Латын әліпбиі қазақ тілінің тынысын кеңейтеді

514 Views

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кирилициадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл шын мәнінде, халықтың ғасырлар бойы армандаған ойларының жүзеге асқан шағы немесе тарихи күні болды.
Латын әліпбиінің негізі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кирилицаға ауыстырылды.1940 жылы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру» туралы заң қабылдады. Осылайша қазақ әліпбиін өзгерту тарихы басталып кеткен.
Бүгінде қазақ елі кирилицадан құтылып, әлемдік өркениетке негізделген латын әліпбиіне көшуді мықтап қолға алды. Елбасымыз бұл мәселені бірнеше рет қозғаған болатын. Ол ел халқына арналған кезекті Жолдауында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне толықтай көшу қажеттігін айтты. Яғни, Елбасы: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қаріпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз қажет. Бұл ұлт болып шешуге тиісті қағидатты мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын.
Латын әліпбиінің қажеттілігіне көзіміз анық жетіп отыр. Педагог ғалым А.Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы–тіл». Сол кезеңде де Алаштың елім деген қайраткерлері де латын әліпбиін қолдады.
Латын қарпі әлем бойынша кең танылған әрі көп қолданылатын әліпби. Біздің елде сол елдердің тәжірибесіне қарап, салыстыра отырып латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне көшеміз деп жоспарлап отыр. Бұл қадам дамыған елдердің қатарынан көрінудің бірден-бір жолы деуге болады.
Латын әліпбиіне көшу–ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, қазақ тілінің тынысын одан әрі кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашпақ.

Н.Қосыбаева,
«Тілдерді оқыту орталығы» Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің оқытушысы.

Поделиться ссылкой: