478 Views
Жақында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жетінші шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының кезекті 24-ші сессиясы өтіп, онда аудан әкімі Ернар Есіркепов жергілікті мәслихат депутаттары алдында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі туралы өз есебін баяндады. Айта кетейік, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліповтың төрағалығымен өткен алқалы жиынға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Шорабек Атабаев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Өз баяндамасында аудан басшысы ауыл шаруашылық, өнеркәсіп, денсаулық, білім, құрылыс салаларында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Рас, «Арай» тұрғын үй алқабынан салынған бес қабатты 80 пәтерлі 2 үйдің мәселесі жайлы тұрғындар әрқашан сауал қояды. Өз баяндамасында аудан әкімі бұл мәселені де қаузап өтті. «80 пәтерлі 2 үйдің құрылысы толықтай ақталған. Енді отқазандық орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұйыртса, биыл, біз, бес қабатты 2 үйдегі 80-нен есептегенде 160 пәтердің кілтін табыс ететін боламыз. Яғни, 160 адам баспаналы болады деген сөз бұл. Дегенмен, айта кететін де мәселе бар осы жерде. Берілетін үйдің саны – 160. Бірақ, тізімде тұрған адам көп. Ол – қалай болады? Үй берілетін кезде арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына бірде-бір мемлекеттік қызметкер кірмейді. Ақсақалдар, өздеріңіз секілді халық қалаулылары, белсенділер үй кезегінде тұрған азаматтар мен азаматшалардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын талдап, таразылап отырып, анықтайтын болады» деді аудан әкімі Ернар Есіркепов. Содан соң аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұлова аудан аумағында медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы, Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ахметов аталмыш ауылдық округтің инфраструктуралық даму көрсеткіші жайлы баяндама жасады. Алқалы жиында аудандық мәслихат депутаттары Бердіхан Бабасов, Айнұр Баймұратова, Мереке Айнақұлов, Мұратжан Мейманханов білім, жастар саясаты, ауыл шаруашылық және өнеркәсіп салаларындағы түйткілді мәселелерді қаузады. Өз кезегінде аудан басшысы айтылған ұсыныстардың барлығы өз бақылауында болатынын, айтылған сөз осы арада қалып қоймайтынын жеткізіп, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты. Сессия барысында бұдан да өзге мәселелер талқыланып, хаттамаға енгізілді.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: