Ағаш көшеттері отырғызылды
28 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
«Шындық» атты арғымақтың шабандозы атанған Шерағаңды кейінгі кездері көп оқып жүрмін. Шындықтың шырақшысы болған Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты шығармасының өзі есерсоқты еркінен тыс тәрбиелеп, бұрыс жолмен кетіп бара жатқан жанды дұрыс арнаға бұратыны айтпаса да белгілі. «Қызыл жебені» дүниеге әкеліп, Тұрардай тау тұлғаны Тұран далаға танытқан талантты жан жайында ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин былай деген екен.
«90 жылдары үлкен алып империя ыдыраудың алдында тұрған кезде «Социалистік Қазақстан» газетіне Шерағаң келді. «Социалистік Қазақстан» деген атау 1991 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгертілді. Міне, сол кезде бұл кісі Парламентке депутат болып сайланды. Сонда қалың қазақ басқадан күтпесе де Шерхан Мұртазадан әділ, отты, жалынды және шын сөзді күтетін еді. Ол кездегі 360 депутаттың басым көпшілігі қазақтың интеллектуалдары болатын. Солардың арасынан дауысы ең жарқын шыққан және шындықтың бәрін шыңғыртып айтып, көшімізді басқарған бірден-бір тұлғалардың бірі – Шерхан Мұртаза. Қалың ел теледидардың алдына Шерханды тыңдау үшін жиналатын. Өйткені, ол айта білетін еді және ешкімнен жасқанбай, біреудің алдында бүгежектемей ұлттық құндылықтар жөнінде, ұлттық мәселе жөнінде дәл сол көштің басында тұрды. Кешегі Алаштың арыстары секілді қазақтың намысына қайрақ, жігеріне қамшы сала білген адам, сонысымен қадірлі бола білді», – дейді Нұрлан Оразалин. Расымен де, біздің үйдің үлкендері Шерағаңды осы қасиеттері үшін құрметтейді әрі қадірлейді. Әсіресе, әкем «Шерағаң секілді айтар ойыңды ешқашанда жасырма» деп үйретті. Қазақ ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін халықтың бірі ғой. Бәлкім сол әкеміз айтқан ақыл-кеңесті санамызда сары майдай сақтап алдық па, белгісіз… Әйтеуір… Шерағаң жүрген журналистикалық жолмен ақырындап адымдап келеміз. Әуеліде ұстаздық жолды таңдасақ та, жүрек түбінде журналистикалық қызмет тулап тұрды. Сол себепті де бүгінде БАҚ саласында бағымызды сынап жүрміз. Шындықтың шыңына шыққан Шерағаңдай бола алмайтынымыз әу бастан белгілі ғой. Бірақ, көз көрген шындықты әрдайым айтуға, қара халықтың назын билік өкілдеріне жеткізуге мен міндеттімін. Атақты әдеби сыншы Николай Михалковский «Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады» деген екен. Бүгінгі тақырып жайында жазушы, журналист Тадеуш Бреза айтқандай, «Қаншалықты жазу қиын болса да, бірақ мүлдем жазбау одан да қиынырақ болып тұр». Біз бүгін қозғайтын мәселе жол көлік қозғалысына қатысты болмақ. Ендеше осы бір жазбамызды мұқият оқуларыңызды өтініп, орын алған олқылықтар төңірегінде нақты шешімдер қабылдауларыңызды сұранамыз.
Мәнді мәселеміздің әуенін түп төркінінен бастасақ. Бірде біздің редакциямызға қара торылау келген, бойы аласа, қырықтың қырқасына шыққан бір жігіт келді. Екінші қабатқа жылдам шыққан-ау шамасы. Ентігін әрең басты. Қолындағы көлік кілтіне қарап, жүргізуші екенін аңғардық. Әлгі жігіттің бет әлпетіне зер салсаңыз, сәл ашуланып тұрғанын байқауға болады. Біз ұсынған орындыққа отырған ол ақырындап келген мәселесін айта бастады. «Менің көлік жүргізгеніме 14 жылдың жүзі болды. Жол ережесін бұзуға өз тарапымнан ешқашанда ерік берген емеспін. Тіпті, көлік құралын басқару кезінде жол белгілеріне мұқият қарап отырамын. Бірақ бүгін мені жол патрульдік полициясы тоқтатты. Жаяу жүргіншілер өтетін жерде өрескел заң бұзғанымды айтып, тиісті айыппұлды да салып берді. Көлігімнен шығып, жан-жағыма қарасам, арнайы жол белгісі тұр екен. Бірақ, белгі талапқа сай орналаспағандықтан, жүргізушілерге дұрыс көрінбей тұр. Ал сызылған жолағы ескіргендіктен, тозығы жетіп, өшіп қалыпты. Жағдайды құзырлы орган өкілдеріне қанша түсіндірсем де олар көнбеді. «Заң бәрімізге ортақ» деп, өз міндеттерін орындап тұрғанын жеткізді. Ендігі бар үмітім – сіздерде. Алатын айыппұлымды алдым ғой. Ендігі мақсатым – тура менің жағдайыма өзгелер түспесе деймін» – деп орын алған оқиғаның мекен-жайын айтып, осы мәселе жайында зерделеу жұмыстарын жүргізуді, нәтижесін газет бетіне жариялауды өтінді.
Өтінішті өзектен теппейтін біз, бірден сол жерге бардық. Расымен де өтініш иесі баяндағандай, аталмыш жол белгісі талапқа сай орналаспаған екен. Бір жағы қисайып, сызылған жолағы өшіп қалудың алдында тұр. Қайтар жолда басқа да белгілерге зер салдық. Сенесіз бе? Талапқа сай келмейтін, тіпті, белгілердің қойылуы керек жерлерде жоқ екенін аңғардық.
Редакциямызға келе салысымен зерделеу жұмыстарын әлеуметтік желілерді парақтаудан бастадық. Аудандық полиция бөлімінің ресми парақшасына кіріп, маңызды бір постқа (жазбаға) жолықтық. Онда олар:
– Т.Рысқұлов АПБ ӘПб Жол және техникалық инспекциясы тобы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданға қарасты маңызы бар автожолдарға 137 тексеру жұмыстарын жүргізді. Онда 300-ден астам кемшіліктер анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді ретке келтіру мақсатында аудан әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шарушылық және автомобиль жолдары бөліміне бірқатар ұйғарымдар жолданған. Бірақ жолданған ұйғарымдарға «ЖКХ» қызметкерлері қаражат бөлінбегені туралы жауап қайтарумен ғана шектелген. Яғни, бүгінде анықталған кемшіліктерді ретке келтіру бойынша тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүріп жатқан жок. Бұдан Т.Рысқұлов ауданының әкімі «ЖКХ» қызметкерлерінің жұмыстарын бақылауға алмайтыны анық аңғарылып тұр – деп жазылыпты.
Жазбаны оқи сала қолымызға қойын дәптерімізді алып, Олжас Омарбеков басқаратын аудандық полиция бөліміне бардық. Аталмыш бөлімнің кіреберісіндегі күзетші жігіттер біздің мәселеміз бойынша Т.Рысқұлов АПБ ӘПб Жол және техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік автоинспекторы Нұрсеит Баймұхамбетов жауапты екенін айтып, оны шақырып берді. Полиция лейтенанты Нұрсеит Әбдібекұлы аты аталған мәселені қазіргі таңда өзектілердің қатарына жатқызатынын жеткізді де, бізге ресми түрде мәлімдеме берді. «Ағымдағы жылы аудан әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шарушылық және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе ауданға қарасты автожолдарға 137 тексеру жұмыстарын жүргізіп, мүдделі мекемелерге 137 ұйғарым жолдадық. Алайда ұйғарымдарда көрсетілген 300-ден астам кемшіліктерді ретке келтіру бойынша аудан әкімдігіне қарасты тиісті мекеме (ЖКХ) немқұрайлылық танытып келеді. Сол немқұрайлылықтың салдарынан аудан аумағында жол көлік оқиғаларының саны күн санап артуда» деп нақты жауап қайтарды.
Рас. Бүгінде дүйім жұртты індет бір жағынан қыспаққа алса, екінші жағынан аталмыш жол көлік оқиғалары да құтымызды қашырып тұр. Көлік қақтығыстарының бәріне тек жүргізушілерді түбегейлі кінәлауға да болмайды. Себебі оған көктайғақ кезінде жолға сапалы әрі тиісті жұмыстардың жүргізілмеуі, жол белгілерінің талапқа сай қойылмауы айтарлықтай әсер етуде. Мәселен, биылдың өзінде көлік қақтығыстарының кесірінен республика бойынша 1000-ға жуық адам көз жұмған. Ал жарақат алғандары қаншама десеңізші? Аймақ бойынша да орын алып тұрған көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Тіпті, аудан бойынша биылдың өзінде 15 адам жол апатынан қайтыс болған. Бұл соңғы он бір айда орын алған оқиғалардың нақты көрсеткіші.
Тілші түйіні: Әрине жол бойындағы олқылықтарды ретке келтіру үшін қомақты қаражат керек екені айдан анық. Тіпті, бүгінгі таңда қаражаттың басым бөлігі эпидахуалды реттеуге, бірқатар нысандарды жөндеуге кетіп жатқанын жақсы білеміз. Әрине дұрыс. Бірақ, біздің ойымызша бүгінгі қозғалған мәселені де бей-жай қалдырмауымыз керек секілді. Себебі, бұл мәселенің артында адам өмірі тұр. Ал мемлекет үшін адамның құқығы мен қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, «түймедей нәрсеміз түйедей» болып жүрмесін дегіміз келеді.
Алдағы уақытта аудан әкімі Ерболат Садырқұлов бастаған аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері мәнді мәселе бойынша ортақ пікір алмасып, дұрыс шешім қабылдайды деп сенеміз.
Жәнібек СҰЛТАН.
Суреттер аудандық полиция бөлімінің ресми сайтынан алынды.