Мен – тәуелсіз елдің журналисімін

657 Views

Студент дәптерінен

Журналистика – өздеріңіз білетіндей, өмір бойы жаңа өнім жасайды. Ол бір жазған хабарын, бір жазған мақаласын қайта жазбайды. Мысалы, токарь станогында тұрған адам өмір бойы бір бөлшекті шығарумен болады, тіс дәрігері өмір бойы адамның аузына үңілумен өтеді. Ал, журналистиканың ерекшелігі – бір жасаған жұмысын қайта жасамайтындығы. Үнемі жаңа тақырыптармен, үнемі жаңа жағдаймен істес болатындығы.
Сауытбек Абдрахманов дәрісінде: «1976 жылы “Жас журналистердің бүкілодақтық 1-ші семинар кеңесіне” Мәскеуге барып қатысқандығын сөз еткен еді. Сонда Генрих Боровиктің айтқан әңгімесі әлі күнге есімізде қалды. Оны еш уақытта ұмытпаймын. Тіпті, сөз мәнеріне дейін есімде деуге болады» деп тебіренген еді. Онда Генрих Авиэзерович былай деген:
– “Өзінің өмірінде бірнеше адамның өмірін сүре алатын 2 мамандық бар. Ол актерлік өнер. Актерлік өнер көптеген адамдардың өмірін сүруге мүмкіндік береді. Ханда боласың, қара да боласың, патша да боласың, кедей де, байда боласың деген сияқты… Солардың тыныс-тіршілігін сезінесің. Ал, екінші мамандық, ол – журналист мамандығы. Мұнда да, басқа мамандықтардың өмірімен тыныстай алу мүмкіндігі және басқа мамандықтардың өмірін сүру мүмкіндігі.”
Яғни, бұл мысалдан түсінгеніңіз, сіз бір апта бойы дәрігер туралы жазсаңыз, белгілі бір дәрежеде хирургтың күйіне түсесіз. Әрине, сіз жұмысыңызға жауапты қарайтын болсаңыз, жақсы журналист болсаңыз… Осының барлығы журналистика мамандығының қадір-қасиетін көрсетеді. Өйткені, бұл мамандық – бір мамандықты ала жүріп, өмірдің көптеген қырларын білуге, сезуге мүмкіндік береді. Біздің мамандықтың ерекшелігі сол, біз көптеген мәселелердің бетінен қалғуға тиіспіз. Бірақ, сол бетінен қалғып жүріп-ақ оқырманға, көрерменге жеткілікті деңгейде, солар түсінетіндей, солар ұғатындай мәлімет беруге болады. Лермонтовтың Шиллерден аударған бір өлеңі бар.
“Делись со мною тем, что знаешь,
И благодарен буду я” дегеніндей, журналистикаға түсемін деп жүрген шәкірттердің назарына, көсемсөздің көшелі өкілі,
сұхбат жанрының сайыпқыран сардары Сауытбек Абдрахмановтың дәрісінен қағазға түртіп алған ойларымды ұсынамын.

1) Қазіргі журналистердің оқуға, білуге құлықсыздығы – қазіргі жан ауыртатын мәселе. Егер 10 күнде 1 кітап оқи аламын деген ойға бекісеңіз, адам жылына 40-50 кітап оқи алады. Оқи алмасаңыз, өз-өзіңізден ұялыңыз. Кітап оқымау – бұл да біздің бір ауруымыз. Қазақтың ең атақты романдарын оқымай журналист болуға ұмтылатындар табылады. Қазақтың 50 романын оқымай журналист болуға ұмтылады. Мәселен, олардан үйренуде емес, тіл үйрену, стиль үйрену бір басқа”. Жалпы, біздің қоғам неғылған қоғам? – дегенді үйрену үшін, түсіну үшін ең алдымен біз өзіміздің көркем әдебиетімізді, фольклорымызды білуіміз қажет. Ал, біздің жазуымыздағы проблемалардың алды сол оқудың кемдігінен. Өйткені, танымдық әдебиеттерді оқымайынша, оқырманға, көрерменге, тыңдарманға қандай мәліметтер беру қажеттігін білмейінше, журналисттің мақалалары тартымды болып шықпайды.
Біз, мақалаларды сезімге, көңіл-күйге құрғымыз келіп, тілімізді безеп жатамыз. Ал, шын мәнінде мақаланың өзінің ішінде дәні болмаса, мәні болмаса, қызықты дерегі болмаса, оқығанның есінде қалатындай деректер болмаса, орысша айтқанда, “набор слов” болып шығады. (cөздердің жиынтығы, сөздердің құрамасы ға­на болып шығады.) Осыған алғашқы жыл­дар­дан бері назар аударған жөн!
2) Естеріңізде болсын! Ақылды адамдар – кітап оқиды. Оған уақыты, ықтияты жоқ адамдар – теледидар көреді, журналистиканың өнімдерін пайдаланады. Біздің жұмыс істейтін адамдар – «ақылы орташа» адамдар. Ақылы асқан, терең адамдар журналистикаға көп алданбайды. Бірақ, біз халықтың негізгі бөлігімен жұмыс жасауымыз қажет. Халықтың 90%-ы кітап оқымайтындар, тек қана теледидар қарайтындар, қолынан телефон түсірмейтіндер. Біз солармен жұмыс жасауымыз қажет. Халықтың негізгі массасымен жұмыс істеп, соларды саясатқа бейімдеу, биліктің саясатын солар арқылы жүргізу, халықты белгілі бір идеологизмаларға бейімдеу – журналистиканың міндеті. Қай заманда да, қай қоғамда да солай болған және үнемі солай болады.
3) Қазір конспект жазу мәдениеті нашарлап кетті. Көптеген адамдар белгілі нәрселерді айтып жатыр ғой деп конспект жазбайды. Ол – адамның айтып жатқан әңгімені қағып, ұстай алмайтындығын білдіреді. Кезінде орталық комитетте, Президент әкімшілігінде жұмыс атқарып жүргенде яғни, 1995 жылы Абайдың 150 жылдық тойы басталардан бір жыл бұрын жазушы Сәкен Жүнісов келді. Қолында ескі дәптер. “Бұл не?” – деп сұрасам: «Мұқаңнан (М.Әуезов) жасаған конспектілерім» дейді. Оны алып, он шақты минуттай қарадым. Сәкен алдымда отыр, мен айттым: “Мынаны кітап қылып шығару керек” деп. «Мен өзімде сол үшін келіп отырмын» деді. Содан оны біз бастырдық. 1 жылдан кейін “М.Әуезовтың Абайтанудан оқыған лекцияларынан студенті С.Жүнісовтың жазған конспектілері” деген сала-құла тақырыппен шықты. Сонда болашақ жазушы Сәкеннің жазу қабілеті, есте сақтау қабілеті, содан соң ұлы Әуезовтың айтқан лекцияларынан ең қажетті, ең түйінді тұстарды дер кезінде жылдам жазып отырғандығы содан көрінеді. Конспект – ол сіздерді болашақта тез жазуға үйретеді. Басқасын былай қойғанда, конспектіні тез жаза алатын адам ең құрығанда орташа журналист бола алады. Өйткені, ол ойды ұстай алатын адам. Сол ойды қағазға тез түсіре алатын адам.
4) Интернетті пайдаланудың басты жолы – орысша білу. Біз орысшаны тек сөйлесетін деңгейде білеміз. Орыс әдебиетін тұпнұсқадан емін-еркін оқымайынша, адамның орыс тілін еркін игеруі қиын, тіпті мүмкін емес. Орыс тілін білу – тек орысша оқу емес, орыс тілінде сұрақтар қою, материалдар дайындау. Қазіргі таңдағы қажетті нәрсе. «Мен – тәуелсіз елдің журналисімін, мен қазақ тілінде ғана жұмыс істеймін» деген ойларды мидан шығарыңыздар. Ол шолақ, арзан ойлау. Себебі, сіз шын мәнінде, жұмысыңызды жақсы атқарғыңыз келсе, шын мәнінде журналист болғыңыз келсе, ҚР-сындағы қазіргі тілдік жағдаймен санаспауға болмайды. Ал, ағылшын тілі таяудағы он шақты жылдан кейін, ағылшын тілінде сөйлей алмайтын журналист 2-ші сорттағы журналист болады. 2030 жылы менің сөзімді еске алыңдар. Ол қазіргі таңдағы орыс тілін білмейтін журналистер сияқты. Қазірдің өзінде орыс тілінде сөйлей алмайтын журналистер қазақ редакцияларының өзінде 2-ші сортты журналистер. Ол не деген сөз? Өйткені, олар аккредитацияға тіркелмейді, орыс тілін еркін білмейтін адамдарды шет тілдік сапарларға жібермейді. Сондай жағдай он шақты жылда ағылшын тілін білмейтін журналистерге де қатысты. Өкінішке орай, мен мектепте неміс тілін, университетте араб тілін оқыдым, бір күнде ағылшын тілінде дәріс алып, оқып көрген емеспін. Тек сол шетте жүрген кездегі текстерді “англо-русский” разговорниктерді жаттау арқылы шағын-шағын мүмкіндіктерді игере алатын жағдайда қалып қойдым. Соның өзі де маған шетте жүруге, өзім баруға, өзім келуге (қазақша айтқанда, нан сұрап жеуге) жарады. 2019 жылы Испанияға барғанда топқа қосылуға, қала аралауға жетті, ал қағазға келген кезде ұяламын. Енді бір жағынан әлемге қатысты сөздерді білетін адамдар кейбір ситуациядан шығады. 2002 жылы Швейцарияға бардық. Кішкентай магазинге кіріп (барған жерде дискілер алып жүретін әдетім бар) Щвейцарияның музыкалық фольклорынан инструменталды алғым келді. Қасымда “Казахстанский правданың” журналисі, қазақ жігіті. «Дүкен сатушысынан Швейцарияның музыкасы бар ма?» деп сұрап жатырмын.
– Yes, yes
– Music folklor
– Yes, yes.
Содан соң бағасын айтып, төлеп шықтық. Қасымдағы жас жігіт:
– Ағай ағылшыншаңыз сондай еркін бе?,– дейді. Білу деген ол – бақ. Адам өте көп тілді біле алады. Жазып, сөйлей алады. Еркін жаза алу – ол үлкен артықшылық. Жаза алатындай білген тіл – ол адамның үлкен байлығы.
5) Қазіргі телевидениядағы үлкен дерт – орфография бойынша жазғанды орфография бойынша оқу. Мысалы, ол қаржының қайта қалғанын, технологияның қайда кеткенін тиісті органдар анықтай жатар дейді. Мұны, ол қаржының қайда кеткенін деп айту керек. (сингармонизм заңы). Осы бастан қалай жазылады, қалай айтылады дегенді қолға алу қажет. Оны жасамаған адам телевиденияға барып, қазақ тілінің мақамын, музыкасын бұзады, қазақ тілін қатқыл тілге айналдырады.
6) Ұдайы есте ұстайтын нәрсе – театрға бару. Театрдағы премьералардан қалмау қажет. Театрды тек қана футболмен теңестіруге болады. Екеуінің де ерекшелігі – қайталанбайтын спектакль мен қайталанбайтын ойын. Сосын футболға бару.
Қадыр Мырзалиев:
“… Мен спорттың біле бермеймін мәнісін,
Сонда да айтам, бейтанысым, танысым,
Футболға бар, футболға бар егерде,
Қан боп кетіп бара жатса намысың” дейді…
7) Журналистік редакторлық деңгей қазір төмен деңгейде. Қазір жуналистикада мақалалардың барлығы дерлік, журналистің өздерінің жазғандары болып табылады. Бұл – бір жақтылық. Кез келген газет халықтың газеті. Ең алдымен газет бетінде ел сөйлеуі қажет. Телевиденияның жөні бөлек. Одан басқа адамдарға хабар тараттыра алмайсың. Десек те, газет-журналда ең бірінші ел сөзі жетуі тиіс. Содан кейін ұйымдастырушылыққа қатысты проблемалар жиналып қалған. Олардың сыртында менеджмент, жарнама мамандықтары қосылады. Өкінішке орай, қазір оларды тиісінше дайындап отырған жоқпыз. Мәселен, ҚазҰУ-дың журфагында, ЕҰУ-дың журфагында бейне инженерлер дайындамайды. Операторлар дайындамайды. Осыдан барып телевидениедегі, радиодағы келеңсіздік, техникалық сауатсыздық орын алады. Ал, қазір журналист жұмысында операторлардың, бейне операторлардың, безендірушілердің рөлі үлкен. Біз, осыдан 20 жыл бұрынғы әдіспен тек жазатын, тек сөйлейтін адамдарды тәрбиеледік. Бұл, сөз жоқ біржақтылық.
8) 2008 жылы қазақтың бизнесмен қызын жазу үшін Венаға бардым. Гүлжан Молдажанова сол жылы Ресейдегі «Іскер әйел» деп танылған болатын. Барғанымызда “Континент” журналының бас редакторы Сұлтан Әкімбек көп біледі екен. Журналист қыздар: “Қайдан көп білесің?” деп сұрап жатыр. Сонда академик Уақид Шәлекеновтың әңгімесін айтты: “Студенты истфак, это вам не филфак, и не журфак. Знание здесь мы даем фундаментально” деп.
9) Ақпараттың да ақпараты бар. Біздің ойластыратынымыз бұқаралық ақпарат. Жалпы, журналистика теориясындағы базистік теория – бұқаралық ақпарат. Өнер теориясындағы ең басты ұғым – бейне; экономика теориясындағы басты ұғым – тауар;
Ресейде “Культура” деген арна бар. Үзбей қарап жүремін. Себебі, “культураның” басында отыратын адамдардың талғамы өте жоғары. Ол арнадан тіпті, түкке тұрмайтын фильм көрудің өзі өте сирек. Өйткені, өнердің шын білгір адамдары сонда отыр. Элиталық арна жасап отыр. Сонымен қатар, аталмыш арнаның өзі бұқаралық сипаттан ажырағысы келмейді. Көп адам көретін фильм, комедияларды көрсетіп отыруға тырысады. Өйткені, журналистердің мақсаты неғұрлым көп адамға оқыту, неғұрлым көп адамға көрсету. Осы арқылы талғамды тәрбиелеу. Мысалы, бұқаралық ақпарат бұқараның ортақ ұстанымын қалыптастыруға қызмет етеді. Ол үшін ақпарат бұқараға қолжетімді болу қажет. Бір мезгілде тез жетуі тиіс. Кезінде ғасырлар бойы журналистер өздерінің өнімінің қалай әсер етіп жатқандығын білген жоқ. Орыстың ақыны Чипчиктің өлеңі бар: “Нам не дано при угадать как слова наша отзовется” деген. Ол уақыт өтті. Қазір біз өзіміздің сөзіміздің жаңғырығы қалай болатынын негізінен біле аламыз. Біріншіден, газеттің таралымы арқылы. Екіншіден, газет сайтына шыққан материалдардың оқылуы арқылы. Үшіншіден, мақалаға жазылған пікірлер арқылы.
Журналистика туралы кітаптардың барлығында дерлік орыс тілінде былай схема айтылады: ЖХИА-журналистика, информатика, аудитория. Қазақшаға келтірсек, ЖАА – журналистика ақпарат аудиториясы. Қазір бізге аудиторияны қалыпқа келтіру керек.
10) Ақпарат – кәдімгі ауа сияқты. Біздің сәт сайын жұтып отырған ауа сияқты. Бірақ, біз, ауа туралы ойланбаймыз. Болуға тиісті нәрсе деп қарастырамыз. Сол секілді ақпаратта сондай. Ақпарат бар кезде бізге көрінбейді. Егерде газет-журналдарда ақпарат болмай қалса, ол – үлкен катастрофа. Мысалы, Адамдарға жаза беріледі. Адам сотталады. Түрмеге түседі. Түрмеде ең ауыр жаза – бөлмеде «одиночний камерада» қалдыру. Былай қарағанда, ыңғайлы сияқты. Ешкім сенің тынышыңды алмайды. Жұрттың бәрінің зәре-құты қашып қорқатыны жеке камерада қалу. Ол дегеніңіз – адамды ақпаратсыз қалдыру. Ақпарат алмаса-алмау деген сөз.
… Телевидение шыққанға дейін адамдар әлдеқайда, қазіргіден ұйымшыл болды. Ауылда үй-үйге әңгіме айтып жүрген әжелеріміздің барлығы – ақпарат алмасудың формалары болды. Ақпараттық қоғам – бұқаралық мәдениет қалыптастырды.

Жазып алған Дариға ҚҰРМАНАЛЫ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
журналистика факультетінің 2 курс студенті.

Поделиться ссылкой: