3d-flip-book
domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init
action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /newhome/kulan638/public_html/wp-includes/functions.php on line 6114Өткен аптада Т.Рысқұлов ауданында «Кітапхана және өңірдің мәдени кеңістігі» тақырыбында кітапханалық конвент өтті.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен конвентке 100-ге жуық кітапханашы қатысты.
Конвент қонақтары Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңында «Шежірелі – Т.Рысқұлов, қазыналы – Құлан» этно-ауыл көрме-галлереясын тамашалады.
Жиында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова модераторлық етті. Кітапханалық конвентті Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейітжапаров құттықтау сөзімен ашты.
Іс-шараның құрметті қонағы, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова «Өлкетану – кітанхана қызметінің мағыналық негізі» тақырыбында баяндама жасап, бүгінгі кітапхана келбетіне тоқталды. Сондай-ақ, бірқатар кітапхана мамандарын «Құрмет» грамотасымен, «Кітапхана ісінің үздігі», «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгілерімен және алғыс хатпен марапаттады.
Жиын барысы Тараз қаласының және Жамбыл, Талас, Жуалы аудандарының кітапхана басшылығы жасаған мазмұнды баяндамаға ұласты. Өңірдегі кітапханалардың жұмыс жүйесі, ауқымды жобалар легі таныстырылған соң, Алматы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының жетекші қызметкері Аян Жолдасов «Кітапханада RFID жүйесі: бүгін және болашаққа жаңа қадам» тақырыбында ой қозғап, пікір білдірді. Ал, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Ғалия Абылай «SMM және кітапханашы» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.
Тұрар Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Тұрар – Түркі жұртына ортақ тұлға» memory watch іс-шарасын конвент қатысушылары мен қонақтар назарына ұсынды.
Сонымен қатар Жамбыл облысының 85 жылдығына орай облыс кітапханалары арасында ұйымдастырылған «Туы биік, тұғыры берік – Жамбыл елі» өлкетану оқуларын қорытындылап, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.
Нәтижесінде Т.Рысқұлов аудандық кітапхана жүйесі байқаудың бас жүлдесін иеленді. Ал, жүлделі І орынды Меркі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі, II орынды Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі, III орынды Талас аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне бұйырды. Одан әрі байқауға қатысып, белсенділік танытқан Байзақ, Жуалы, Шу аудандық кітапхана жүйелеріне арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Əлия ИСКАКОВА,
аудандық кітапхананың кітапханашысы.
Бүгінде Қазақстан халқының саны 20,0 миллионнан асты. Олардың жұмыспен қамтылған саны – 9,0 миллион адам. Осы жұмыспен қамтылған адамның 7,0 миллионы немесе 75,9 пайызы экономиканың мемлекеттік секторында жұмыс істейтіндер болып табылады. Ал жалдамалы жұмыстағылардың саны 2,0 милион адамды құрайды.
Қазақстан Республикасында 2022-2023 оқу жылында еліміздегі 118 жоғары оқу орындарында (ЖОО) студенттердің жалпы саны 578,2 мың адам. Оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитындардың саны 228,0 мың адам. Осы оқу жылында ЖОО бітірген мамандардың саны 162,0 мың адамды құрады.
Қазіргі уақытта дипломы бар мамандардың жұмыссыз жүргендері де аз емес. Статистика мәліметі бойынша елімізде жұмыссыздардың деңгейі 4,7 пайызды құрайды. Оның ішінде 15-28 жас аралығындағылардың жұмыссыздық деңгейі – 3,3 пайыз.
ЖОО бітірген жас мамандардың 20-30 пайызы ғана өз мамандықтары бойынша жұмысқа қабылданып, қалғандары мүмкін болған жағдайда құрылысқа, күзетке және басқа мамандық бойынша жұмысқа орналасады.
Мемлекеттік грант бойынша мамандық алғандардың арасында да жұмыссыз жүргендер баршылық. Мемлекет қаржысы есебінен мамандық алғандардың өз мамандығы бойынша қызметке орналаса алмауы құптарлық жағдай емес. Бұл өз кезегінде мемлекет қаржысының мақсатсыз және тиімсіз жұмсалуы болып табылады. Сондықтан гранттар бойынша мамандық алғандардың кез келгенінің сұранысқа ие болуы және олардың жұмысқа қабылдануы қамтамасыз етілуі тиіс.
Білікті және сұранысқа ие болатын мамандарды дайындауда дуалды оқу әдісін (оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар оқыту) енгізудің маңызы зор. Дуалды оқыту әдісі әлемнің дамыған елдерінде Германия, Англия, Швеция, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Данияда оң нәтижесін беруде. Жүйенің артықшылығы жастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғарылап, теория мен тәжірибені қатар меңгерген түлек дайын маман болып, оқуды бітірген соң еңбекке тез араласады. Бастысы жұмыс берушілердің сұранысына сай маман атанады. Бұл өз кезегінде жас мамандардың жұмысқа қабылдануына жол ашады. Жас мамандардың дуалды оқу барысында болашақ жұмыс орындарындағы қызметтердің мазмұны мен міндеттерін меңгеруіне мүмкіндіктер туындап, маман ретінде тез қалыптасуына қол жеткізеді.
Осы айтылған қорытындылардың дәлелділігін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Қаржы және есеп» қафедрасының тәжірибесінен көруге болады. Аталған кафедрада дуалды оқытуды енгізу мақсатында Тараз қаласындағы «Жусан банк», «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамдарымен және «Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаметі» республикалық мемлекеттік мекемесімен, «ТаразКожОбувь» ЖШС келісім-шарт негізінде өзінің филиалдарын ашып, студенттерге дәріс оқуға және олардың өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдайлар жасалынған. Осы банктер мен департаменттің білікті мамандары студенттерге дәріс оқып, өндірістік тәжірибеден өтуіне жетекшілік жасауда. Дуалды оқу барысында институттың бірнеше студенттері сол банктерге қызметке қабылданып, бүгінде білікті маман ретінде қызмет атқарып жүр.
Кез келген қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жаңа идея да, тың бастама да жастардан шығады. Сондықтан мемлекет басқару ісіне кадрлардың жаңа буыны келуі тиіс. Бұл уақыт талабы. Әр заманның өз қайраткерлері мен өз кадрлары болады.
Жастар арасында жұмыссыздықты жоюда, мамандықты таңдауда қателеспеудің мәні өте зор. Мамандық таңдаудағы қателiктер адам ресурстарын тиiмсiз пайдалануға және қоғам үшiн экономикалық шығынға әкеледі. Сәйкес келмейтін мамандықты таңдаған студенттер олардың мүдделері мен қабілеттеріне сай келмегендіктен материалды игеруде қиындықтарға тап болғандықтан оқуларын тастап кетуі немесе мамандыққа ие болған жағдайда да жұмысқа орналасуға ынталы болмауы мүмкін.
Статистиканың мәліметі бойынша жылда 2000-ға жуық студент гранттан бас тартады екен. 2022-2023 оқу жылында 71,5 мың студент қабылданған болса, ЖОО оқып жүрген студенттердің 68,2 мыңы әр түрлі себептермен оқудан шығарылған.
Мамандықты дұрыс таңдау адамның тағдырына оң әсерін тигізеді. Яғни жастардың мамандықтың үлкен әлемінде өз орнын табуын, қоғамға қажетті және еңбек нарығының сұраныстары мен мүдделеріне сәйкес маман болуын қамтамасыз етеді.
Қазір мамандықты таңдауға көмектесетін арнайы әдістемелерге негізделген тесттер бар. Олар жастардың жеке ерекшеліктеріне сүйене отырып, өзінің қабілеттерін толық аша алатын мамандықты таңдауға мүмкіндік береді.
Әлемнің дамыған елдерінде осы әдістерді қолданып жұмыс істейтін орталықтар бар. Тест тапсыру арқылы оқушы өзінің қандай салаға қабілетті екенін және өзінің қандай қасиеттерін дамыту керектігін анықтайды. Қорытындысы тест тапсырушының электрондық жәшігіне жіберіледі. Бұл мамандық таңдауда үлкен септігін тигізеді.
Әрине, осы тестерді қолдану мамандық таңдаудағы барлық мәселелерді шешеді деп айта алмаймыз. Дегенмен мамандық таңдағанда ЖОО немесе қаланың (көп жастардың таңдауы Алматы, Астана қалалары)беделіне қарай шешім қабылдағаннан гөрі өзінің мамандыққа деген қабілетін бағалап және оларды жетілдіруді қолға алған жағдайда болашақ мамандықты таңдауда қателесудің деңгейі төмендейтіні шындық.
Еңбек әлеміндегі қазіргі замандағы үрдістерді ескере отырып, кәсіптер туралы өзекті және алуан түрлі ақпаратты қамтамасыз ету, яғни кәсіптер туралы толық ақпарат беретін онлайн-платформаларды дамыту. Бұл өз кезегінде мектеп бітірушілердің түрлі мамандықтар туралы түсініктерін қалыптастыра алады.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының қызметкерлері тарапынан Жамбыл облысының мектептеріндегі оқушылар мен мұғалімдердің арасында кәсіби бағдар беру сұрақтары бойынша кездесулер өткізіліп, мамандықтарды таңдауға кеңестер берілуде. Атап айтқанда институт әкімшілігі мен профессор-оқытушылар облыстың аудан орталықтарындағы мектептердегі кездесулерде кәсіби бағдардың мазмұны мен мәні жөнінде мектеп түлектерімен сұхбаттар өткізді. Мектеп бітірушілерді институттағы мамандықтардың тізімімен және оларды дайындаудағы заманауи оқу бағдарламаларымен тереңірек таныстырып, экономикамыздың салаларындағы бүгінгі күнгі сұранысқа ие мамандықтарды дайындаудағы өзгерістер мен атқарылып жатқан іс-шаралар туралы хабарламалар жасалынды. Сонымен қатар осы кездесулерде мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналарының олардың мамандық таңдауында қателіктер жібермеулерінің маңыздылығын атап өтіп, қандай жағдайларда гранттарды иеленудің мүмкіндіктері артады деген сұрақтарына жауаптар берілді.
Кездесу барысында мұғалімдер мен оқушылар келешектегі сұранысқа ие болатын мамандықтардың тізімімен танысады. Бүгінде сұранысқа ие мамандықтарға төмендегілерді жатқызуға болады:IT (ақпараттық технология), сату мамандары; логистер; менеджерлер (белгілі бір ұйымның қоғам алдындағы беделін қалыптастыратын маман); техникалық мамандар (инновациялық технологияларды меңгерген инженер-механиктер, инженер-электриктер, инженер-жобалаушылар);экологтар; қаржыгер талдаушы (коммерциялық банктер, сақтандыру компаниялары, инвестициялық қорлар, брокерлік және қаржы саласындағы жаңа технологиялармен айналысатын маман); ауыл және балық шаруашылығының мамандары, уренд-вотчер (тауарлардың нарықтағы өзгерістерді, тенденцияларды отыратын маман), есеп және аудит мамандары. Соңғы 10 жылда экономист, бухгалтер мамандықтарын таңдау деңгейі күрт төмендеп кеткені белгілі. Осы жағдайдың салдарынан бүгінде бухгалтер мамандығына сұраныстың қайта көбейгендігі белгілі болып отыр. Қазіргі уақытта елімізде экономика салаларында 2000-ға жуық бухгалтерлердің жетіспеушілігі орын алғаны туралы мәліметтер бар.
Жоғарыдағы айтылған сұранысқа ие мамандықтардың көбісін дайындау ХТИИ- да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда IT, қаржыгер талдаушы, менеджерлер, есеп және аудит, педагог, ауылшаруашылығы мамандарын дайындауды жүзеге асыруда.
ХТИИ өзінің 15 жылдық тарихында министрліктің және тиісті құзырлы органдардың тексеру қорытындылары бойынша ЖОО қойылатын талаптарына сай білім беретін, білікті мамандарды дайындайтын институттардың қатарынан екенін дәлелдеген оқу орыны болып саналады. Оның материалдық-техникалық базасы, профессор-оқытушылар құрамы бойынша республикадағы жекеменшік жоғары оқу органдарының алдыңғы орындағылардың қатарындағы институт болып саналады.
Мұрат Жұмаділдаев,
экономика ғылымдарының кандидаты, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті.
«Қазақстандық қамту» термині алғаш рет 2004 жылғы 1 желтоқсанда жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға «қазақстандық өндіруші» (қазақстандық тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер) терминдерімен бірге енгізілді. Содан бері бұл тұжырымдамаға экономикадағы болжау мен жоспарлау барысында көп көңіл бөліне бастады. Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі берген мәліметке сәйкес, қазақстандық өндірушілер шығаратын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай тізімін, олар өндіретін өнімдер каталогтарын жүргізу және нарықтағы сұранысты айқындайтын сатып алу бағдарламаларын көрсету үшін «Қазақстандық қамту» порталы жұмыс істейді. Мұнда компаниялар өндірілетін өнім, оның көлемі туралы мәліметтерді жариялайды. Бұл отандық өндірістегі қазақстандық өнімдердің нақты көлемін көруге мүмкіндік береді.
Қазақстандық өнімдердің пайдаланылу көлемін 90 және одан да көп пайызға дейін көтеруге болатын салалардың бірі құрылыс болып табылады. Бұл түсінікті де. Себебі көптеген қажетті материалдар қолжетімді. Елімізде барлық мемлекеттік нысандарда жобалау кезінде қазақстандық өнімдерді барынша пайдалану міндеті негізгі талап ретінде қарастырылады. Сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде сметада әр материалдың шыққан елін міндетті түрде көрсетуі керек. Заңнамада отандық тауар өндірушілердің тізімі ұсынылған. «Атамекен» Қазақстан Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2016 жылы еліміз бойынша қазақстандық өнімді пайдалану пайызы 71, 2017 жылы – 72, 2018 жылы – 77, 2020 жылға қарай ол 87 пайызға көтерілді. Ал бүгінде кейбір нысандарда ол 90 пайызға жетіп отыр. Бұған жергілікті құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындардың ашылуы да ықпал етеді.
Әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп жатқан Т.Рысқұлов ауданында құрылыс саласында отандық өнімнің үлесі жыл сайын артып келеді. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі Жаңатұрмыс ауылында салынып жатқан 90 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені мен мәдениет үйіне, Ақыртөбе ауылындағы 140 орындық мәдениет үйіне, 2022-2024 жылдары пайдалануға берілген Көгершін ауылындағы 90 орындық мәдениет үйі, Ақыртөбе, Көгершін, Р.Сәбденов ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің тапсырыс берушісі болып табылады.
– Тізімде көрсетілген нысандар құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау барысында отандық өнімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінді. Соның негізінде есептеулер жүргізіліп, материалдар сатып алынды. Ал құрылыс материалдарының 90 пайызы отандық өндірушілерден алынғанын мақтанышпен айта аламыз. Аталған нысандарда Меркіде шығарылатын портландцемент, гипс, темірбетон бұйымдары, гипсокартон, күйдірілген кірпіш пайдаланылды. Сэндвич-панельдер мен гофрленген қаңылтырлар Алматыдан келеді. Жылу оқшаулағыш материалдар, пеноплекс, кабель, сым бұйымдары, барлық маркалы арматура, пластмасса, терезелер мен есіктер, тақтайшалар мен түсқағаздарды қабырғаларға жабыстыруға арналған құрғақ қоспа, брусчатка, құм блоктары Тараздан келеді. Ал кәріз құрылысына пайдаланылған темірбетон науалар мен құдықтар Құлан ауылынан, – дейді бөлім басшысы Қаблет Әбдірахманов.
Арайлы Жақсылық.
Жақында редакциямызға Ақыртөбе ауылдық округі бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Иманалиев келді. Қолында 2024 жылы Ақыртөбе ауылдық округінде атқарылған жүйелі жұмыстардың тізімі бар. Сөйлестік. Пікірлестік. Редакциялық лездемеде ақылдасып, Сатыбалды ақсақалдың осы мақаласын газетіміздің бүгінгі санында жариялауды жөн көрдік.
Ақыртөбе ауылдық округі бойынша 2 ауыл, яғни Ақыртөбе және Малдыбай елдімекендері бар. Биыл Ақыртөбе ауылында көптеген ілкімді істер атқарылды. Шүкір, жаңа мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Жаңа спорт кешені де бар. Құдайға тәубе дейміз. Айталық, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 4 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 1,6 шақырымды құрайтын Молдаш Ниязқұлов көшесі, жоба құны 58 миллион 77 мың теңге, Көктал көшесінің (133 метр бөлігі), жоба құны 2 миллион 964 мың теңге, Б.Момышұлы көшесі (220 метр), жоба құны 4 миллион 903 мың теңге, А.Құнанбайұлы көшесі (695 метр), жоба құны 17 миллион 235 мың теңге.
2024 жылы Ақыртөбе ауылында жалпы сметалық құны 356 миллион 778 мың теңгені құрайтын 140 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ендігі ретте Малдыбай ауылында 120 орындық заман талабына сай жаңа мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Жаңа мектеп 2025 жылы ашылады деп жоспарлануда. Биыл ауылымызда наурыз айында «Аналарды ардақтайық» тақырыбында іс-шара өтіп, көп балалы аналарды күтіп, бағалы сыйлықтар беріліп, мәдениет саласының қызметкерлерімен сазды концерт қойылды. Сәуір айында Ақыртөбе орта мектебінде ауыл әкімінің қатысуымен «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбында 60 ата-ана қатысқан үлкен семинар болып, пікірлер айтылды. 1 мамыр – Қазақстан Республикасының бірлігі күні мерекесіне орай, Ақыртөбе мектебінің акт залында ауыл ардагерлерінің қатысуымен концерттік шара өтті. 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде де ауылдың 10 зейнеткері «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталды.
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясына да ауылдық округ тұрғындары белсенді түрде қатысты. Айталық, Ақыртөбе ауылындағы Сейталы көшесінің бойында Ұлы Отан Соғысы ардагерлерінің құрметіне ашылған «Даңқ» аллеясы орналасқан. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ескерткіштің маңын күл-қоқыстан тазартып, шөбін шауып, тал-дарақтарды ақтап, стелла жуылып, тазартылды. Әкімшілік қызметкерлері мен ақсақалдар алқасының мүшелері бірігіп, көшелерге және ауылдағы саябаққа 40 туя, 200 қара ағаш отырғызды. Қарасу көшесінің бойына 30 жеміс тал егілді. Шарипхан, Кокумбай, Ақыртөбе, Қарасу, Тойбеков көшелеріне 50 туя шырша ағашы егілді.
Қарасу бұлағын тазарту жұмыстарын жүргізу, қоқыстарды шығару үшін – 3 миллион 746 мың теңге қаражат қойылып, аталған жұмыс толығымен атқарылды. Сондай-ақ, осы бұлақ арнасының бойында орналасқан екі көлік өтетін көпір толықтай күрделі жөндеуден өтті. Ақыртөбе ауылы, С.Ахметов көшесінің бойынан «Стрит воркаут» спорт алаңы салынып, қолданысқа берілді.
Жалпы мемлекеттік бағдарламадан тыс ауылымызда демеушілік тарапынан да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мысалы, биыл «Жомарт түлек» жобасы аясында Ақыртөбе ауылының 1987 жылғы түлектері елдімекен атауы жазылған «I LOVE AQYRTOBE» деген стелласын 1,5 миллион теңгеге орнатты. Жергілікті ардагерлер кеңесінің бастамасымен көшелер мен көпшілік орындарға көшет, тал егу бойынша жұмыстар атқарылуда. Биыл 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай окруктегі батыр аналардың құрметіне демеушілер есебінен дастархан жайылып, сый-сыяпаттар таратылды. 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай, Ақыртөбе ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ұлықбек Тлеулиев әлеуметтік осал топтағы 10 отбасыға қаржылай 20 000 теңгеден қайырымдылық көрсетті. Құрбан айтта да Ақыртөбе ауылы бойынша әлеуметтік осал топқа жататын 60 отбасыға азық-түлік алып берілді (бір себет құны шамамен 30 000 теңге).
Қарасу көшесіндегі саябаққа 860 дана раушан гүлі егілді. Қазіргі таңда демеушілік көмекпен Ақыртөбе көшесінде балалар ойын алаңын орнату жұмыстары басталды. Кокумбай, Тотан Сейтбекова көшесінде жерлері анықталып, балалар ойын алаңын орнату жұмыстары басталды. Осы жұмыстарға белсенді қатысып жүрген ауыл қариялары Али Кокумбаев, Нурмахан Жумалиев, Мейрамбек Оспанов және де Ақыртөбе әкімшілігінің қоғамдық жұмысшы қыздары Шынар Молдалимова, Диляра Амиреева, Шолпан Машенова, Бану Маханбетова, Света Раимбетова, Патима Кульбекова, Тойдық Бейсебаева, Бахыт Тілетаевқа зор алғысымды білдіргім келеді. Алдағы жылдар еншісінде де ауылымыз көркейіп, жылдан-жылға жаңара түседі деген ойдамын.
Сатыбалды Иманалиев,
Ақыртөбе ауылдық округі бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы, «ҚР Халыққа білім беру ісінің үздік қызметкері», ауданның Құрметті ардагері.
Балықшылар мұз үстіне шығатын уақытты асыға күтеді. Бірақ қыс кезіндегі балық аулаудың біршама қауіптілігі бар екендігін ұмытпау керек. Мұз үстіне шығу – әрқашан да қауіпті іс. Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі балық аулаушылардың назарына негізгі мұздағы қауіпсіздік ережелерін ұсынады.
Мұзда адамның болуының негізгі қауіпсіз жағдайлары мыналар:
– Ұсынылған салмаққа мұз қалыңдығының сәйкес келуі;
– бір адам үшін қауіпсіз мұздың қалыңдығы 7 см-ден кем болмауы керек;
– жаяу өткел үшін қауіпсіз мұздың қалыңдығы 15 см және одан артық болуы керек;
– автокөліктің өтуі үшін қауіпсіз мұздың қалыңдығы 30 см-ден кем болмауы керек;
– судың температурасы 2-3°С кезде адамның суда 5-10 минут болуы оның өмірі мен денсаулығы үшін аса қауіпті.
Мұз үстіндегі қозғалыс ережесі:
– Мұз үстіне шығу тек тәуліктің жарық кезінде болуы керек;
– су айдынына шығар алдында мұздың мықтылығын тексеріңіз. Кәсіпқой балық аулаушыларға арналған жерлерде тұрақты мұз қалыңдығын өлшеу жүргізіледі. Ол 7 сантиметрден кем болмауы керек;
– балық аулау орнына мұз үстімен жүргенде, қар басқан жерлерден аулақ жүріңіз;
– мұз үсті мөлдір болуы керек. Сүт түстес борпылдақ мұз беті қауіпті болады. Мұз бетімен жылжығанда оның түсіне назар аударыңыз. Неғұрлым мұз ашық түсті болса, ол соғұрлым қалың.
Балық аулау барысында:
– Мұз бетінде кішкентай алаңда көп болып жиналмаңыздар;
– шектеулі жерде көп ойықтар жасамаңыз;
– егер де сіз мұз астына түсіп кетсеңіз, үрейленбеуге тырысыңыз.
Алдымен мұз бетіне бір аяғыңызды шығарыңыз, содан кейін екіншісін. Барлық денеңізбен мұз бетіне шыққанда, ақырындап қауіпсіз жерге сырғанаңыз. Киіміңізді ауыстыру үшін мүмкіндігінше су айдынынан тезірек кетіңіз. Құтқарушылардың көмегі қажет болған жағдайда 101, 112 телефон нөмірлеріне хабар беріңіздер.
ЕСІҢІЗДЕ САҚТАҢЫЗ!
ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕ СУ АЙДЫНДАРЫНДА, МҰЗ ҮСТІНДЕ ӨЗІН-ӨЗІ ҰСТАУ ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАМАУ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАЛАРҒА АЛЫП КЕЛЕДІ!
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі мен №10 өрт сөндіру бөлімі.
Тұрар Рысқұлов аудандық сотында «Үй қамауына санкция беру кезінде электронды білезіктерді қолдану мәселесі» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға аудандық соттың тергеу судьясы С.Узбеков, АПБ-нің тергеу бөлімінің орынбасары Н.Сейдахмет, тергеуші С.Мустафа, анықтаушы А.Асылхан, аудандық заң кеңесінің адвокаттары Б.Макаева, Н.Аликулова қатысты.
Іс-шараны ашқан тергеу судьясы С.Узбеков электрондық білезіктерді қолдану кезінде нақты уақыт режимінде адамның орналасқан жерін бақылауға және олардың сот шешімімен белгіленген шектеулерді сақтауын бақылауға мүмкіндік беретін тиімді техникалық бақылау құралы болып табылатынын айтты. Бұл қадағалау құралдарын қолдану үйқамақтағы ұстау шарттарының сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз етеді. Тұрақты бақылау және қамаққа алу жағдайларының бұзылуына дереу ден қою мүмкіндігі қылмысты қайта жасауға бейім адамдарды қосымша тежеу болып табылады.
Сонымен қатар электронды білезіктер күзетпен ұстаудың баламасы ретінде үйқамақты қолдануға мүмкіндік береді. Бұл күдіктілер мен айыпталушылар үйқамақта болу шарттарын орындаған жағдайда өздерінің үйлерінде, отбасыларының жанында тұруды жалғастырып, өз құқықтарын қорғауға ықпал етеді.
Бұл ретте судья полицияның электронды білезіктерді сатып алу мәселесін шешуге назар аударды.
«Құлан таңы» ақпарат.
Қазіргі уақытта сот отырысының ашық және әділ өтуі мақсатында еліміздің барлық сот отырысы залдарында бейнекамералар орнатылып, заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Аудио, бейне жазба қолдану арқылы қаралған сот істері бойынша сот процесі аяқталысымен іске қатысушылардың сот отырысын толық көріп шығуға мүмкіншіліктері бар.
Әр іске қатысушы тұлғаның бейнебайланыс қолдану арқылы онлайн режимде сот отырысына қатысып, сот төрелігін қашықтан жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Бейнеконференция байланысын пайдаланудағы мақсат – сот істерінің мерзімдерін қарау, сақтау және азайту. Сонымен қатар тараптар, куәгерлер, эксперттер, мамандар, аудармашылар, тағы басқа да іске қатысушылар белгілі бір себептермен сот отырысына келе алмауына байланысты бейнеконференция байланысымен қатысуына мүмкіндік туады.
Сот отырысында озық технологияларды қолдану тараптардың сотқа деген сенімін арттырып, олардың өздерін сотта дұрыс, мәдениетті ұстауына ықпал етеді. Бастысы жемқорлыққа жол бермеуіне септігін тигізіп, азаматтардың уақыттары мен қаражатын үнемдейді.
Н.Шаймерденов,
аудандық сот әкімшісінің бас маманы.
Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов ел Президентінің №826 Жарлығына сәйкес, Құлан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов пен аудан прокуроры Болатхан Тоғанбайұлы да қатысты. Жиын барысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауданның экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері туралы сөз қозғады.
Рас, соңғы жылдары аудан аумағында көптеген ауқымды тірліктер атқарылып жатыр. Айталық, талай жылдан бері сөз болған Малдыбай ауылына жаңа мектеп құрылысын салу мәселесі биыл шешімін тапты. Қазіргі таңда Малдыбай ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында құны 1 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын жаңа мектептің құрылысы басталып кетті. Қазір бұл мектептің іргетасы мен кірпіштері қаланып та қойды. Одан бөлек аудан аумағынан шалғай жатқан Қайынды ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт соғылып, ол жақында ғана пайдалануға берілгенін білесіздер. Осындай медициналық нысандар Қорағаты станциясы мен Рахым Сәбденов ауылында да салынып жатыр.
Осы 1-2 жылдың көлемінде аудан аумағындағы ауылдық округтерде спорт кешендері салынуда. Мәселен, бұған дейін Көгершін, Ақыртөбе, Рахым Сәбденов ауылдарында жаңа спорт кешенінің құрылысы салынып, халық игілігіне пайдалануға берілген болатын. Дәл осындай спорт кешенінің құрылысы Жаңатұрмыс ауылында да салынып жатыр. Сондай-ақ, Жаңатұрмыс ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы да жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарына жаңа су іркуіш имараты мен ауыз су жүйесінің құбыры жүргізіліп жатыр. Құлан ауылындағы Шөңгер елді мекеніндеде жаңа су іркуіш имараты мен ауыз су жүйесінің құбыры тартылып жатыр.
1974 жылдан бері жөндеу көрмеген Құлан ауылындағы И.Панфилов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерге де биыл «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, үйлердің төбесі жабылды. Осы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барлығын аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылдық округінің халқымен өткен кездесуде баяндап айтып берді.
Кездесудің «Сұрақ-жауап» кезеңінде тұрғындар тарапынан қайтарымсыз грант, жер теліміне қол жеткізу, көше жарығын орнатып, көше жолын жөндеу, қаңғыбас иттерді аулау және жұмыспен қамту сынды мәселелер көтерілді.
Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке де қабылдап, көтерілген мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілетінін атап өтті.
М.Жолдасбекұлы.
Жақында Жаңатас қаласында бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО, Әлем және Азия чемпионы Серік Өмірбековтің жүлдесіне арналған 2010-2011 жылғы туылған жасөспірім ұлдар арасында II республикалық турнир өтті.
Республикалық турнир болған соң, бұл жарысқа еліміздің әрбір аймағынан жас боксшылар келіп, бақ сынады. Айта кеткеніміз жөн, Жаңатаста өткен республикалық турнирге ауданымыздағы №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жасөспірімдерді боксқа баулып, оларға осы спорттың қыр-сырын үйретіп жүрген білікті жаттықтырушылар Бақытбек Толымбетов пен Абзал Шығамбай шәкірттерін үкілеп апарды. Нәтижесі де жаман емес. Бұл турнирде Бақытбек Толымбетов пен Абзал Шығамбай баптайтын қос өрен, яғни Ержігіт Айбас пен Айбек Нұрымбет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Нақтылап айтсақ, 33 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Ержігіт Айбас жүлделі үшінші орынды иеленсе, 37 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қарсыластарының барлығын ұтқан Айбек Нұрымбет республикалық турнирдің жеңімпазы атанды. Осы салмақта жеңімпаз атанған Айбек Нұрымбетке ұйымдастырушылар тарапынан арнайы белбеу сыйға берілді. Республикалық турнирде үздік үштікке енген 14 жастағы Ержігіт Айбас Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте оқиды. Ол Жалпақсаз ауылының тумасы. Ал, осы турнирде жеңімпаз атанған 14 жастағы Құлан ауылының тумасы Айбек Нұрымбет Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы.
Бұған дейін де талай жасөспірімдердің томағасын сыпырып, үлкен спортқа баптап қосқан Бақытбек Толымбетов пен Абзал Шығамбайдың қос шәкірті алдағы уақытта талай додаларда да оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз. КСРО, Әлем және Азия чемпионы Серік Өмірбековтің жүлдесіне арналған республикалық турнирде жүлделі бірінші және үшінші орын иеленген Айбек Нұрымбет пен Ержігіт Айбасқа осындай нәтиже көрсеткені үшін «Спорт шеберіне үміткер» атағы берілді.
Марат ДИХАНБАЙ.