«Желтоқсанда» алаңда болған азамат
Биыл Желтоқсан көтерілісіне – 35 жыл. Ал сол ұлттық рух пен намысты нанға сатпаған қайсарлықтың арқасында келген Тәуелсіздігімізге – 30 жыл толды. Рас, Желтоқсан көтерілісі кезінде қаншама жастардың жаны қиылды. Ол әрине өзекті өртейтін өкініш. Десе де, Алматының алаңында Азаттық үшін арпалысқан ағаларымыз бүгінгі таңда ортамызда да жүр. Көңілге медеу болатын да осы ғой. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Көгершін ауылының тұрғыны Оразалиев Несіпберген Әбітханұлы да Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыздың бірі. Біз Несіпберген ағадан жақында сұхбат алған едік. Ол алаңда болған оқиғаны былай деп еске алды:
– Мен 1984 жылы Алматы мал-дәрігерлік институтына оқуға түстім. 1986 жылдың 16 желтоқсанында лекцияда отырғанбыз. Кенет: «Алаңға шығыңдар» деген айғайды естідік. Сол кездегі өршілдік пе, мен де қатарластарыммен бірге алаңға бардым. Онда жастар көптеп жиналған екен. Қолдарына «Қазақстанға қазақ басшы керек» деген плакаттар ұстап алған. Мен де сол жерде болдым. Алаңда қазіргі Қазақстанның Гимні шырқалды. Адамдардың да қарасы көбейе бастады. Сол кездегі рухты айтсаңшы, қарағым. Біреулер ракетница атты. Ол үкімет үйінің 8-9 этажындағы терезеге тиді. Қас қарая 2 өрт сөндіретін машинамен су шашып, бізді қуалай бастады. Сол күні қатты аяз болды. Біз үйлердің терезесіндегі мрамор тастарды бұзып алып, оны жерге ұрып сындырып, өрт сөндіретін машиналарды атқылап тұрдық. Жастардың көптігі сонша, лақтырған тастар машинаға аспаннан жауған бұршақтай көрінді. Алаңдағы жастардың қаруы – жүректеріндегі жалынды рухы мен қолындағы тастары еді. Өзіміздің талаптарымызды айттық. Ұстаздардың «Бармаңдар!» деген сөздеріне қарамай, алаңға тағы бардық. 17 желтоқсан күні Алматы көшелерінде тірі жан баласы болмады, транспорт түгел тоқтаған. Тек қана жан-жақтан алаңға ағылған жастар ғана жүрді. Жастардың 80-90% студенттер еді. Біз Абай даңғылымен алаңға келдік. Алаңда мұздай қаруланған Ресей солдаттары тұрды. Үкімет үйін 9-10 қатар етіп қоршап тұр екен. Біз Президиумның жанына келіп, «Д.Қонаев сөйлесін!» деп айқайладық. Мінбеде сол кездегі Қазақ ССР-ның үкімет басшылары тұрды. Олар бірінен кейін бірі мінбеге шығып жастарды басуға, кері шегінуге үгіттеп жатты. Олар «Сендердің басшыларың кім? Талаптарыңды айтыңдар…» деді. КазГУ-ден мінбеге 5 студент көтерілді. Сол мезетте қолдарын қайырып алып кетті. «Оларды босатыңдар!» деп, біз тұра жүгірдік. Солдаттардың қолдарында дубинка, күрек болды. Жастардың қолында таяқ пен тастан басқа ештеңе болмады. Біраз уақыт өткен соң солдаттар бізден 2 есе көп болып кетті. Иттерге талатып, ұрып-соғып, қаша алмай қолға түскендерді ұстап, алып кетіп отырды. Онда қыз балалары да өте көп еді. Біз кім-кімнің қайда кеткенін білмей жан-жаққа кеттік.
18 желтоқсан күні АЗВИ-дің 6 жатақханасынан студенттер қайта алаңға бардық. Алаңды түгел қоршап тастаған және қатар-қатар танкілер қойып қойған. Бізді қолдарына қару алған және темір арматуралары бар солдаттар қуалай жөнелді. Кері шегініп жатақханаға қайттық.
Сол кезде жастар қарулы солдаттарды, танкілерді, өрт сөндіретін машиналарды көріп тұрып, қасқайып, қорықпай қарсы тұра білді. Солардың жанкештілігі болмағанда Тәуелсіздікке қол жеткізуіміз мүмкін ба еді?.. Қазіргі жастарға сондай рухы мықты жүректілік пен қайсарлық жетіспейтіндей көрінеді меніңше,- деді Несіпберген ағамыз.
Иә, санада жаңғырып тұрған сол бір сәтті ұмыту әсте қиын. Біз үшін тарих. Күн, ай, жыл өткен сайын тарихтың қойнауына терең еніп бара жатыр.Тек жастарымыз сол бір зобалаңмен келген Тәуелсіздіктің құнын білсе дейміз.
Индира Мұса,
Өнер мектебінің музыка бөлімінің мұғалімі.