АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ХЕМИНГУЭЙ

416 Views

Біз атағы жер жарған Джек Лондон, Вальтер Скотт, Виктор Гюго, Теодор Драйзер, Ги де Мопассан тағы да басқа шетел классиктерінің шығармаларын оқып, Еуропаны танығанбыз. Олардың есімдері аталған жерде Эрнест Хемингуэей туралы айтпасқа болмайды. Бүгінгі әңгіме осы Хэм ағай хақында болмақ.
Иә, мен оның «Шал мен теңіз», «Түстен кейінгі өлім» атты шығармаларын оқыған едім. Шынымды айтсам, қаламгерді жападан жалғыз, құлазу үстінде жүрген бейкүнә адамға ұқсатқанмын. Сөйтсем, Айдахо штатындағы Кетчум қалашығында өмір сүрген американдық жазушы әйелі Мэридің айтуына қарағанда, өзіне-өзі қол жұмсаған сияқты. Сонда қалай?.. Африка құрлығында жүріп, талай арыстанды атып өлтірген оның өлімі соншама сиықсыз болғаны ма?
Егер орыстар Эрнест ағайға еліктеп, иегіне сақал өсірсе, оған еш таң қалмаймын. Өйткені, сегіз роман жазып, АҚШ-тың сол кездегі ең жоғарғы әдеби сыйлығы Пулитцерді, артынша Нобель сыйлығын иеленуі – елу мен алпысыншы жылдардағы зиялы қауымды шырт ұйқысынан оятты. Осыған қарап Хэм ағайдың өмірі шым-шытырық оқиғаларға толы болды деп ойлап қалуыңыз бек мүмкін. Бірақ, ол бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстың екеуіне де қатысқан ғой. Тегі ол Испанияда бомбаның астында қалып, ал, Германияны ұшақтан бомбалауға қатысқан жауынгер де. Ол не көрмеді? Американдықтар Нормандияға басып кіргенде француз партизандарын басқарып, Парижді азат етуге де қатысты ғой.
Ол талай рет өлім аузынан аман қалды. Хэм ағай Муссолиниден сұхбат алып, кубалық диктатор Батистаның қолынан орден тақты. Лондонда көлік апатына ұшырап, ішкі ағзаларын зақымдады. Түйнеме, безгек, гепатит, қант диабеті дейсіз бе, сондай сұмдық депрессиялардан кейін жындана да бастаса керек.
Осылайша жазушы 62 жыл өмір сүріп, оқырмандарына өлмес шығармалар қалдырып, жалған дүниеден бақилыққа аттанды. Ол бүкіл әлемді аралап шықты. Хемингуэй өзінің «Шал мен теңіз» романындағыдай алып балықты ұстап алып, сол балық үшін шексіз мұхитта алып акулалармен арпалысады. Екеуі де жеңе алмайды. Ең өкініштісі, оларға ешкім араша түспесе керек. Жазушының өмірінің соңы да осындай қайғылы жағдайда аяқталған сияқты.
Өз заманында қаламгер талай саясаткерлермен араласты. Тіпті дос болды. Бірақ сонда да жалғыздықтан құтыла алмай өмірден баз кешті.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: