“Төбедегі” төрт мәселе

495 Views

Қазақта: «Алтау ала болса ауыздағы, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген қаймағы бұзылмаған қанатты сөз бар. Аудандық Қоғамдық кеңеске төрағалық еткелі Шорабек Атабаев аузы дуалы ақсақалдардың осынау мәйегі бұзылмаған сөзін төралқа мүшелерінің жадына түйіп, қандай шешім қабылдаса да оны байыппен қарап, бағамдап барып, төрт көзі түгел мүшелерінің назарына ұсынады.
Осы жолы Қоғамдық кеңес мүшелері сүбелі-сүбелі деген бес мәселе қарады. Оның алғашқысы Қоғамдық кеңестің құрамынан шығып қалған мүшелерінің орнына жаңа адамдар сайлау болатын. Иә, «Қоғамдық кеңес туралы» Заңның шыққанына биыл алты жыл толыпты. Енді мүшелікке қабылдау құзыреті кеңестің өз құзыретіне тиіп отыр. Сондықтан болар, төраға Қоғамдық кеңес мүшесі М.Ыстыбаевтың сайлау туралы хабарламасын тыңдап болысымен конкурсқа түскен жеті адамның құжаттарын талқылауға көшті. Конкурсқа түскен бір үміткердің құжаттары толық дайын болмағандықтан, оны кеңес мүшелері сайлауға жібермеу туралы шешім қабылдады. Қалған алты үміткер Қоғамдық кеңестің тоғыз мүшесінің сынақ таразысына ашық дауыспен түсті. Нәтижесінде ең көп дауыс жинаған заңгер Тоқтаған Ахметов пен қоғам белсендісі Қалдығұл Қойшыманов Қоғамдық кеңестің мүшесі болып бірауыздан сайланды. Кеңес мүшелері сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау жөніндегі бос тұрған тұрақты комиссияның төрағасы лауазымына және кеңестің төралқа мүшелігіне Қ.Қойшымановты бекітті. Мұнымен ұйымдық мәселе тәмам болған жоқ. Аудандық Қоғамдық кеңес өткен оқу жылында елімізде жүргізілген карантиндік шараларға байланысты мектептердің сырттай оқу тәсіліне көшуінің білім беру мен тәрбие сапасына қаншалықты әсер еткенін зерделеу және бұл мәселенің ерекше маңызды екенін ескере отырып, аудандағы мектептер мен балабақшалардың білім беру мен тәрбие жұмыстарын үнемі бақылауда ұстау мақсатында ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 26 ақпандағы №69-шы бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереженің 2-ші тарау, 2-ші параграфы, 41 және 44 –ші тармақтарына сәйкес, «Білім беру және тәрбие жұмыстары, қоғамдық және жастар ұйымдарымен байланыс» жөніндегі комитет құрылсын, комитеттің құрамын қалыптастыру кеңес төрағасына жүктелсін» деген тұжырымдамамен отырғандарды төрағаның өзі таныстырып өтті. Артынша қоғам мүшелерінің бірауыздан қолдауымен комитет құрылды. Алдағы кеңес отырыстарында комитеттің мүшелерін сайлау, олардың міндеттерін пысықтау мәселесі қосымша қаралатын болып келісілді. Комитет бұдан былай аудандық Қоғамдық кеңестің жұмысшы органы болып табылады. Кеңес төрағасының комитетті құруға да, таратуға да құқылы екені айтылды.
Екінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Асқар Әміреев «Т.Рысқұлов ауданы бойынша сот шешімімен коммуналдық меншікке түскен болып танылған иесіз қалдықтарды басқару Қағидаларын бекіту туралы» 2017 жылғы 14 желтоқсандағы №21-8 шешімінің күші жойылды деп тану туралы» ұсыныс жасады. Кеңес мүшелері оның күшін жоюға өз тараптарынан келісімін берді. Осыдан соң аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Назарбеков «Мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» ұсыныс жасады. Оның ұсынысын да кеңес мүшелері бірауыздан қабылдады.Ал аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Л.Сапарбекова аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 23-ші желтоқсандағы №64-5 «2021-2023 жылдарға арналған аудандық бюджет» шешіміне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасады. Бөлім басшысының ұсынысын кеңес мүшелері қабылдады. Алайда игерілмей кері қайтарылған 80 миллион теңге қаражат пен кеңес мүшелерінің бұрынғы отырыстарда көтерген Құлан ауылы орталығынан полицияның бақылау пунктін салу туралы мәселенің осы күнге дейін шешімін таппай отырғанына реніштерін білдірді. Бұл туралы Л.Сапарбекованың кеңеске толығырақ ақпарат беруін талап етті.
Кеңес осымен өз жұмысын аяқтады. Дегенмен, біз бұл отырыстан «төбедегі төртеудің» түгелдігін байқадық. Қоғамдық кеңес расында көптеген күптігей мәселелердің түйінін шешіп, қоғамға айқын бағыт-бағдар бере алатын орган екенін тағы бір қырынан көрсете білді деп айтуға болады.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: