21 Views
Ауданымызда бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2018 жылдың 28 тамызында құрылған. Мекеменің негізгі мақсаты – аудан аймағындағы күнтізбелік жоспарға сәйкес және жоспардан тыс бұқаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру және өткізу.
Мекемені басқарып отырған спорт жанашыры, білікті басшы Бағылбеков Жанат Тұрарұлы. Оның жетекшілігімен аудан көлемінде салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындарды спортқа тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталып, ұлт саулығын сақтауда спорттың рөлі айрықша екенін атап өткен болатын. Осы міндетті негізге алған мекеме халықтың қозғалыс белсенділігін арттыруға, спортпен жүйелі түрде шұғылдануға жағдай жасауға басымдық беріп келеді.
Орталықтың басты мақсаттарының бірі – жасөспірімдер мен жастарды, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды дене шынықтыруға баулу. Сонымен қатар спорт арқылы адам бойындағы табандылық, шыдамдылық, өзіне сенімділік, сабырлылық секілді қасиеттерді қалыптастыру. 2025 жылы аудан көлемінде спорттың 28 түрінен 145 бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді. Атап айтар болсақ, кіші футбол, волейбол, баскетбол, стритбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы, дартс, садақ ату, асық, бес асық, қол күрес, гір тасын көтеру, кермеге тартылу, секірмек, қашпа доп, арқан тарту, ләңгі, армлифтинг, мас-рестлинг, бильярд, қазақ күресі, бокс, еркін күрес, кикбокс, эстафета, жүгіру, қой көтеру секілді спорт түрлері қамтылды.
Жыл қорытындысы да табысты болды. Құмарық ауылының спорт нұсқаушысы Баденов Сержан Төлешұлы Қазақстан Республикасы спорт және туризм мининстрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл үздігі – 2025» республикалық спорт премиясында «Үздік ауылдық округтің спорт нұсқаушысы» номинациясын иеленіп, 1 000 000 теңге сертификатқа ие болды. Бұл – аудан спортының даму деңгейін көрсететін жетістік.
Осы жылға қойылған мақсат-міндеттер де көп. Спорттық іс-шараларға қатысушылар санын арттыру, ауылдық округтердегі спорт нұсқаушыларымен бірлескен жұмысты күшейту, бұқаралық спорт арқылы ұжымдық рухты нығайту және тұрғындардың денсаулығын жақсарту – басты мақсаттарының бірі.
Бұқаралық спорт – бұл тек жарыс емес, бұл – салауатты өмір салты, берік денсаулық пен мықты ұлт қалыптастырудың негізі.
Айнұр Диханова.
Поделиться ссылкой: