Дүйім елдің Димашы
Биыл Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына – 110 жыл
Иә, қаңтар айының 12-ші жұлдызы –дүйім елдің Димашы атанған дара тұлғаның туған күні. Қай заманда болмасын ұлан-ғайыр кең өлкесі бар қазақ сахарасы апайтөс батырлар мен алмас тілді ақындардан, от ауызды шешендер мен ұрпағының қамын ойлаған ұлт қайраткерлерінен кенде болған емес. Бұл сөзімізге сырлы тарихтан көптеген деректер келтіруге болады. Әйтсе де, біз ол жағын мақсат тұтып отырған жоқпыз. Біздің айтпағымыз – кең жазықта батыл сөйлеп, еркін көсілген қазақтай қаһарман һәм жомарт халықтың текті ұлт екенін көрсету. Және осы бір өзге ұлтта жоқ тектілік – қарға тамырлы қазақтың бойында бағзыдан қалыптасқан қасиеттің бірі болғанын тілге тиек ету.
Тектілік жайлы сөз қозғағанда алдымен Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың ерліктерін айтпай кетсек арымызға сын болар еді. Одан Қасым, Тәуке, Хақназар, Абылай, Кенесары бұл тізім осылай жалғаса береді. Аты аталған бабаларымыздың барлығы ұлттың қамы үшін жан алысып, жан берісті. Біз осыны әрдайым естен шығармауымыз керек. Осы орайда, мына дәйекті де тайсалмай айтуға тиіспіз. XX ғасыр басында дүниеге келіп, баба аманатына қылаудай дақ түсірмеген әрі туған халқының әл-ауқатының жақсаруына өз септігін тигізген айтулы тұлғаның бірегейі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев болатын.
Дінмұхамед Қонаев – сөзсіз ұлт қайраткері. Оның қазақ халқына жасаған еселі еңбегі ұшан-теңіз. Димаш Ахметұлының Ұлы Дала төсіне 47 қала салып кеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Алматыны ару қала статусына жеткізген де Қонаев еді. Ол қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде 40 жылға жуық ел басқарып, ұлттың мүддесін қолынан келгенше қорғады. Ең бастысы, еліне, жеріне адал қызмет етті. Сондықтан болар, жұрт оны Димаш деп көкке көтеріп, ардақ тұтты.
Дінмұхамед Ахметұлының «Өтті дәурен осылай» деген тамаша кітабы бар. Оқыған болсаңыздар, сол кітапта салмақты әрі шынайы ойлар әдіптеп жазылған. Шыны керек, Димаш ақсақалдың сол туындысы халық арасында жиі оқылатын шығармалар тізіміне жатады. Сондай-ақ, оның «Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім», «Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен» деген қанатты сөздері ел ішінде кеңінен айтылып жүр. Қонаевтың тағы бір артықшылығы, оның айналасындағы адамдарға қамқорлық танытып қайырымды болуы тұлғалық болмысынан ерекше көрінеді. Мәселен, Қазақстанның халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов пен Димаш ақсақалдың ағалық-інілік ара-қатынастары өте жақсы болған. Елімізге белгілі республикалық басылымға берген сұхбатында Нұрағаң оны айрықша атап өткен-тұғын. Ақыры сөз еткеннен кейін, бүгінгі мақаламызда ол жайтты да назарға алып өтсек еш сөкеттігі бола қоймас. Димаш ақсақалдың зейнетке шыққан кезі. Бірде абзал ағасы Нұрғали Нүсіпжановқа оңаша қалып сөйлесуге ұсыныс жасапты. Екеуі біраз әңгіменің шетін қайырған соң:
– Нұрғали, мен сені түсінбедім, – депті Димекең. Не бүлдіріп қойдым деп қатты қобалжиды әнші Нұрғали. Сонда: «Мен қызметте жүргенімде қабылдауымда екі рет болдың. Не қызмет, не үй сұрамадың. Не деген адамсың. Сен ауылдан келген қойшының баласысың. Тіреп тұрған ешкімің жоқ. Сенің осы күнге жету үшін қалай қиналғаныңды шамалап тұрмын. Менің алдыма кіргеннің бәрі үй сұрайтын. Ешкімнің меселін қайтармадым. Бала-шағасы бар адам солардың ертеңін ойлау керек. Олардың материалдық жағдайын жақсартып беру әрі-беріден соң сенің міндетің» – дейді сырлас інісіне. Бұл ыңғайсыз жағдайдан екеуін де алып шығу үшін Нұрағаң сөзін қалжыңға бұрып былай деген көрінеді.
– Көке, менің жолдастарымның бәріне қызмет беріп, бастық қылдыңыз. Менің жағдайымды солар жасайды деп сендім, – деген екен Нұрғали Нүсіпжанов сол әңгіме барысында. Көрдіңіз бе, қандай сыйластық. Ағаның ініге деген шынайы ізгі ниеті осындай болса керек-ті. Оны дүйім елдің Димашы атандырған да осындай тектілік қасиет. Қазақтай халық барда, Қонаевтың есімі ешқашан ұлт жадынан өшпек емес.
PS: Бүгінгі таңда елімізде жер-су атауларын барынша қазақыландыруға көп күш жұмсалынып жатқандығы баршамызға белгілі. Оның айқын бір дәлелін алысты шалмай-ақ, өзіміздің тұрғылықты мекенімізден-ақ байқауға болады. Естеріңізде болса, жергілікті жұртшылықтың көкейінде Ворошилов атанып кеткен № 2 орта мектепке қайбір жылы Алаш арысы Әлихан Бөкейханның есімі берілген болатын. Біз үшін бұл үлкен қуаныш болды. Алайда, ауданымызда әлі де болса өзге тілде аталатын көше тізімі мен ақшаңқан ауылдар мүлде жоқ дей алмаймыз. Біраз жылдар бойы Новосель ауылын біз осы қатарға жатқызып келген едік. Енді бұл мәселе толығымен шешілді деуге толық негіз бар. Өйткені, қазір Новосель деген атау мүлде жоқ. Ол ауыл – Дінмұхамед Қонаевтың атымен аталады. Қытай ойшылы Конфуций: Халқыңа байсалды бол, сонда ол сені құрметтейді, ұл мен әкенің парызын ұстан, сонда ел саған беріле қызмет етеді, қабілеттіні көтермеле, қабілетсізге үйрет, сонда ел көтеріңкі көңіл күйде болады» деген екен. Меніңше, Димаш ақсақал осы принципті мақсат еткен және сол үшін де халық оны құрметтеп, сыйлайды. Тарихта ел басқарғандар арасында бұндай жақсы адамдар аз. Қонаев – сол жақсының бірегейі.
Марат Диханбай.