МАЛ ҰРЛЫҒЫ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ. БІРАҚ?..

999 Views

Қазақ халқының этно ұғымында «барымта» деген сөз бар. Бұл сонау ата-бабамыздың дәстүрлі құқықтық мәдениетінде қалыптасқан ежелгі ұғым. Ертеде жауласқан екі ру құн төлеу мәселесін шеше алмаған жағдайда осындай қадамға барып отырған. Бірақ, оның бәрі ауыл ақсақалдарына алдын ала айтылып, тек үлкендердің рұқсатымен ғана жүзеге асқан. Бұл – барымта.

Ал, бүгінгінің қарақшылары сол бір «барымтаны» өз пайдаларына қарай сәл бұрмалап алғандай көрінеді. Құныққаны соншалық, өрісте өзімен өзі жүрген төрт түлікті былай қойып, қорадағы қойыңды қапсыра құшақтап, алып кететін жағдайға жеткен. Иә, былай қарағанда күлкілі жағдай. Дейтұрғанмен, ашщы шындық та, ақиқат та – осы.
Барымташылардың біразы біздің аудан да бар. Өкініштісі сол, өткен жылы біреудің қорасында тұрған бөтен мүлік немесе төрт түлік 13 рет ұрланған. Ресми статистика осылай деп сайрап тұр. Ал, биыл бұл көрсеткіш қуанышымызға орай сәл төмендепті. Аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Айдын Мамытбековтың айтуына қарағанда, ағымдағы жылы ауданда мал ұрлығы бойынша 9 қылмыс тіркелген. Оның 8-і дер кезінде ашылып, жауапты мамандар қырағылық танытқан. «Ағымдағы жылдың он айында ауданда 9 мал ұрлығы тіркелді. Бүгінгі таңда оның 8-і ашылды. Ал біреуі әзірге ашылмай тұр. Дегенмен, зерттеу, сараптау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Негізінен, мал ұрлығының басым бөлігі үй жануарларын қараусыз қалдырудан орын алуда. Өкінішке орай, осындай жайттардың салдарынан мал ұрлау фактілері жиілеп отыр. Осыған байланысты біз жұмыс жоспарын күшейттік. Яғни, ауылдық округ әкімдерімен бірлесе, көше бойында немесе ауыл сыртында қараусыз жүрген төрт түліктің иелеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.

Дәлірек айтар болсақ, алдағы уақытта дәл осындай кемшіліктер жіберілген жағдайда әкімшілік кодекстің 408-ші бабы бойынша шара қолдануға мәжбүр екенімізді ескертудеміз. Тіпті, әр сәрсенбі сайын біздің қызметкерлер мал базар маңында тұрып, сату алаңына құжатсыз мал әкелуге болмайтынын да сәт сайын айтудамыз. Бұған аудан тұрғындары түсіністікпен қарағаны абзал. Себебі аталмыш іс-шаралар қылмыстық іс-әрекеттерді тыюға, әккі ұрылардың бастапқыда ойлаған арам ойын жоюға әсер етеді» –деп бөлімше басшысы осы күнге дейін атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп берді. Сөз соңына қарай Айдын Қанатұлы аудан тұрғындарын жауапкершілікке шақырды.
Иә, расымен де кезінде өзекті мәселеге айналған мал ұрлығы жыл өткен сайын азайып келеді екен. Бірақ, сонда да қорасында төрт түлігі бар әрбір азамат жауапкершілікті жіті ұғынғаны абзал.
Әңгімеміздің әуені жауапкершілікке қарай ауысты ғой. Ендеше төрт түлікке қатысты тағы да бір мәселені қаузай кетейік. Біздің ауданды жағалай кесіп өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бар. Жасыратын несі бар, аталмыш авто жолда соңғы кездері жол көлік оқиғасы жиілеп кеткен. Соңғы статистикаларға көз жүгіртетін болсақ, онда биыл 39 көлік қақтығысы тіркелген. Соның салдарынан тіпті 12 адам мерт болып, 84 адам түрлі жарақат алған. Мүмкін сенбессіздер, дегенмен аты аталған фактілердің күрт өсуіне төрт түліктің автодәліз бойында жайылуы да айтарлықтай әсер етуде. Сондықтан да малды қараусыз қалдырмау – аса маңызды. Тағы да ескеретін бір жайт бар. Егер де сіздің төрт түлігіңізді жол бойында көлік қағып кететін болса, барлық шығынды жүргізуші емес, мал иесі өтетейтінін біліп жүріңіз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: