Ағаш көшеттері отырғызылды
38 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Ұлы Дала елінде әлем картасынан ойып тұрып орын алған Қазақ елінің тәуелсіздіктің туын тіккеніне де отыз жыл болыпты. Сырт қарағанда, айтуға оңай сияқты. Бірақ осы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде тұғырлы тәуелсіздік тұсында қол жеткізген толағай табыстарымыз бен жеткен жетістіктерімізді таразыласақ, көз қуантады.
Ең алдымен, тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан Еуразия кеңістігінде әрі байырғы, әрі жас, жаңа тұрпатты қуатты мемлекетке айналғанын мақтанышпен тілге тиек етуге болады. Сондай-ақ, батырлар жортқан Сарыарқаның сайын даласы бүгінде бүкіл әлем көз тіккен алтын сарайға айналды. Кезінде Хан Кененің аттың жалы, түйенің қомында жүріп қорғаған Сарыарқа даласында Елорда салтанат құрды. Ел айбынына айналған жас қала бүгінгі күні азаттықтың шамшырағындай жарқырайды!
«Айналдым, аруағыңнан, ер Кенекем,
Тәңірі тілегіңді берген екен.
Тентіреп жердің түбін жеті айналып,
Қазақтың құты қайтып келген екен!» – деп ақын Несіпбек Айтұлы жырлағандай, Тәңірім ата-бабаларымыздың тілегін беріп, Қазақтың құты қайтып келді!
… Иә, жері – байтақ, елі – дархан Қазақстан бүгінде бодандықтың бұғауынан босаған Тәуелсіз мемлекет. Экономика, ғылым, білім, әдебиет, мәдениет, спорт, айта берсек, барлық салада да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері мен жаңалықтары бар дамыған мемлекет. Әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын өркениетті ел. Әлемде бодандықтың бұғауынан босай алмаған елдер қаншама? Деректерге қарағанда, дүниежүзінде алты мыңға жуық ұлттар мен ұлыстар бар екен. Солардың екі жүзге жуығы ғана тәуелсіз мемлекет болып отыр. Әр ұлт үшін тәуелсіз ел болу ұлы арман десек, Қазақ елі – сол ұлы арманын ақиқатқа айналдырған бақытты ел! Сондықтан Тәуелсіздік еліміздің әр азаматы үшін баға жетпес байлық, қасиетті құндылық болуы тиіс. Өйткені бұл жолда ата-бабаларымыз жан берісіп, жан алысқан. Осы күн үшін қазақ халқы зар заманды да, кер заманды да, қор заманды да, тар заманды да бастан кешкен.
Алысқа бармай-ақ, өткен ғасырға көз жіберсек, қазақ даласында жастар үшін бірнеше оқу орындарын ашып, ана тілімізді дамытып, ұлттық мемлекет құруды мақсат еткен зиялы қауым өкілдерінің ұлт болашағы үшін тоқтаусыз күрес жүргізгенін көреміз. Ұлттық рухымызды оятып, санамызға серпіліс әкелген ұлт зиялылары жер тағдыры, ел тағдыры, тіл тағдыры талқыға түскен сын сағатта басын бәйгеге тіккен тар заманның құрбандары – Алаш арыстары еді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жақып Ақбаев, Мұхамеджан Тынышпаев, Бақытжан Қаратаев, Смағұл Сәдуақасов, Халел Досмұхамедов сияқты заманынан озып туған Алаш зиялылары еді. Бүгінгідей Тәуелсіздіктің торқалы тойында азаттық үшін алысып, өзі айтқандай, қазаққа қызмет қылған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов жайлы бірер сөз айтпай кету мүмкін емес.
Әлихан Бөкейханов еркін ел болуды мақсат тұтқан «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылуына себепкер болды. Ағартушылық бағыттағы зиялы қауым өкілдерінің тобын құрды. Оларға үнемі дем беріп отырды. Мысалы, Міржақып пен Ахметке: “Шырағым Ахмет, шырағым Мир-Якуб, сендердің абақтыларың солардың абақтысы ғой. Ертең-ақ, Алла қаласа, күнді көре алатын ұрпақ келеді. Еңбектеріңді бағалап, құрмет көрсетіп жатса, онда бейнеттеріңнің ақталғаны емес пе?!” – деп оларды жігерлендіреді. Ахметке жазған хатында: «Кеңес өкіметі қолымызды байлап отыр. Бізді сөйлетпейді. Бірақ, біз ұлтқа көп нәрсе істей алмаймыз. Ахмет, сен оқулықтар жаз, ғалымсың ғой. Мағжан қолынан келсе, өлеңдерімен жазсын. Бірақ әрқайсыңның ұлттық ғылымға қосатын үлестерің болсын», – дейді.
Халқын жан-тәнімен сүйген, ұлтына адал болған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ арыстарының іс-әрекеті жүзеге аспады. Олар жер аударылды, қуғындалды, сотталды, ату жазасына кесілді. Бірақ, олар қазақ мемлекеттігінің негізін қалап кетті. Бұл ХХ ғасырдың басындағы үлкен тарихи бетбұрыс еді. Алаш арыстары репрессияға ұшырағанымен, олардың арманы көп ұзамай, жарты ғасырдан соң ақиқатқа айналды. ХІХ ғасырдың аяғында, 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылды! Алаш арыстары армандаған азаттықтың ақ таңы атты. Бұл бақытты сәтті олар көрмесе де, «Ертең-ақ, Алла қаласа, күнді көре алатын ұрпақ келеді» деп, болашаққа көрегенділікпен болжам жасады. Демек, бүгінгі ұрпақ тарих алдында тәуелсіздік құрбандары үшін қарыздар екенін ұмытпау керек. Алаш зиялылары бізге аманаттаған Алаш идеясын мәңгілік ету жолында тер төгу керек.
Ешқандай халық өзінің жүріп өткен тарихи кезеңдерінен сабақ алмай, келешекке дұрыс қадам баса алмайды. Ел тәуелсіздігі жолында күресіп өткен тарихи тұлғаларымыз бен ұлы бабаларымыздың өсиеті мен өнегелі ісі бүгінгі ұрпақ үшін тағылым болуы керек. Ендеше, біз, тәуелсіз елдің ұстаздары, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын десек, білім бәсекесі сынға түскен мынадай заманда егемендіктің туын желбіретіп, қазақ елінің рухын асқақтататын ұрпақ тәрбиелейік.
Роза Мәмбетиярова,
Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
ҚР «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері»,
«Білім беру ұйымының үздік педагогы».