Қазақтың «Амалы» – татулықтың қамалы
14 ViewsҚазақстанның батыс аймағындағы облыстар Көрісу мерекесін өте жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл мерекеге оңтүстік өңірлердегі жұртшылықта ерекше ден қою үстінде. Онысы өте дұрыс деп…
Атам қазақ бай мен бағланын көп дәріптемесе де батыр мен билерін асқақтатып, аузынан тастамай айтып жүретінін біз көнекөздердің әңгімесінен және тарихымыздан білеміз. Өйткені осынау ұлан-байтақ жерді сыртқы жаудан қорғаған сол батырларымыз ғой. Солардың бірі Шымырдың Бекболатынан өрбіген Байтемірдің Арқадан алған Айғаным есімді екінші әйелінен туған Болтай болатын. Сүйегі сомданып, батыр тұлғалы болып өсіп келе жатқан шағында ол әкесі қаза болып, жетім қалады. Бірде анасы көрші ауылға айттап барады. Сонда бала Болтайдың шешесін ағайын ағасы Төлек қалжыңдап құшақтаса керек. Онысын шын көрген бала қамшысымен әлгіні салып қалғанда, қамшы қата тиіп, Төлектің бір көзі ағып түседі. Ол кезде Тәуке ханның Жеті Жарғысы бойынша бала да болса Болтай ауыр қылмысқа тартылып, жазаға алынуы керек болатын. Осы қауіпті сезген Айғаным баласын жетегіне алып, бір түнде Қарқаралыға көшіп кетеді. Сөйтіп, Болтай сегіз жасында нағашысы Тұрысбектің қолына келеді.
Бірде нағашысының жылқыларын жоңғарлар барымталап, қуып кетеді.Ол кезде Болтай қолына қалқан, қарына шоқпар іліп, сырттан келген жаудың бетін қайтарып, батырлығымен көзге түсе бастаған екен. Ол оншақты қарулы жігітімен қалмақты өкшелеп қуып жетеді де жекпе-жекке шақырады. Жоңғардың мойны жуан бір нояны Болтайға тұра ұмтылады. Сонда оны Болтай шоқпарымен ұрып жығып, тақымына басып алып, әудем жерге дейін сүйретіп, жайратып тастаған соң жылқыларын қайтарып алып, айдап кетеді. Сөйтіп орта жүздің атақты байы Тұрысбектің жиені Болтайдың Арқа жерінде батырлығымен атағы шыға бастайды. Анасы Айғаным жиырмадан асқан шағында жесір қалған ғой. Өзі өте көрікті, сұлу әйел болған. Күйеуі Байтемірдің алғашқы бәйбішесінен туған Майбасар мен Басбоқ деген екі ұлы болған. Өздерінің аттары айтып тұрғандай екеуі де белбеуі бос ынжықтау болса керек. Сонысын білді ме, әйтеуір Айғаным Төлектің көзін сылтау етіп, еліне көшкені содан да шығар.
Бірақ, Болтай бұл кезде Арқада аты жер жарған Қабанбай мен Бөгенбай, Қасқары батырлармен үзеңгілес, жорықтас болуға жарап қалған. Дәл сол 1718 жылы Тәуке хан қаза болып, қазақ хандарының арасында айтыс-тартыс көбейеді. Осыны пайдаланған жоңғарлар қазақ ауылдарына жиі-жиі шабуыл жасап, тіпті зеңбірекпен қаруланып, онсыз да бытыраңқы отырған қазақтардың есін аударады. Болтай осыны пайдаланып, анасының рұқсатын алып, кіндік қаны тамған еліне көшіп келеді. Алдымен атасы Төлектің алдынан өтіп, ағасынан кешірім сұрайды. Ағайындылар жылап-сықтап көріседі. «Шын жыласа, соқыр көзден де жас шығады» деген рас екен, Екеуі бір-бірінің ағаттық ісін кешірісіп, Жаңабай елімен жуысып, табысып кетеді. Осы қолайлы сәтті Болтай батыр да босқа жібермей, бір Бекболат, Шымырға емес, төрт Дулатқа сөзі өтіп отырған, Төле бидей данышпанның оң қолы бола білген қолбасшы Қойгелдіге келіп, сәлем береді. Ол кезде қолбасшының он екі қанат ордасына баратын адам ең кем дегенде жарты шақырым жолды жаяу жүріп, атын алысқа байлап барып батырға амандасатын болған. Алайда Болтай қарулы жасауылдарды баса көктеп, атын қолбасшы отырған ордаға бойлап, есіктен аттайды. Сонда Қойгелді Болтайдың сәлемін теріс қарап жатып алмай: «Сен кімсің төріме баса көктеп кіретін? Жауымсың ба?» – дейді ренішін жасырмай. Сонда Болтай: «Аға мен сіздің Арқада жүрген тентегіңіз едім…» дегенде Қойгелді орнынан атып тұрып батырын бауырына басқан көрінеді.
Тарихшы Левшиннің ұлы жүзді «жауға бағынды» дегені бекер екен. Олар Балқаш, Шу, Сарысу, Мойынқұмда көшіп-қонып жүріп, жауымен партизандарша соғысып, жоңғар басып алған Түркістан, Ташкент сияқты қалаларды жау қолынан азат етеді. Ол кезде ұлы жүзді Төле би мен Әбілхайыр ханның Жолбарыс деген ұлы басқарып отырған. Хандар сиқым Рысбек батыр, ботбай Сәмен батырға, жаныс Өтеген батырға, шымыр Қойгелді батырға сүйеніп, жұмылған жұдырықтай болып, жауға атылғалы отырған ғой. Қалмақтар «Сұмқайтыда» қазақ қолынан ойсырай жеңілген соң бас сауғалап, «Ойранды» шатқалы арқылы еліне қашпақ болды. Дәл осы 1723 жылы болған шешуші соғыста жоңғарлар қазақ батырларынан, Қабанбай мен Бөгенбай, Сәмен мен Тоғызақ, Болтай батырлардың қолынан оңбай жеңілді.
Жоңғарлар осы соғыста біржола жеңіліп, еліне қайтты. 1770 жылы Болтай батыр нағашыларының аман-саулығын білу үшін Арқаға аттанды. Бұл кезде Еділ бойындағы қалмақтар қазақ жері арқылы еліне өтпекші болып, Сағыз өзені жағасындағы Мұғалжар тауы сағасына келеді. Нұралы ханның қолы осы тұста оларды жойқын қырғынға ұшыратады. Ал, Балқаш пен Алакөл маңында қалмақтарды Қабанбай өзінің Бөгенбай, Малайсары, Олжабай сынды батырлармен тосып алады. Осы шайқасқа Болтай батыр да қатысады. Осы кезде Болтай батыр қолбасшыға өзінің ұсынысын айтады. Ол: «Мен қалмақтарға жол көрсетуші болып, оларды Балқашқа жақындатпай Итішпестің Алакөліне қарай алдап, алып кетейін» – дейді. Сонда батыр Балқаштың Оңтүстігінде жатқан арасы жүз шақырымдай жердегі Алакөлге алып кетеді. Қалмақтар Болтайдың : «Жоңғарияға қарай өтетін жол осы» – дегеніне сеніп, оның үстіне жол-жөнекей көп суды көріп, одан өздері де, аттары да қана ішіп алған соң Болтайға: «Кәне, жол баста!» – дейді. Болтай оларды өзінің аты айтып тұрғандай, «Итішпестің Алакөліне» әкеледі. Қалмақтар осы жерде тағы да суды қана ішіп, шөлдерін басады. Алайда суы улы көл екенін білмеген жаудың әскері де, аттары да осы жерде жаппай қырылып қалады. Алакөлде жоңғардың жүз мыңға тарта сарбазы өлім құшады. Сөйтіп, қазақтың Сусанині қалмақтың түбіне жетеді.
Міне, Болтай батыр Байтемірұлы осындай ерлік көрсетеді. Болтай батыр жетпіс екі жыл өмір сүрді. Болтай бабамыздан өрбіген ұрпақ бүгінде Құмарық, Қаракемер, Көгершін, Қонаев елді мекендерінде қоныс теуіп отыр. Құмарық ауылында батыр атындағы мектеп бар. Оның Жантай, Шора есімді бауырлары кезінде батырдың бас болуымен осы өңірден тоған қазып, ауылдарға ағын су әкелді. Ал,Ташкент маңында «Болтай тас» деген разъезд бар. Туған ауылында батырға құлпытас орнатылған. Ол жер қазір атшабар алаңы болды.
С.Қожеке.
(Автор осы мақаланы жазуға түрткі болған өзінің ұстазы, тарихшы Жақсыбек қажы Түзелбайұлына, археолог Арнабай Нұржановқа, марқұмдар Сейітжан Өскенбаев пен Есназар Құрымбаевқа шын ризашылығын білдіреді).