Абай мұрасы – рухани жаңғыру өзегі
Ахмет Қамшыбек,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің ІІІ курс студенті.
(Соңы. Басы өткен санда).
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің аталмыш мақаласында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» – дейді. Әлі күнге дейін қазақ қоғамының алға жылжуына жол бермей жүрген мәселелер баршылық. Олар – жершілдік, рушылдық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Креативті ойлар мен потенциалы мол жұмыстардың адымын аштырмай, оларға тұсау салатын да – осы кертартпа қасиеттер. Абай да өз кезегінде осы бір рушылдық сана, жік-жікке бөлінушілік секілді адамдардың арасындағы алауыздықтың туындауына себепші болатын дүниелерге ашынып, оған қарсы ашық түрде күрес жүргізді. Патшалық Ресейдің қазақ өлкесіне енгізген негізгі заңдарының бірі – 1822-1868 жылдар аралығында қабылданған болыстар мен аға сұлтандарды сайлау ережесі мен заңдары еді. Ал осы заңдардың негізінде зияны көп, пайдасы жоқ болыс сайлауы мен сот сайлауы секілді реформалар жүргізілді. Болыс сайлауы – ел арасында ұшқындап тұрған рушылдықты одан ары маздатып жіберді, қазақ жерінде бұрын-соңды кездеспеген «арызқойлықтың» кең етек жаюына алып келді. Қазақ жерінде отаршылдықтың солақай саясатының кесірінен орын алған осы мәселелер ақырында ел арасындағы бірліктің ыдырауына әкелген болатын. Сондықтан болар, байлығын молайтып, дәрежесін көтеру үшін бай-манаптарға жарамсақтанып, арам пиғылмен елді қан қақсатқандар Абайдың өткір өлеңдерінің негізгі нысанасы болды.
Әсіресе, ол елдік мүддеден гөрі жеке бастың қамы мен руының атақ-беделін ойлаған жандарға өзінің усойқы өлеңдерін арнаған еді. Ақын осындай кереғар мінездердің түпкілікті жойылуы үшін бар күш-жігерін салды. Жемқорлық пен рушылдық белең алып жатқан тұста жұрттың санасына бірлік идеясын, ынтымақ ұғымын сіңдіруге тырысып бақты. Қоғамның дамуына кедергі келтіретін осындай кеселдерді тек елдің бірлік-берекесі арқылы жеңуге болатынына сенім білдірген-ді. Алайда, сол бір қиын-қыстау заманда оны естір құлақ, сезер жүрек аз еді. Жанына жара болып қатқан осы қайғысын түсінер жан болмады. Бұл туралы қазіргі таңда Абай мұрасын жан-жақты зерттеп жүрген Мекемтас Мырзахметов өз еңбектерінде біршама кемел ой айтады. Ғалым өзінің «Абай жүрген ізбенен» атты зерттеуінде: «Ұлы Абайдың бүкіл сапалы өмірі отаршыл патша үкіметінің қазақ халқын саяси жағынан көрсоқыр етіп ұстаудың сыннан өткен құралы ретінде ендірген 1868 жылғы «Жаңа низам» деп аталатын реформасы тұсында өтті. Абайдың өзі де болыстық сайлаудың ащысы мен тұщысын бастан кешіп, қазақ арасында дерт боп жабысқан болыстық сайлаудан туындайтын ең бір кесапатты құбылыс партиягершілікпен көп алысқан болатын. Сондықтан да күйінген ақын… өзі жасаған замандағы қоғамдық әлеуметтік дерт боп жабысқан мұндай құбылысқа қарсы қанша алысқанымен, ем таба алмады» – дейді.
Егер арадағы жылдарды санамалайтын болсақ, Абай дүниеге келген уақыттан бүгінгі күнге дейін 176 жыл өтіпті. Абай сынаған рушылдық мәселесі де, Абай айтқан кеселді мінездер де біздің қоғамда әлі күнге дейін бар. Абайдың өзі ғұмыр кешкен ХІХ ғасырдың екінші жартысында айтқан саф алтындай сара сөздері бүгінгі күнімізге қаққан дабылы екен. Алайда, оның бұл ескертпесін елеп ескермедік. Оның білім мен өнердің сәулесін шашуға, еңбек етіп, адал кәсіптің тізгінін ұстауда «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп айтқан өсиеті болашақ ұрпаққа арналған үндеуі емес пе?!
4. Білімнің салтанат құруы. Абай жас ұрпақтың білім қорын жинап, оны ізгілік жолында жұмсауына көп көңіл бөледі. Оның ұғымында адам жанын кемелдендіріп, рухани тұрғыдан биік сатыға көтеретін негізгі құрал – білім. Көкірегінде сәулесі бар білімді адам ғана дүниенің небір қыр-сырын аша алады дейді ұлы Абай. Расында, ақын өз өлеңдерінде осы мәселе тұрғысында терең толғанады. Сонымен қатар, Абайдың шығармашылығына үңіліп қарайтын болсақ, оның бұл мәселе жөніндегі ойлары әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзімен астасып жатқанын байқаймыз. Абай да өз өлеңдері мен қара сөздерінде оқушының санасына білім мен тәрбиені қатар сіңдіру аса маңызды екенін айтады.
Абайдың айтуынша, білім тек көңіл көзі ашық, санасы сергек, жүрегі жалынды адамдардың ғана еншісі. Отыз екінші қара сөзінде ол: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқалады» – дейді. Яғни, адам талаптанса ғана білімнің көзі ашылмақ. Іздену – білімге ұмтылудың басты алғышарты.
Әрине, білім-ғылым жолы – өте ауыр жол. Бірақ, қоғамның алға қадам басуына себепкер болатын бірден-бір негізгі күш осы – білім екені сөзсіз. Сондықтан, қазіргі таңда білім алуға түрлі жағдайлар жасалған. Жастарымыздың шет елдерде оқып, тәлім алуына небір мүмкіндіктер беріліп жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл қолдау елімізде білім мен өнерді тең ұстаған жандардың молаюына әкеледі емес пе?! Сондай-ақ, білім мен ғылымның тілін меңгерген ұлт қана өркениетке бір табан жақындайтыны анық. Абайдың мол мұрасының негізгі мазмұны да осында жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды»– деп Абайдың білім-ғылым мәселесі туралы айтқан сөздерінің мән-мағынасына тоқталды. Демек, білім мен ғылым – ұлт дамуының негізгі кепілшарты. Білім мен тәрбиені бойына қатар дарыта білген жан ғана елінің өркендеуіне өзінің үлесін қоса алады. Сондықтан, жоғарыдағы пікірлерді ескере отырып, Абайды «рухани реформатор» деп тануымызға толық негіз бар.
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді» – деген еді. Абай да ел дамуының осы «диагнозын» дөп тапқан. Яки, өркениетке қол созған кез келген ұлт, ең алдымен, білім мен өнердің салтанат құруына басымдық бергені жөн. Дабыра мен дақпырттан гөрі елдік мүдделер алдыңғы қатарға шықса ғана халқымыздың шынайы рухани жаңғыруы орын алары анық.
Елбасы өз мақаласында эволюциялық даму жолына кереғар революциялық даму жолын да тілге тиек етеді. Ал революцияның қандай да бір қан-төгіссіз өтпеуі мүмкін емес. Ел экономикасының кешеуілдеуі мен әлеуетінің әлсіреуіне әкеліп соқтыратыны да екібастан белгілі. Халқымыздың тарихына зер салатын болсақ, небір қилы кезеңдердің болғанын байқаймыз. ХХ ғасырдың басында орын алған саяси жағдайлар бүкіл қазақ өлкесінің астаң-кестеңін шығарды. Революция өзімен бірге бұрын-соңды болмаған төңкерісті әкелді. Бұл халқымыз үшін үлкен соққы болып тиді.
Міне, қатпарланған тарихымыздың беттеріне үңіліп, сол арқылы болашағымызды бағдарлайтын да уақыт жетті. Еліміз революциялық емес, эволюциялық даму жолына түсуі қажет. Қазіргі таңда тек ғылыми әлеуеті дамыған мемлекеттер ғана өздерінің діттеген мақсатына жете алады. Абай да өз кезеңінде: «Бір ғылымнан басқаның, бәрі де кесел асқанға» – деп қоғамның өркениет әлеміне қадам басуы білім мен ғылымға байланысты екенін айтқан. Яғни, қазіргі уақыт білектің мығымдығын емес, білімнің мықтылығын қажет етеді. Бүгінгі күні халқымызды алға сүйрейтін осы бір құндылықтардың бағасын қастерлей отырып, эволюциялық даму жолына түсу – аса маңызды.
6. Сананың ашықтығы. Абай ақыл-ойдың табысын жоғары бағалаған. Ұлтының интеллектуалдық өресінің өсуіне баса мән берген Абай еркін ойлы, білімді ұрпақтың жетілуі жолында көп тер төгеді.
«Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ», – деген ұлағатты сөзі арқылы Абай өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнағанын аңғартады. Кемеңгер ақынның берген тәрбиесі, көрсеткен бағдары – ізгілік пен адамгершілік, білім мен ғылым орнаған «мекенге» жол бастау. Бұл – бұрын-соңды қазақ руханиятында болмаған ұлттық білім берудің озық үлгісі екені даусыз.
Н.Назарбаев өзінің аталмыш мақаласында: «Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей» – дейді. Абай да өзінің шығармаларында елінің баянды болашағын қалыптастырамын дейтін жастарға шет тілін меңгеру керектігін ескертеді. Бұл арқылы сол тілдегі рухани асыл мұралардан нәр алып қана қоймай, мәдениеті мен тұрмысының жасампаз жаңалықтарын да өз ұлтыңның бойына сіңдіруге толық мүмкіндік бар екенін аңғартады. Абай өзінің жиырма бесінші қара сөзінде: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр» – дейді. Бұл жерде Абайдың «орысша оқу керек» деген сөзінің символдық мәні бар. Себебі, орыс тілін үйрен деуінің астарында өзге тілдерді де меңгеру керек деген мағына жатыр деп пайымдаймын. Абайдың өзі де Шығыс пен Батыс ойшылдарының шығармаларымен сусындап, олардан рухани азық алған. Науаи, Фирдоуси, Хафиз, Физули, Пушкин, Крылов, Салтыков-Щедрин секілді әлем әдебиетінде шоқтығы биік ақылмандардың мұраларымен таныс болғаны – Абайдың бірнеше тілді меңгергенінің айқын көрінісі. Егер ой елегіне салар болсақ, Абайдың ұстанған бұл бағыты осыдан біршама жыл бұрын мемлекеттік деңгейде көтерілген және қазіргі таңда әлі де өзінің өзектілігін жоймаған «Үш тұғырлы тіл» саясатымен астасып жатыр. Демек, өз заманында Абай болашақ ұрпаққа рухани кемелдену жолының айқын да анық үлгісін көрсетіп кеткен даналарымыздың бірегейі. Оның мұрасы – қазақ ұлтының айнымас темірқазығы.
Абай өзіне тарих жүктеген мақсат-міндеттердің бәрін де абыроймен атқара білді. Ол өзінің асқақ идеяға толы өлеңдерін жас ұрпақтың кемел келешегіне арнады. Егер Абай шығармашылығын тұтастай алып қарайтын болсақ, оның өлеңдері мен қара сөздері рухани жаңғырудың әліппесі секілді. Өзі өмір сүрген қоғамдағы түрлі кеселдерді көзімен көрген, жанымен сезген Абай болашақ ұрпақтың бұл дерттен аулақ болуын қалады. Осы мақсатта ол туған халқының тағдырына тағылым болар мол мұра қалдырды. Оның көздеген негізгі нысанасы – ұлтының рухани жаңғыру жолын қалыптастыру еді. Сондықтан, Абайдың шығармашылығында көп қозғалатын тақырыптар – ізгілік пен адамгершілік турасында болды. Ақын қазақ халқының ой-арманын, мақсат-міндетін ғана бейнелеп қойған жоқ, сонымен қатар оның ғылым мен білім жолына түсуін, прогрестік бағытта дамуын қалады. Рухани ұстыны берік ел болуын тіледі.
Абай – шын мәніндегі жаңашыл ақын болды. Олай дейтін себебіміз – оның әрбір өлеңінің әлеуметтік мәні мен саяси астары ауқымды. Ол өзіне дейінгі қазақ әдебиетін зерделей отырып, поэзияға түрен салды. Шығыс пен Батыс ойшылдарының шығармаларынан нәр алған Абайдың қазақ әдебиетіне жаңаша бағыт әкелуі – руханиятымыздың үлкен жетістігі. Ақын-жыраулар қолданған өлең формасына өзінше өрнек салып, түрлендіріп, оқырманға ұсынды. Абай қазақ поэзиясын кең жайлаған дәстүрлі тақырыптар мен таптаурын болған қағидалардың орнына әлеуметтік, қоғамдық мәні зор мәселелерді арқау етті. Бұл туралы Абай: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» – деп өлеңнің қандай болу керектігі жөнінде толғанады. Яки, ол бәрін де өз шығармашылығының көрігінде қайната отырып, жетілдіріп, қорытып, көңіл көзі арқылы тудырды.
В.Белинский: «Пушкин туралы жазу – тұтас орыс әдебиеті туралы жазу деген сөз» – деп өзінің бір мақаласында жазған еді. Орыс әдебиетін Пушкинсіз елестете алмайтын болсақ, қазақ әдебиетін де Абайсыз елестету мүмкін емес. Абай – қазақтың екінші аты. Егер әдебиетіміздің өткені мен бүгінін бағамдайтын болсақ, алдымыздан алып шынардай ұлы Абайдың шығары анық. Руханиятымыздың қайнар көзіне айналған Абайға соқпай өту де мүмкін емес. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін оның есімін құрмет тұтады. Олар басқа ақын-жазушылардың есімін білмеуі мүмкін, ал Абайға жүрегінің төрінен орын береді. Бұл – заңдылық.
Ұлтының рухани темірқазығына айналған Абай ХХ ғасырда Алаш жұртының санасына қалай серпіліс әкелсе, ХХІ ғасырда қазақ елін өз өлеңімен солай тербетіп тұр. Сүбелі сөзі мен киелі өнері ел мен жердің ұйытқысына айналды. Ол өзі өмір сүрген кезеңнің ақиқаты мен шындығын арқалап, ізгілік нұрының алауын жағып, ғасырлар бедерінде еркін қалықтап жүр. Өшпес мұрасы, ескірмес нақылы, көрсеткен өнегесі арқылы әлі де адам баласының біршама буынын тәрбиелемек. Туған халқын рухани кемелдену жолына бастаған Абайдың тағылымы екі ғасырға жуық ұлтының ұстынына айналды. Бұл – айқын да анық Абай феноменінің көрінісі. Абайдың адамгершілік пен ізгілікке, білім мен ғылымға үндеген тәлімі терең сөздері қанша ғасыр өтсе де, біздің мәңгі өшпейтін шығарданымыз болып қала бермек.