О, туған тіл –тас бұлақтың тұнығы да сенде!

37 Views

Ана тілі – ақ бесік. Өмірге келген сәби алғашқы ақпаратты ана тілінде қабылдайды. Әр құбылыстың атауын ана тілінде үйренеді, өзін айналып-толғанған сөздерді, бесік жырын, алғашқы ертегілерді ана тілінде тыңдайды. Есейе келе адамдармен қарым-қатынас жасап, білімін ана тілдің көмегімен толықтырады. Осылай ана тілі бойына сіңіп, ажырамас бөлшегіне айналады.
«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» дейді Ахмет Байтұрсынұлы.
Тіл – бағалы қазына. Дегенмен тіл қадірін жете түсіну адамдарға қиындық тудырады-ау?.. Мұны қоғамда орын алып отырған қате жазылған жарнама, шала аударма, шұбар сөйлеуден байқауға болады.
Мен – ауыл баласымын. Әр күнім мен түнім ана тіліммен сырласудан тұрады. Мен үшін туған тілімді жоғалту – тұтас бір қазынадан айырылу. Мені бір ойлар мазалайды: атаның ақылын, ананың мейірін, бабаның өсиетін жинаған ана тілімізді болашаққа осы күйде жеткізе аламыз ба? Жаһандану жағдайында жоғалтып алмаймыз ба? Өз тілімізден өзге тілді бағалап, өмір сүруге қажет деп, ана тілді өгейсітіп жатқан жоқпыз ба?
Тіл – тіршіліктің бастауы. Өзімізге жақсы таныс мақалдардан «Отанға деген сезімнің отбасынан басталатынын, ата көрген мен шеше көргеннің өнер үйреніп, жеті атадан сіңген тәрбиенің тектілігі» туралы жаттап өстік. Бәлкім, бабалар айтқан шындықты түсіне алмай жүрген шығармыз?.. Кім біледі, онда өмір сыры жатқан болар?.. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бірте-бірте ұғармыз…
О, туған тіл! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, Мәжнүн ғашықтың іңкәрі де сенде, қыран құстың жанары да сенде, шымыр ұланның талабы да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде…..Мұның барлығы қазақ тілінің құдыреттілігінде – оның орындылығында, өрлігінде, орасан зор байлығында.
Тіл – тіршілік иесіне тән мұра. Белсенді, өнімді ойланатын бір тіл болмаса, онда ой таяз, мазмұн жалаң. Ал ана тілі бар адам – маңызды ақпаратты мәніне жетіп түсініп, саралап, қажеттілігіне жарата білетін жан. Ол зерлі сөзден ой түйетін зерек жан, қоғам алдындағы жауапкершілігін жете сезінетін тұлға ретінде таныла алады. Сөз жоқ, білім өрісін кеңейткісі келген адам қажеттілігіне қарай өзге тілдерді де меңгереді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» – деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, ана тілдің маңыздылығы қашанда жоғары. Бұған дәлелім – тарихта танымал қазақ елінің тұлғалары: біртуар билер Төле, Қазыбек, Әйтеке, данышпан Абай, Мағжан, мыңның бірі Мұхтар, жасын сөзді Жұбандар…Тек тілді емес, өз еліңді сүюдің даналық теңдеуін бергендер.
Ғасырлар мен уақыттан озып жеткен тіл… Оның бағалылығы, құндылығы шексіз. Біздің одан алатын басты сабағымыз – тауып айту тағылымы. Қазір логика деген ғылым бар. Меніңше, бабаларымыз сөз қисынын қиыстыруда ұлтымызға тән данышпандық іліммен ой қорытқан. Ендеше, менің ой тұжырымым – ұлтымыздың ұлылығы мен тіліміздің тағылымын дәріптеу. Құнды дүниені қастерлеу.
Алима БЕРДАЛЫ,
жас түлек.
Қазақ ауылы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий