Тәу етер ТӘУЕЛСІЗДІК

439 Views

Еркіндікті аңсаған еліміздің тәуелсіздікке жету жолындағы сан тарау талайлы тағдыры – біздің төл тарихымыз. Талай тар жол тайғақ кешулерден өткен халқымыз осыдан 30 жыл бұрын аңсарлы арманына қол жеткізіп, жаңа белестің бастауында тұрған еді. Өткенімізді тарихтың ақтаңдақ парақтарынан ақтарып тауып, қайта жаңғыртуға Тәуелсіз ел атанған соң ғана мүмкін болғанын көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Ал осы егемен елдің 30 жылда мемлекеттілігімізді нығайту жолында қандай тәуекелдерге барғанын бүгінгі ұрпақ толық түсініп, бағамдай алды ма?!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы дәл осы сұрақтың нақты жауабын берген секілді. Сындарлы 30 жылды артқа қалдырған мемлекетіміз міне, енді тағы бір жаңа белестің бастауында тұр. Ендігі бағытымыз қандай болмақ? Бұл сауалға Елбасы: «Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу» дей келе, өркениет даңғылына өз көшін бағыттаған еліміздің болашақтың іргесін 30 жылда қалай бекемделгенін атап көрсеткен.
«Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды әлемнің ең үздік университеттерінде оқыттық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өткен ғасырдың 90-жылдары біз студенттердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды» – деп атап көрсетеді. Шынтуайтына келсек, кезінде «Болашақ» бағдарламасының келешегі мен берері жайлы күмән келтірген «сәуегейлер» де болған еді. Бірақ, бұл қадам күткен болжамдардың үдесінен шыққанын ел көрді. Сонымен қатар осы бағдарлама өз елімізде әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері желісі, ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптарға арналған «Астана – хаб» халықаралық технопаркінің ашуға негіз қалады. Осының өзі Елбасының елдің келер күндегі сын-қатерлердің алдын алудағы көрегендігін көрсетеді.
Сарабдал саясаткердің келешектегі қауіп-қатерлерді болжап, жаһандық деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жолын ұсынған бастамаларына әлем сарапшылары кезінде тиісті баға бергені есте. Соның алғашқысы – ядролық қарусыздандыру мәселесі болса, екіншісі – әлемнің ең бай мемлекеттерінің әскери-соғыс мақсатына қарастыратын шығындарының 1 пайызын бөлу арқылы адамзатқа айтып келмейтін, төтенше апаттарға қарсы күресудің халықаралық қорын жасауды ұсынғаны. Бұл туралы Елбасы мақалада: «Әңгіме ол кезде БҰҰ-ның бітімгершілік күштері туралы болған еді, бірақ, біріншіден, маңыздысы идея және ұжымдық әрекеттестіктің тетігі болатын, екіншіден, түрлі елдерде тәулік сайын жүздеген, тіпті, мыңдаған адамды баудай түсіріп жатқан пандемияның соғыстан несі кем?» деп атап көрсетеді.
Қазіргі пандемия жағдайы көпшілігіміздің көкейімізге көп уайым ұялатып отырғаны жасырын емес. Әлемдік деңгейдегі ғалымдар жуырда ғана «Біздің ғаламшар, біздің болашағымыз» саммитінің қорытындысы бойынша әлем мемлекеттеріне үндеу жасап, пандемия адамзат дамуына Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен апат болып енгендігін атап көрсеткені мәлім. Кез келген сын-қатердің алдын алудың бірден-бір жолы – соны болжай білетін және соған төтеп беретін тәуекелдерді жасай білетін білімді ұрпақ тәрбиелеу. Мәңгілік елдің берік іргесі де – солар.

Айнұр Баймұратова,
аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты.

Поделиться ссылкой: