Жыл “Жоралғысы” немесе 70-ке келген кәрие

538 Views

Замандас келбеті

Мен ол кезде бала едім. Батырбектің де жасы менімен құралыптас. Он жыл бірге оқыдық. Алпысыншы жылдарда «Жаңатұрмыс» колхозының сауын малы жазда тауға көшетін. Менің әкем де, шешем де осы сауын пермесінде болатын. Шешем Батырбектің шешесімен бірге сиыр сауатын. Әйел біткен қолдарына бір-бір шелек ұстап алып, қос қолдап сиыр сауады. Былай қараған кісіге бәрі оңай-ақ көрінгенімен сауыншылардың жұмысы әсіресе ауа райы бұзылып, күн жауын-шашынды болған кезде өте қиын. Жауын сорғалап тұрса да аналарымыз мойындарынан жауын суы ағып жүріп сиыр саууын бір дем де тоқтатпайтын. Жаһангер Мырзалиев – завперме. Ол өзі еңгезердей кісі болғанымен адам баласына дауыс шығарып, айқайламаушы еді. Көзі көрген үлкендер: «Жарықтық Мырзалы кісі де көп сөйлемей жүріп-ақ, көп іс тындыратын. Жаһаң сол кісіге тартқан» дей-тұғын. Ол бақташыға да, сауыншыға да байыппен түсіндіретін.
Батырбектің әкесінің есімі Кемелбек болса да ел оны: «Батыр» дейтін. Шамасы, Досқожа батырдың ұрпағы болған соң солай атап кеткен шығар. Тегі, ол кісінің түр әлпеті батыр адамға онша ұқсай қоймайтын. Бірақ біз көрген бақташы Кемелбек кәрие аттан түспей жүріп-ақ, колхоздың бір табын ірі қарасын шашау шығармай таудың шыбыр-шыбырынан, қойын-қонышынан тентіреп жүріп сауыннан қалдырмай айдап әкелетін. Ұмыт­па­сам, ол кісінің қайыстай қатқан қара кемпірін: «Зибагүл» деп атайтын. Сол кісі: «Сиырды бақсаңдар шашырат­пай, біздің шал құсап бағыңдар» деп мақтанып отыратын. Жарықтықтар, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Тегі «қоғам малы» десе іш­кен асын жерге қоятын, өкіметтің «жос­пары» десе, үй-жайын ұмытатын нағыз еңбекке берілген жандар еді-ау!..
Сондай бейнетқор жандардың шаңырағында өскен Батырбек те міне жасы жетпіске келіп, жеті қырдан асып барады. Ол әлі еңбектен қол үзген емес. Мәшиненің моторын пышылдап жүріп жөндейтін мотористің дәп өзі. Айтпақшы, біз оны неге азан шақырып қойған атымен Батырбек деп атаудың орнына – «пышылдақ» деп атап кеттік? Оның екі себебі бар. Біріншіден, қолы май-май мазут болып, төңірегіндегі тірі тіршілікті ұмытып, жұмысына беріліп кеткен оның жанына абайсызда, сыбысыңызды білдірмей бара қалсаңыз, оның пышылдағанын анық естисіз. Содан болар, оны құрдастары: «пышылдақ» деп атап кеткен. Екіншіден, тағы да бір себебі бар. Ол Досқожа батырдың Пышылдақ есімді ұрпағының шөбересі ғой. Пышылдақ атамыз да атан түйені көтеретін, майданға шықса жауының үрейін ұшыратын нағыз батырдың өзі болған ғой. Сол кезде-ақ, жұрт оған: «Пышылдақ» деп ат қоюына қарағанда үндемей жүріп-ақ көптің көзіне түссе керек.
Сонымен, әңгімеміз Батырбек (лақап аты Пышылдақ) туралы болған соң ары-бері ойқастамай тура жолға салайық. Иә, Батекең әкесі Кемелбек ақсақалға ұқсап, аттан түспей мал баққан жоқ. Бақса бала кезінде әкесіне көмектесіп, тоқты-торым, тайынша, өгіз, Зеңгібаба тұқымын ақсақал айтқан соң қайырған шығар. Бірақ ол бала кезден трактордың «айқайынан» шошып оянатын. Өзі де батыр бабалары сияқты жастыққа басы тисе болды, қорылға басатын. Оның сол ұйқысын үйінің тұп-тура жанында тұратын атақты механизатор Сергей Иванюковтың шынжыр табанды тракторы ашты. Ол кейде ұйқысы қанбай оянса, Сергей Федоровичтің үйінің жанында екі бүйірі бүлкілдеп, жер әлемді дүрсілдетіп тұрған тракторға қарап тұрып көрші ұста Шымшық шалға еліктеп: «шешең» дей-тұғын үлкендерше екі бүйірін таянып тұрып. Бұның әке-шешесі малда, тіпті шалғай жайлауда болған соң ба, кейде мектептен келген бойда қолына бір үзім сары май жағылған көмбеш нанды ұстаған бойы тракторын шашып тастап, жөндеп жатқан Сергей атасының жанына келетін. Ондайда бала жұмсағанды әбес көретін тракторист:
– Балам маған анау «24»-ші клүшті әперші…?
– Иә, иә, сол үлкендеуін… Батыр Сергей атасының айтқандарын тез-ақ санасына түйіп алушы еді. Ал, химиядан сабақ беретін Әшір ағайының айтқандарын көбіне жадында сақтай алмай ұмытып қала беретін. Гүлсім әпкейінің жағырапия сабағын жақсы көретін. Өйткені, картадағы әр түрлі елдердің барын білу, сол елдерде қара нәсілді адамдардың бар екенін есту, жер шарының дөңгелек болатынын біліп алу оған өте қызық көрінетін. Ол Сергей атасына:
– Ата! Мен кейін өскеннен соң сіз сияқты комбайнер болғым келеді, – дейді. Сонда Сергей Федорович баланың талабын қайтармай:
– Ол үшін маған әперетін әр бөлшектің атын, оның мотордың қай тұсында тұратынын білуің керек, – дей-тұғын. Өсе келе Батыр бала Шымшық атасына ілесіп кейде гаражға да баратын. Ондағы көптеген тракторлар мен комбайндарды, ауыл шаруашылығы техникаларын, әсіресе автомашинаны көріп, оған мінуге асығатын. Сөйтіп жүріп ол мектепті үш пен төртке тауысты. Алайда, жазғы каникулда Ленин орденді механизатор Келіс Нүсіпәлиевке штурвалшы бола жүріп астық «кемесін» жүргізуді де үйреніп алған. Мектепті бітірген жылы ол шофердің куәлігін алып, машина руліне отырды. Алғаш Қаржаубай механик пен Құрманқанға ілесіп машинаның моторын шашып, қайта жинауды үйренді. Ауылға бас зоотехник болып келген Бекзат деген маманның шопыры болды. Сол Ақыртөбе жақтан келген жігіттің қарындасына үйленді. Шынын айту керек, ол кезде Нұрғабыл, Қыдырқұл, Шәйлаз, Сәмембай, Бек, Мырқали, Қайыпбай есімді темір көлікті «тұлпар» деп мінген нағыз бесаспап, сайдың тасындай сан соқпақтан өтіп, жүрісінен жаңылмаған кісілер болды.
Осындай сақадай сайланған сабаздардан машина мен комбайнды жүргізуді үйреніп, кейін техника дегеніңізді ұршықша үйіретін халге жетті. Иә, «жетті» деп айту оңай. Ауылдың он сан тірлігіне араласып, бірде ойға, бірде қырға шапқылау оңай дейсіз бе? Сол кеңес өкіметінен не қалды? Айналасы атшаптырым гараж бар еді…оның жұрнағы да қалмады. Тоқырау шіркін жетпіс төрт жыл бойы маңдай термен жиналған байлықты талан-таражға түсірді. Батырбек соның барлығын көрді. Ермек Әбдірәсілов, Шәйлаз Молдабаев, Кемелбек Сарқытбаевтан өзгелері омырауына орден де таға алмады. Сол еңбек қырандарының қасында жүріп, тоқшылықты да, жоқшылықты да бірдей көрген, нарық тарықтырған шақта да қолынан сайманын тастамай кейінірек осы «Құлбарақ» шаруа қожалығына механик, бас инженер, жай ғана қатардағы мотор жөндеуші болып, әлі де қатардан қалмай, нардың жүгін көтеріп жүрген Батекең осы жылдар ішінде басшысына: «мені елеп, ескермедің» демепті. Жақында қожалық жетекшісі Қадірбек Құлбарақов бүкіл ұжым мүшелерін жинап: «Арамызда елу жыл бойы белі бүгілмей жұмыс істеген азаматтарымыз бар. Солардың бірі – майталман қартымыз Батырбек Теңізбаев. Еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай мен ол кісіге рахметімді айтып, арқасына шапан, астына ат мінгізгім келіп тұр» деді тебірене сөйлеп.
Иә, жасы жетпіске келсе де, омырауына бір жылтыраған нәрсе тағып көрмеген Батырбек досым толқып тұр. Өйтпегенде қайтеді, астына арғымақ мінбесе де ат мінген оның бүгін мерейі тасып: «Айналайын қарақтарым, «ковид» деген тажалдан да, тәпетеннен келген ажалдан да Құдайым сендерді аман сақтасын. Жасым 25-30-да болса ғой, мына арғымаққа қиналмай-ақ мініп кетер едім. Бірақ, Кәкен, сен менің көңілімді көкке көтердің, біздің ұжым ұйымшыл. Мен сенің Төледей басшы ұлыңа, өзіммен үзеңгі қағыстырып келе жатқан Бейсеннің Бақытжан деген баласына, Мергембайдың Жанболатына, Өміржанның Мырзағалиына сенемін. Өйткені, олар асуда ат ауыстырмайтын нағыз сенімді серіктерің» деді тебіреніп тұрып.
Сонымен Жаңа жылдың «жоралғысы болсын» деп ұжым басшысы Батекеңмен бірге осы ұжымда 21 жылдан бері маңдай терін төгіп келе жатқан Тәуелсіздіктің құрдасы Мырзағали Маупаевқа да ат мінгізді.
Сөйтіп, шаруа қожалығының мүшелері қырманға төгілген тер мен егінжайда аптапқа күйген ыстықтың «өтеуін» қайтарып алды. Жұрт азғантай марапатқа разы. Өйткені, олар биыл «қиын» астықты орып, қамбасына түсірді. Әр тамшы термен келген әр түйір дәннің де сұрауы бар, ағайын. Ал, біз «пышылдақ» деп атап жүрген Батырбек расында да батыр екен. Талай қиындыққа қыңбай, қара нардай болып ғасыр жүгін көтеріп жүр. Дәл осындай қарттарымыз аман болсын. Ауырмай-сырқамай бала-шағасының қызығын көріп жүре берсін. Батекең біз көрген жары Мейіркүлмен бірге Жаңатұрмыс ауылында, өзінің қара шаңырағында тұрып жатыр. Мерейің тасысын, Батырбек!

Сейсен Қожеке.
Суретте: Байырғы дихан Батырбек Кемелбекұлы Теңізбаев.

Поделиться ссылкой: