торғайда қыздар мектебін ашуға рұқсат сұрады. Рұқсат Ыбырай дүние салғаннан кейін, 1890 жылы берілді. Интернаты бар қыздар мектебі Торғайда 1891 жылы, Қостанайда 1893 жылы, Қарабұтақта 1895 жылы, Ақтөбеде 1896 жылы ашылды. Орысша-қазақша бес қыздар мектебіндегі «оқушылар саны 1896 жылы 211-ге жетті, олардың 141-і орыс, 70-і қазақ қыздары». Ыбырай Алтынсарин Орынбор әскери губернаторына желтоқсан айында хат жазып, Торғай қаласында да қазақ қыздары оқитын училище ашуды қайта сұрады, әзірге Торғай уезі қазақтарының қыздарын Ырғыздағы қыздар училищесінде оқытуға рұқсат беру мәселесін қойды. Біздегі «сотник Бабиннің қызы Ырғызда оқып жүр, осы үлгіні пайдалану орынды болар», – деді. Қазақ әйелдеріне білім беру ісі де Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. Аса маңызды бұл бастамада ол патша өкіметі тарапынан кедергілерге тап болады. В.В.Катаринскийге жазған бір хатында былай деп хабарлайды: «Қазақ қыздарына арнап ашылмақ мектептің табысты боларына губернатордың күдігі бар… ал мұндай маңызды істі бастамаса, ешқашан да ештеңе де болмайды ғой. Бұл істің Ырғызда оңға басатындығына мен қазірдің өзінде кәміл сенемін». Тағы да Ыбырайдың қыздар мектептерін ашу жөніндегі жолдастарына жазған хаттарынан үзінді келтіре кетсек. Ы.Алтынсариннің В.В.Катаринскийге хатынан үзінді: «Аса қадірлі Василий Владимирович! Осы хатыммен бірге доверенность жіберіп отырмын. Иә, ұмытып бара жатыр екенмін ғой. Ырғызда қыздар мектебін ашу үшін тамыздың аяғында сонда боламын. Оның үстіне, Бөрте болысында болыстық мектептің ашылуын тездету үшін Елек уезінде болуым керек. Бұл мектепті ашуға рұқсат алынды. Бұл мәселелер осында губернатор келгеннен кейін әбден анықталмақ. Губернатордың Қостанайға келуін маусымның онына күтіп жүрміз. Көшіп келген орыстардың балалары үшін мектеп ашу жөнінде губернатормен Караулов та, мен де сөйлесетін болдық. Губернатор кеткеннен кейін істің ыңғайына қарай, біз қалай көрісетінімізді, менің Сізді Қостанайда кездестіретінімізді Сізге хабарлармын. Қостанайға келуіңізді қатты тілек етемін. Қостанай. 28 мамыр, 1887 жыл». Ф.Д.Соколовқа жазған хаты: «Көптен бері Сізге хат жазбағаныма, қымбатты досым, Федор Демьянович, ренжімеңіз. Хат жазбаған себебім, Қостанайда ашылатын орыс мектебі жөніндегі мәселе осы уақытқа дейін шешіліп болған жоқ, бұл мәселенің жауабы бүгін болмаса, ертең келер деп күтіп отырмын. Оның бер жағында мынадай бір жағдай болып қалды; егер уезд бастығының тілмашы болып кіре алатын болса, Маужан Байжиенович оқытушылық қызметті тастағысы келіп жүр. Ал бұл жұмыс қазіргі тілмаш Қаржасов мырзаның уездік басқармаға іс жүргізуші болып тағайындалуына байланысты, бұл жөнінде губернатор уәдесін берген көрінеді. Бірақ осы шытырман-шатақтар әлі шешіліп болған жоқ. Сондықтан, мен Сізді шын көңіліммен қуантқым келсе де, қуанта алмай отырғанымды өзіңіз де түсінетін боларсыз. Ырғызда қыздар мектебін ашу үшін тамыз айының орта шенінде сонда барғалы отырмын. Сонда көрісерміз. Әзірге сау бола тұрыңыз. Әйеліңізге менен сәлем айтыңыз. Шын ықыласыммен оның аман-есен болуын тілейтінімді айтыңыз. Ол кісі уайым жемесін. Күйеуін ол кісінің қалауы бойынша, қазір болмаса да, жуық араның ішінде, орналастырамын. Асығып отырмын, досым, хатымның тәртіпсіздеу жазылғанына кешірім етіңіз. Өзіңіздің Ы.Алтынсариніңіз. Қостанай. 5 тамыз, 1887 жыл». Көп ұзамай арманы жүзеге асады. Ырғыз қаласында қазақ қыздарына интернаты бар арнаулы мектеп ашылады. Шындығында, бұл қазақ халқының өмірінде болған аса үлкен оқиға еді. Аса маңызды бұл бастаманың сәтті болғанына Алтынсарин аса қуанады. Ол патша әкімшілігінен Торғай облысының барлық уездерінде қыздар училищелерін ашуға рұқсат алады. Қазіргі таңда 1887 жылы 15 қыркүйекте ашылған Ырғыз қалалық бір кластық қыздар училищесі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп болып ауыстырылған. Алтынсарин аталмыш мектептерді ағарту ісінің алғашқы қадамдары деп біледі. Ыбырайдың Ушинский жолымен жүргізген оқыту жүйесі бойынша «Мектеп, ең алдымен халықтық мектеп болуы керек, халықтың тұрмысына ыңғайлы, шаруашылығына қолайлы болып құрылуы керек. Ауыл мектебі ауыл өміріне, болыстық мектеп – болыстағы жағдайға сай құрылуы керек. Ауыл мектептері үлгілі, тәртіпті, көрнекті, мәдениетті, ауылдағы бүкіл мәдени-ағарту жұмысының орталығы «қазақтарды оқытудың негізгі буыны» болуға тиіс.
Қазақ халқы тарихында әйелдердің теңсіздігін тұңғыш көре білген және оны сол ауыр халден шығарып, өнер-білімге тарту жолында алғаш қол ұшын берген қайраткер – Ыбырай болды.
Ырғыз перзенті Әлмұхамед Сейдалин қазақ қыздары үшін осы мектепті ашуға құлшына кірісіп, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринге көмектескен көрнекті тұлға.
Бұл жөнінде Ы.Алтынсарин досы Н.И.Ильминскийге 1889 жылы ақпан айында жазған хатында: «Ырғызда бітімші сот және тергеуші болып Әлмұхамед Сейдалин істейді. Ол қазақтарды оқыту ісіне өте ынталы адам. Биыл ол қазақ қыздары үшін Ырғызда қазақ сахарасындағы алғашқы 20 кісілік қыздар мектебін ашуыма көмектесті» – дейді. Қазақтарға білім сәулесін сепкен Ыбырай Алтынсарин жаққан бір шырақ – мектеп қиын-қыстау өтпелі кезеңдерден өтіп, одан сайын жарқырап, жайнап тұр. Ыбырайдың мұндағы негізгі міндеті – қазақ қыздарын сәнді-салтанатты өмірге баулу, үйрету емес, орысша, қазақша азды-көпті білім беріп, оқуға, жазуға үйрету, еңбекке, қолөнеріне (іс тігу, тоқыма өнері, т.б.), үй шаруашылығына баулу, қысқасы, болашақ отбасының бақытын өз қолымен жасай алатын адамды тәрбиелеп шығару деп мәлімдейді. Ыбырай қазақ қыздарының мектепке неғұрлым көбірек тартылғанын армандады, бірақ облыстық білім саласының басшысы болғанымен оның қолындағы мүмкіндік те шектеулі болатын. Архив деректеріне қарағанда, білім саласының барлық мәселелері тек губерния арқылы шешіліп отырғанын аңғаруға болады. Ыбырай қыздар мектебінің ашылуына ғана емес, оның толыққанды жұмыс істеп кетуіне көп күш-жігер жұмсады. Ыбырай Алтынсарин өзі ашқан мектептерде ана тілінің таза оқытылуына көңіл бөліп, тілашар ретінде халықтың ауыз әдебиетін пайдаланып, өзі де ұрпақ тәрбиесіне арналған әдеби шығармалар жазды. Сол әдеби шығармалары арқылы тіршіліктің өзекті мәселелерін көтеруге бет бұрды. Ол қазақтың жазба әдебиетінің, әдеби тілінің негізін қалаушылардың бірі болды. Әдебиетке тың тақырыптар әкеліп, озық ойлар енгізді. Шиеленіскен тартыстар, соны бейнелер, бұрын болмаған жанрлар арқылы әдебиетті мазмұн жағынан ғана емес, түр жағынан да дамытты. Ы.Алтынсарин қыздарға арнап ашылған мектептерде оқуды негізінен ана тілінде жүргізді, мұны жоғарыда да айтып кеткен болатынбыз, бірақ орыс тілі де оқу мазмұнының ең маңызды бөлімі болып саналды. Ушинскийдің педагогикасын зор көрегендікпен меңгере отырып, орыс-қазақ қыздарына арналған мектептерге арнап жаңа оқулықтардың негізгі түрлерін, олардың өзара педагогикалық ерекшеліктерін Ыбырай екшей білді. Ол асқан шеберлікпен негізгі үш бағытты – ғылымилылық, көркем әдеби және пайдалы техникалық – өз оқулығында ұштастыра алды. Ол орыс-қазақ қыздар мектебіндегі оқу үшін ана тілінің өмірлік мәнді екендігіне сенді. Өз жүйесінде Ы.Алтынсарин орыс тіліне үйретудің «аударма әдісі» дегенді қолданды. Бұл әдіс бойынша, шәкірт оқуда ана тілінде де, орыс тілінде де еркін ойлау міндеттерін шешіп отырады. Ол орыс тілі сабақтарында ана тілін жанама, қосалқы санауға қарсы болды, керісінше, ана тілінен жүргізілетін жазбаша және ауызша жұмыстарды жеке, дербес оқу жұмысы деп қарады. Сөз, сөйлем мағынасын екі тілде бірдей ұғыну, орысша да, қазақша да ойлай, сөйлей, жаза білу, сөздік жасау, жаттау, көркем тексті оқыту сияқты педагогикалық мәселені жемісті шешу үшін алдымен мұғалімнің өзі осы екі тілде сауатты сөйлеуі керек. Ыбырай әдеби оқу методикасын қазақ тәжірибесіне тұңғыш рет енгізе отырып, төрт түрлі факторды бірге алып қарайды. Олар: біріншісі – материал, екіншісі – соның берілу тәртібі мен методикасы, үшіншісі – оқушы, төртіншісі – мұғалім. Қазіргі әдебиет сабағында қолданылатын түсіндірмелі оқу әдісін алғаш рет өзінің еңбектерінде қолданған Алтынсарин еді. Ыбырайдың әдеби оқу методикасына тән бір жаңалығы – өлең жаттау тәсілі. Ыбырай Алтынсарин өлеңдері – балалардың жаттауына әрі ұғымды, әрі білімділік-тәрбиелік мәні зор, логикасы жақсы тоқылған, тілге өзі оралып жатар жолдар. Ы.Алтынсарин материалды ойластырылған сабақтар жүйесіне құрып, мөлшерлеп, бірте-бірте беруді, берілген білімді баянды ете отырып қана жаңа материалға көшу жолын ұсынды. Сабақтың жүйесіздігі, баланың пәнге қызықпауы, үлгірмеуі пәннің емес, мұғалімнің кемшілігінен туады. Ыбырай Алтынсарин: «Әрбір мұғалім өз пәнін жақсы, жетік білуі тиіс» деген. Пәнді білу дегеніміз – өз ісін де, баланы да терең сүюден туатын жауапты іс.
Назгүл Ахметбекова,
№2 шағын орталықты орта
мектебінің мұғалімі.