Газет тарихы
Аудандық «Құлан таңы» газетінің Тарихы
Аудан шаңырақ көтерген соң 2 жылдан кейін, 1940 жылдың мамыр айында алғашқы саны жарық көрген аудандық «Коммунистік еңбек» («Коммунистический труд») газеті содан бері аудан тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып, шын мәнінде оқырмандардың жан серігіне, өңірдің өшпес шежіресіне айналып отыр. Басылым алғашында қазақ және орыс тілдерінде шығып тұрды. Газеттін ең алғашқы редакторы Әбсаттар Мәдіғұлов болды. Одан соң басылымды Сағат Арынов пен Оспанбек Хатиев, Өсер Уәзиев пен Тұрсынхан Жаманбаев ұзақ жылдар басқарды. Бұдан бөлек басылымға әр жылдары Дүйсен Мамбеталин, Анатолий Деридович, Москау Нохрабеков, Мүратбек Арыстанбеков, Серікбай Өтегенов және Мұрат Өмірзақовтар жетекшілік етті. Газет тарихында журналисттер Әбдіжақып Туғанбаевтың, Есенкелді Төреқұловтың, Рахмаш Сулеймановтың, Сейсен Қожекенің, Қыдыралы Қойтаевтың, Әлібек Бақытовтың, Константин Михайлович Арбузовтың, Владимр Казакеевтың, фототілшілер Ботпай Шатаевтың, Марат Қасабековтың, баспагерлер Қали Қалжыровтың, Өскен Керімбековтың, Рафхат Бекмамбетовтың алатын орны ерекше. Баспахананың алғашқы директоры Нұртас Адамсопиев боды. Газет 1991 жылдан «Құлан таңы» болып аталады. Редакция типті ғимараттқа орналасқан. Өз баспа цехы бар. Таралымы 4600 дана. Аудан өмірімен біте қайнасып, бірге жасап келе жатқан басылым осы жылдар ішінде талай қиындықты басынан өткерсе де алған идеялық бағытынан таймай халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп, олардың нағыз жан азығына айналып отыр. Осы жерде аудан тарихына баспасөз шежіресі болып қосылады деген ниетпен газетті ұзақ жылдар басқарған ардагер журналист Тұрсынхан Жаманбаевтың «Газет қалай жабылмай қалды» деген мына бір шағын естелігін кіргізуді жөн көрдік. Газет 90-шы жылдары ескі тәсілмен шығатын. Компьютер әлі қолданысқа ене қоймаған кез, деп еске алады ардагер журналист, басылымның сол жылдардағы бас редакторы, Барлық материалдар қорғасынмен құйма жол арқылы линотип станогында терілетін. Жол-жол қорғасынға құйылған материалдар беттеу цехында алдын-ала жасалған макетке қарай отырып, қолмен беттелетін. Кейін кезекші оқып, қатесін түзеткенде, қате жол линотипте қайтадан терілетін. Бұл- тауқыметі көп өте қиын жұмыс еді. Бәрі бітті, -деді бірде кабинетіме түтігіп кірген орынбасарым Досан Құлбеков. Не болды?Полоса/ газет беттері/ шашылып қалды. Басу станогының болты үзіліп кетіпті. Екеуміз төменгі баспа цехына түстік. Баспагерлер шашылып жатқан беттердің жанында ошарылып тұр. Қалайда ертең оқырмандар газетті алуы керек, — дедім мен оларға. Алда түн бар ғой, — деді Досан жайбарақат. Орынды әзілге бәріміздің жанымыз жадырап, шашылып жатқан газет жолдарын біртіндеп жинауға кірістік. Жарамсыз болып қалғандарын линотипте қорғасыннан қайта құйдық. Баспа станогының ахауын жөндеп, таң атқанда газетті поштаға жөнелттік. Бұл кез нарық қыспағының шарықтау шегіне жеткен шағы болатын. Журналистер мен баспагерлер мұғалімдер мен дәрігерлер секілді бірнеше айлап жалақы алмай жүрген. Осындай қысылтаяң кезеңде ешқандай қиналыс танытпай әзіл-қалжыңын араластыра отырып, түнімен қиналмай жұмыс істеген әріптестеріме тәнті боламын. Олар шын мәнінде өз істеріне жан-тәнімен берілген, жауапкершілікті сезінетін нағыз парасат иелері еді. Сондағы линотип терімшісі Перизат Кабираева, баспагер Өскен Керімбеков, газет беттеуші Рафхат Бекманбетов, орынбасарым Досан Құлбеков, жауапты хатшы Рая Сакаева барлығы да өз ісінің нағыз шеберлері болатын. Иә, барлық жердегідей нарық қыспағы баспасөзді де айналып өткен жоқ. Көптеген аймақтарда аудандық газеттердің жабылып қалғандары да болды. Мұндай қауіп бізге де төніп келе жатқан. Электр қуатына деген қарызымыз көбейіп кеткен. Жалақы барлық жердегідей уақтылы берілмейді. Жалпы елімізге тән ауыртпалық бізде де болды. Бірақ қалайда аудандық газеттің жабылуына жол бермеу керек. Өйткені, газетсіз аудан-аудан емес қой. Өзімді мазалаған ойларым мен ұстанымдарымды сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Дүйсеналы Дыбысалыұлы Бықыбаевқа жеткіздім. Газет проблемаларын ол да жақсы білетін. Ойланып жүреді екен. Баспахананы редакцияға қосып алсаңшы, -деді ол. Біз екеуміз ұзақ отырып, көп әңгімелестік. Газетті аман алып қалудың жолдарын қарастырдық. Сөйтіп, ойласа келе, басылымды аптасына екі рет аралас тілде шығару және баспахананы редакцияның еншілес кәсіпорны етіп, қайта құру жөніндегі тұжырымға келдік. Экономикалық есебімізді жан-жақты жасап , ойымызды сол кездегі аудан әкімі Үсіпәлі Арынұлы Халиевке білдірдік. Ол біздің пікірімізді қолдап, шешім шығарды. Сонан соң тез арада кәсіпорынды сауықтыру шараларын жасап, газетті аралас тілде аптасына екі рет шығара бастадық. Басылымның бүгінгі нұсқасы осылай дүниеге келген еді. Баспахана еншілес кәсіпорын болып құрылды. Осының нәтижесінде жағдайымыз тез жақсара бастады. Баспахана шығындары күрт азайды. Қаражат үнемделіп, журналистер мен баспагерлер жалақыларын уақытылы алатын болды. Газеттің жабылып қалу қауіпі мүлде жойылды. Кейіннен елшілес кәсіпорын баспахананы редакциянын басу цехы етіп, қайта құрдық. Біздің бұл тәжірибеміз барлық аудандарға таратылды. Сөйтіп, жабылу алдында тұрған бірқатар гезеттер біздің нұсқамызға көшіп, басылымдарын жабылудан аман сақтап қалды. Ардагер журналист газет шежіресі жайлы өткен күндерден осылай деп сыр шертеді. Бүгінде халықымыздың біртуар перзенті Тұрар Рысқұловтың есімін еншілеген ауданның 80 жылдық тарихында «Құлан таңы» газетінің алатын орны да ерекше. Қысылтаяң жылдардың өзінде жол тауып жабылмай қалған басылымның сарғайған тігінділерін ақтарсаң аудан тарихының, өңір шежіресінің нағыз куәсі екендігіне көз жеткізесін.