Ұлы далада соғылған алғашқы қоңырау
Бүкіл ғұмырын туған халқына арнаған, білімді, білімі арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру үшін жан беріп қызмет қылған педагог, аса көрнекті ағартушы, жазушы, ақын, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысы, Затоболск ауданында дүниеге келген.
1841 жыл тарихи оқиғаларға толы жыл еді, осы жылы Ыбырай дүниеге келсе, Кенесары хан тағына отырған, ал Бөкей ордасында мектеп ашылған болатын. Әкеден ерте айырылған Ыбырай Балғожа бидің қолында тәрбиеленіп, Орынбор шекаралық комиссиясы жанынан ашылған мектептен білім алған.
Елінің дамуы үшін білімнің ауадай қажет екенін ерте түсінген Ыбырай орыс демократтарының тәжірибесін үйреніп өзін шыңдады. Сол кездегі орыстың педагог-жазушылары К.Д.Ушинскийдің, Л.Н.Толстойдың еңбектерімен танысып тәжірибесін пайдаланды. Заманын ерте түсінген Ыбырай – отарлық саясаттың пұшпағында жүрген халқына үлкен пайдасын тигізбекке бел байлап, әлемдік әдебиеттің классиктерін өз бетінше оқып, ұлы істің басын бастап іске кірісті. Ол іс былайша өрбіген болатын. 1857 жылдан 1859 жылға дейін орта мектепті бітіргеннен кейін атасы Балғожа бидің хатшысы болды. Кейін оны кіші аудармашы ретінде Орынбор облысының әкімшілігіне ауыстырды. 1860 жылы Орынбордан Торғайға көшіп, мұғалім болды. 1864 жылы ол қазақ балаларына арналған алғашқы мектеп ашты. Дәл осы сәттен бастап, оның білім беру және педагогикалық қызметі басталады.
Ы. Алтынсарин орыс, араб және татар тілдерін еркін меңгерген. Ол кезде қазақ балаларына мектеп ашу өте қиын болатын. Дегенмен, 1864 жылдың қаңтарында Ыбырайдың тікелей қатысуымен алғашқы қазақ мектебі ашылды. Ыбырай қазақ даласында бірінші болып қыздарға білім берді. 1886 жылы Ырғыз қалалық қоғамы Торғай облыстық оқу ісінің басқарушыларының алдына Ырғызда қыздар мектебін ашу туралы мәселе қойып, бұл мектеп үшін қала қаражатынан 500 сом және алғашқы қажеттілікке 200 сом бөлуді сұрап хат жазды. Сол жылдың 18 желтоқсанында және 1887 жылы 5 ақпанда Торғай облыстық әскери губернаторы, генерал-майор Проценко Ресей Халық ағарту министрлігіне Ырғызда қыздар училищесін ашудың қажеттілігі, оның жергілікті ұлтты өз саясаттарына тәрбиелеу құралы болып табылатындығы туралы және ол үшін қосымша қаражат бөлу жөнінде хаттар жолдады. Қорытындысында Ресей Халық ағарту министрі 1887 жылғы 11 наурызда Ырғызда қыздар училищесін ашу туралы № 4565 бұйрығын шығарды.Торғай облысының (облыс ол кезде Орынбор губерниясына қарады және құрамында Торғай, Ырғыз, Николаев, Елек уездері болды) білім саласының басшысы ретінде Ы.Алтынсарин бұл бұйрықтың орындалуына ынтамен кірісті.
1891 жылы ағартушы қайтыс болғаннан кейін Торғайда, 1893 жылы Қостанайда, 1895 жылы Қарабұтақта және 1896 жылы Ақтөбеде әйелдер мектебін ашуға рұқсат етілді. Құжаттарға сәйкес, бұл да Ы.Алтынсариннің ізденістерінің нәтижесі екендігі дәлелденді.
Ы. Алтынсарин тәрбие жұмысының ең озық әдістерін пайдалана отырып, балаларды ана тілінде оқытуға ерекше назар аударды. Сондықтан ол «Қазақ хрестоматиясы» оқулығын және «Қазақтарды орыс тіліне оқытуға арналған бастапқы оқулық» дидактикалық құралын жазды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірер болсақ, Ы.Алтынсарин қазақ мәдениетінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан тұлға. Ол қазақ даласында алғашқы педагогикалық оқулықты дүниеге әкелді, далалық мәдениеттің сақталып қалуы үшін салт-дәстүрді, әдеп-ғұрпын зерттеді, ал далалық мәдениеттің байуы үшін мектеп ашты. Бұл Ыбырай үшін сол кездегі кезек күттірмес мәселелердің бірі болған. Ы. Алтынсарин осы білім беру мәселесін алға қойып, шешімін табу үшін небір қиындықтарды жеңе отырып, көздеген мақсатына жетті. Жоқтан бар жасаған Ыбырай мектеп ашып қана қоймай, оның желісін құрды, методикасының алғашқы баспалдағының негізін қалады. Осылайша алғашқы қоңыраудың үні ұлы далада соғылған еді.
Асия Алдейбекова,
«Алтын сақа» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.