Ол да алаңда болған еді…

464 Views

Әлімжан атақты арғымақ Абсентті көріп өсті. Көгершін ауылының өзі табиғаты әсем Шал тауы мен Көгершін тауының баурайында болған соң ба, Әлімжан әр атқан таң сайын Алатаудың асқар шыңдарына қарап ұйқыдан оянатын. Аршасы мен шыршасы тау мен тасты көмкерген асқаралы шың оның бала қиялын көкке өрлетті. Ол сегізінші сыныпты бітіре салысымен-ақ Алматыға, онда да өзінің балғын да балалық қиялындағы Н.В.Гоголь атындағы көркем сурет училищесіне құжаттарын тапсырды.
Иә, Әлімжан мектепте оқып жүрген кезден-ақ табиғаты әсем туған жері туралы суреттер салып, аудандық, тіпті, облыстық суретшілер байқауына қатысып, жүлде алған. Әсіресе, оның сәйгүліктер, таңғажайып табиғат туралы қылқаламға түскен, әлі де болса бояуы қана қоймаған, алайда, бала қиялынан туған шағын сюжеттері мен композициялары көрмеге қойылмаса да көптің көңілінен шығып, Әлімжанның өнерге деген құштарлығын оятқан еді.

Курстастарымен бейнелеу өнері туралы пікірталастарға қатысып, өзінің тырнақалды туындыларын өзі құралыптас студенттердің көрмелеріне шығарып, жұрттың көзіне іліккен оның студенттік өміріне 1986 жылғы 16-17-ші желтоқсандағы оқиға өшпестей із қалдырды. Ол сол кезде Гүлнәрмен жаңа танысқан. Гүлнәр ол кезде Чайковский атындағы музыка училищесінің домбыра класында оқитын. Сол күні екі училищенің студенттер і қолдарына транспоранттар ұстап, орталық алаңға беттеп бара жатқан қалың тобырға ілесіп кете берген. Сонда Әлімжанмен бірге оқитын кейбір курстастары алаңға не үшін бара жатқандарын орталық стадионнан өткенде барып білген. Әлімжанмен бірге қоян-қолтық қол ұстасып тараздық Жанболат, талдықорғандық Марат, семейлік Серікқали, Манат деген азаматтар бірге алаңға барды. Алаңға келген соң бұлар топ-топ болып трибунада тұрып сөйлеп жатқандардың сөзіне құлақ түрген. Сонда естігендері бұлардың көкейінен шыға қоймады. Өйткені жастар: «Қазақты қазақ басқаруы керек! Қонаевты не үшін орнынан аласыңдар! Колбиннің бізге керегі жоқ!» деп өздерінің ойларын ашық білдіре бастады.
Түс ауа алаңда абыр-сабыр көбейді. Қолында дойыры бар қара киімділер пайда болды. Бұл кезде Әлімжан Гүлнәр мен Ләззат Асанованың тобына келіп қосылған. Бірінші түнді алаңда алау жағып, жастар «Менің Қазақстанымды» айтып түн ауғанша отырды. Біраз жастар жатақханаларына кетіп қалды. Біразы алаңда таң атқанша болды. Ертесіне алаңға БТР, өрт сөндіретін машиналары бар әскерилер қаптап кетті. Бұл күнгі толқу алғашқыдан да күшті болғаны соншалық еркіндік туын көтерген, қолдарында түгі жоқ жастар наразылығын бұрынғыдан да күшейтті. Енді милиция мен қара киімді жалдамалы әскерилер көтерілісшілерді аямай соққының астына алды, тіпті олар қыздарды да шашынан сүйреп машиналарына әкетіп жатты. «Осындай сойқан қақтығыстардың бірінде сеңдей соғылысып жүріп Ләззаттан айырылып қалдық. Оны әлгі қара киімділер сүйреп әкетіп қалды» дейді Әлімжан. Иә, Әлімжан достарымен, құрбы-құрдастарымен бірге жүріп, екінші күні екіндіде жатақханаға әрең жетті. Гүлнәр мен оның құрбылары да сол күнгі сойқан қудалаудан әупіріммен аман қалды. Әйтпесе, алаңға шыққан жастарды Колбиннің жендеттері ұстап әкетіп еді. Енді оларды сұраққа алу басталды. Әлімжан мен Гүлнәрды да осындай сұраққа алып, түсініктеме жаздыртты. Ал, Ләззат үшінші күн дегенде әрең жатаққа келді. Түрінен түр жоқ, өңі солғын. Кәдімгі бір азап көрген адамдай түнеріңкі, ешкіммен тілге келмей төсегіне жатып қалды. Ертеңіне оның тоғызыншы этаждан құлап бара жатқанын Гүлнәр мен оның курстастары көріпті. Сөйтіп, қыршын жас ойда жоқта жендеттердің құрбаны болды.
Әлімжан 1987 жылы аудандық білім бөлімінің жолдамасын алып, өзінің туған ауылы Көгершінге келген. Енді ол Ақтоған орта мектебіндегі шәкірттерге сурет сабағынан дәріс беретін мұғалім болды. Сөйтіп жүргенде оны әскерге шақырды. Әлімжан әскери борышын Красноярскідегі сантехниктер батальонында өтеп, алғаш суретші, клуб меңгерушісі болды. 1989 жылы әскери борышын өтеп, ауылға келген соң өзінің мұғалімдік қызметін одан әрі қарай жалғастырады. Сол жылы Әлімжан өзінің ғашығы Гүлнәрға үйленіп, оны сонау Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылынан Көгершінге әкеліп, жеңгелері оның басына орамал салады. Міне, сөйтіп, екі желтоқсаншы жиырма екі жылдан бері бір шаңырақтың астында Көгершін ауылында тату-тәтті отбасы болып тұрып жатыр. Олардың бес қызы бар. Гүлнәр да өзінің мамандығы бойынша оқушыларға музыкадан дәріс береді. Ал Әлімжан болса, 2001 жылдан бері Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепте. Ол сол жылдары Құлан агротехникалық колледжі жанындағы лицейде «Өнер» мектебінің меңгерушісі де болды.
Қазір Әлімжан Аман­кел­ді­ұлы Айымбеков Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Үздік педагог». Республика Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткен «Өнерлі өрге жүзеді» атты көрмеге қатысып, бейнелеу өнерінің терең қырларын аша білгені үшін Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің марапатына ие болады. Осыдан соң-ақ, оның өнері өрге жүзді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мұғалімдер арасында өткен аудандық «Қазақ хандарының портреті» атты суретшілер байқауында шығармашылық қабілетімен ерекшеленіп, екінші орын алады. Аспара мәнерлік өнер және бизнес коледжінің «Ұлы дала рухы» тақырыбында ұйымдастырған жас дарындар байқауына қаты­сады. Ол Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына орай Т.Рысқұлов ауданында мемлекеттік жас­тар саясатын іске асыру мақ­сатында жас суретшілер арасында ұйымдастырылған «Ұлтым деп соққан жүрегім» атты аудандық байқауда ең үздік шығармасы үшін бас жүлде алып, халықаралық «EXPO – 2017» көрмесінің өткізілуіне орай «Астана – болашақтың энер­гиясы» тақырыбында ұйым­дастырылған жас дарындар байқауына қатысқаны үшін облыс әкімдігі білім басқар­масының, «Жарқын болашақ» республикалық ғылыми-әдіс­темелік журналының Алғыс хаттарына ие болады. Жақында желтоқсаншы ұстаз Шымкент қаласында өткен халықаралық «Асыл мұра» симпозиумына қатысып, Орта Азия мемлекеттері арасындағы алғашқы бестіктен орын алып қайтты. Әлімжан сонымен қатар Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекелік медалімен марапатталды. Міне, біздің Әлімжан осындай орны мен оябы бөлек азамат.

С.Қожеке. Суретте: Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Үздік педагог» Әлімжан Аманкелдіұлы Айымбеков.

Поделиться ссылкой: