«Аспандағы 305 шайқастан ҰШҚЫШТАРЫМДЫ АМАН АЛЫП ШЫҚТЫМ»

24 Views

Өткен ғасырдың 40-жылдары дүниені дүрбелеңге толтырды. Атлантикадан Тынық мұхитқа дейінгі аралықты қанды-қасапқа айналдырған, 1941 жылғы маусымның 22-сі күнгі неміс фашист басқыншыларының сол кездегі Кеңес Одағының аумағына соғыс жарияламастан баса-көктеп кіруінен басталған еді. Кеңестер Одағынан жас құрақтай жайқалып өскен кілең мұз шайнап, от бүріккен жалын кеуде жігіттер, арасында бірен-саран қыздар да бар, жаппай майданға аттанды. Соғыс басталған тұста, Қызыл армияда Қазақстаннан шақырылған 178 мың солдат әскери борышын өтеп жатқан. Сол сарбаздар бірден майданға жұмылдырылды. Оларға қосымша қазақ жерінің түкпір-түкпірінен арнайы 1,2 миллион адам алынды. Ресми деректерге қарағанда, майдан даласында Қазақстаннан барған 600 мыңнан астам боздақтың өмірі қиылды. Демек, біздің елден аттанған жауынгерлердің тең жартысы Отанға оралмады. Бұл жалпы Қазақстан халқының сол кездегі санына шаққанда 11,2 пайызы, дейді деректер. Жауды жеңіп, елге оралған жауынгерлердің саны бүгінде күн санап сиреп барады. ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңына дейін бірқатар қарт майдангер ортамызда жүрген. Солардың қатарында екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдинов те бар, тың еді. Майданнан оралған соң баһадүр Қазақстанның авиация сапында және елдік, қоғамдық жоғары салаларда еңбек сіңірді. Жамбылдық жерлесіміз, «Ана тілі» ұлт газетінің сол кездегі тілшісі Раушан Төленқызы тарлан Талғаттан 90-жылдардың аяғында сұхбат алған болатын.

Араға біршама уақыт салып сол сұхбатты газетімізге қайта жаңғыртып, жариялап отырмыз. Сұхбаттағы қаһарманның әңгімесі дәл қазір қасымызда сөйлеп тұрғандай, әлі күнге мәнін жойған жоқ.
– Бірден соғысқа «кірісейік». Қалғанына сосын оралармыз.
– Жақсы. Онда әңгіменің «командирі» өзің бола ғой.
– Өзіңіздің қанаттасыңыз Иван Кожедуб 60-тай самолетті атып түсіргені үшін 3 рет Совет Одағының Батыры атанды. Ал мынау неміс ұшқыштары – «астардың» әрқайсысы жүздеген самолеттеріміздің күл-талқанын шығарды. Сонда не, немістердің самолеттері керемет пе?
– Біздікі мынадай нәрсе. Соғыс уақытында Сталиннің бұйрығы жарияланды.
«…Егер ұшқыш истребитель 15 самолетті атып түсірсе, Совет Одағының Батыры, 30 самолет атса, 2 мәрте, ал 45 самолет атып құлатса 3 мәрте Совет Одағының Батыры атағы берілді». И.Кожедуб – сондай ұшқыш-истребитель. Ал мен – ұшқыш-штурмовикпін. Біздің парызымыз – 80 мәрте аспандағы айқасқа қатыссақ, Совет Одағының Батыры, ал 160 рет ұшсақ 2 мәрте Совет Одағының Батыры атағын алады. Мен өзім штурмовик-самолетпен 305 рет аспандағы айқасқа түсіп, 2 мәрте Совет Одағының Батыры атандым. Ұрысқа командир ретінде қатысқанымда бірде бір ұшқыш менің, яғни эскадрилья командирінің кінәсінен (демек, соғыс техникасына орашолақтығынан) қаза тапқан емес. Қарамағымда 36 самолет болған.
Аспандағы айқаста командир икемді, шалымды ұрыс салса, өзгелер соны айна-қатесіз қайталап, дін-аман аэродромға қонады. Демек, ұшқыштың бір ажалы – алдындағы командирлердің икемсіздігіне тікелей себепкер. Әлгінде айтқан немістің «асстары» советтің «Ил»-дерінен алып бара жатқан артықшылығы жоқ. Штурвалда мұқият, алымды-шалымды ұшқыш отырса болды.
– Ажал сеуіп тұрған аспаннан аман алып шыққан 305 сәттен бір оқиғаны айтып беріңізші!
– 1943-жылы. Калинин майданы. Мен ұшқыш-барлаушымын. Бір жолы кезекті барлаудан кейін майдан шебіне таяу жаудың жасырынған танкісін жою қажет болды. Оларды қорғап 5-6 ірі калибрлі зенитка ұрымтал тұстан қоршап тұр. Менің қарамағымдағы 9 самолет сол танкілерді жоюға тапсырма алды. Үш-үштен звеноға бөліндік те, әлгі мақсатты нүктеге (соғыс тілінде «цель» дейді) бет алдық. Тіп-тіке барып, бомбалап қайтуға да болады. Онда сенен адам шығыны шығуы мүмкін. Біз не істедік де. Мен майдан шебін бойлай ұшып, әлгі танкілерден мүлдем басқа бағытқа бара жатқан болып, эскадрильямды ұзаңқыратып әкеттім. Жаудың назары суй бастағанда кілт бұрылып, жоғары шапшаңдықпен әлгі бір бүйірде қалып қойған танкілерге қарай ұштық. Ешқайсысы ес жиып үлгерген жоқ, жау нүктелерін нысанаға алып, дү-дү-дү-бу-бу-бум… үстін-үстін атқылап, өз майдан шебімізге қарай дінаман қалпымызда гүрілдеп ұшып өттік. …Күнде кешкісін естіп жатамыз «ана эскадрильяда оншама,
мына эскадрильяда мұншама ұшқыш қаза тауыпты». Біз 305 рет жұбымыз жазылмай соғыстан аман шықтық. Содан мені балалар әбден жақсы көріп кетті.
– Балалардың жасы қаншада соншама?
– Балалар дегенде… Бәрі менен үлкен еді. Өзім 20-дамын… Әлгі өзің айтқандай, Советтің 300 бірдей самолетін атып түсірген немістің «ассын» мен де атып құлатқанмын кезінде.
– Сол «ассты» әбден тәжірибелі болған кезде атып түсірдіңіз бе?
– Жоқ-ә. Бар болғаны 9 рет ұшқанда 9 самолетпіз. Үш-үштен звеноға бөліндік. Әскери тәртіп бойынша мен сол жақ қанаттағы звенодамын.
(Кейде тапсырманың маңыздылығына қарай 4 звеноға 4-тен бөлініп 12 самолет ұшамыз). Сол сапар ұшып бара жатсақ, жердегілер айтады: «Өй, сендер, горбатыйлар (самолеттеріміздің құрылысы сондай еді, ал истребительсамолеттерді «маленький» дейді) абайлаңдар, алдарыңда истребительдер. Сендер үш белдеуді шамалаңдар: 1-белдеу – 3000 метр, 2-белдеу – 1500 метр, ал, 3-белдеу – «жер бауырлап ұшу шамасы» дейді. Біздің звено 2-белдеуде ұшып келеді. 1-белдеудегі 2 самолет өзара соғысып қалып, жалын мен түтінге оранды. Ал біреуінің қайда кеткенін білмей қалдым.
Қарасам, звено командирімнің самолеті аударылып қалыпты. Бауырында танкіге қарсы қолданылатын 4 реактивті снаряд, әрқайсысы 82 килограмм, 2 пулемет, 2 зеңбірек, әрқайсысы 600 килограмнан. Осыншама оқ-дәрімен қалпына келу оңай ма, бүйіріне бір аударылса, түзелуі қиын… Бір кезде Шишкин деген ұшқыш жолдасымның самолеті маған қарай бағыт алып келе жатыр еді, оқ тиді ме, қайдам, о да ғайып болды. Ал, ана оң жақтағы үштіктің звено командирі шалымды, пысық еді, шабуылдап болып, екі самолетті ілестіріп ұшып кетті. Мен жалғыз қалдым. Қас қаққанша болған жоқ, командирсіз қалдым, не істеймін… Жау жаққа шабуыл салып болдым да, өз майдан шебіме қарай бет алдым. Анадай жерде темір жол бар еді, сол темір жолды бойлай ұшып, өз аэродромыма жетсем деген ой бар. Ұшып келе жатсам, оң жақтан бір оқ жанап қана өтті. Егер жылдамдығым сәл артығырақ болғанда, оқ тигендей екенмін.
«МэссерШмидт – 109» деген истребитель, оқу-жаттығу кезінде ғана схемадан, суреттен көретінбіз. Зәрем ұшып кетсе де, есімді тез жинадым. Байқасам, самолетімді орай ұшып, сыртымнан қаусыра келмекші. Себебі, ол кезде самолеттің желке тұсында әйнек жоқ, ту сыртында не болып жатқанын білмейсің. Мен де жалма-жан бұрылып, оның сыртынан шықпақшымын, бір-бірімізді айнала қуалап жүрміз. Бір кезде қапысын тауып, әй атқыладым-ау өзін. Қараймын, оқтар заулап «МэссерШмидт –109»-ға тиіп жатыр, тиіп жатыр. Бір сәтте самолет жерге құлады. Құлағанда да «жамбасы біздің жерге тиді». Бұрылып ұша жөнелдім. Бір сәтте: «Әй, мынау, өзі біздің самолет болып жүрмесін» деген суық ой келді. Қайта ұшып келдім. Майдан шебінен 150 метр жерде біздің артеллерия позициясы бар еді ғой. Төмендеп қарасам, бес жұлдыз емес, құйрықтары қайқиған, қайқиған қара крест. «Уһ!».
Біздің артеллерия жігіттері 50-ақ метр төменнен ризалықпен айғайласып, бас киімдерін бұлғады. Олар менің самолетімнің нөмірін, сол уақытты, сағат 14.30-ді жазып алыпты. Сөйтсем, әлгі тажал нағыз «асстың» өзі екен, бір өзі 300 самолеттің түбіне жеткен. Ұшқышы 45-50-лердегі жасамыс неміс, «мені кім атып түсірді, өзі қандай епті адам еді, қанша мәрте ұшқан өзі, көрсетіңдер» депті. Жігіттер: «Ол – қазақ, 19 жасар, енді ғана ұшып жүрген жігіт. Саған келіп көрінуге уақыты жоқ» деген. «Қазақ деген қандай ұлт?». «Қазақ деген – әлгі жас ұшқыштың өзі сияқты ержүрек ұлт».
– Қазақ айтады «батыр – бір оқтық» деп. Сіз оқ жауып тұрған аспаннан қалай аман шығып жүрдіңіз? Соған қарағанда ешқашан ештеңеден қорықпағансыз-ау деймін?
– Кім қорықпайды, айналып кетейін, өзі соғыс болса. Қорқынышты. Соғыс деген өте қорқынышты. Таңертең емен-жарқын күліп-ойнап бірге тамақ ішкен өрімдей жігіттердің тең жартысы түскі аста жоқ болып шығады. Өліп қалған! Жау оғынан опат болып кеткен… Қаншама мәрте ұшсақ, соншама мәрте қорқасың. Қобалжисың. Ең бірінші ұшу сапарымда, керек болса, қорқа да алмай қобалжыдым емес пе… Самолетіме келсем, механик маған қарап біртүрлі күледі.
– Сізге мына самолетті кім берді?
– Несі бар?
– Қарамайсың ба, нөмірі 13 қой.
– Е, болса, ше? Қараймын, қанаты, құйрығы жамау-жасқау. Оқ тиген жерлеріне металл құйып, бітеп қойыпты. Маған не, тапсырманы орындау керек, нөмірі 13 пе, 103 пе, шаруам қайсы. «Әнеу шетте тұрған самолетке отырасың» деген командир. Механиктің көмегімен парашютімді кидім де, отырдым штурвалға. Педалі қандай, тұтқасы, тетігі бабында ма? Қарасам, бәрі сақадай-сай. Қорқып, абыржуға уақыт жоқ, жау жақын. Сол сәтте… Сол сәтте… айналып кетейін, мен бұл құпиямды дәл осы уақытқа дейін ешқашан, еш уақытта, ешкімге айтқан емес едім, сізге айтайын. Сол сәтте… Баяғыда, менің анамның 101 жастағы үлкен әпкесі Хадишаның маған үйреткен дұғасы есіме түсті. Ол дұғаны Хадиша ана: «Нажағай ойнап, нөсер жауғанда айдалада қалсаң, мына дұғаны оқы, сонда саған жай, жасын түспейді» деген.
Бала кезімнен жаттап өскен дұғам еді, «Жау оғы жай отынан кем бе» деп дұғаны оқыдым. Міне, сол дұғаны 305 рет әуеге шайқасқа ұшып шығар кезде 305 мәрте оқыдым. Дұға, оқыған сәтімде бойыма күш-жігер бітіп, айбарланып шыға келетінімді кейіннен байқадым. Өз анам Хадия 93 жасында, ортаншы әпкесі Гүлсім 98-ге келіп, дүние салды. Анам әлі де тұра тұратын еді, абайсызда құлап қалып, 100-ге тақаған кісіде қайбір қауқар бар, сүйегі сынғанын көтере алмай, көз жұмды. Бірақ үшеуі де өле-өлгенше қунақ, тың жүрді. …Иә, сол бірінші ұшудан аман келіп қондым. Әлгі жырқылдақ механиктің не білгенін қайдам, тым жақсы самолет екен өзі. Келсем, аң-таң:
– Тірісің бе?
– Көріп тұрсың ғой.
– Бір де бір оқ тимеді ме?
– Жоқ.
– Бағың бар екен. Ол орыс қайдан білсін, дұғаның құдіретін. Жалғыз мен емес, соғыста Иван Кожедуб, Александр Покрышкиндер талисмандарын (тұмарын) бойынан тастамайтын. Николай Порышко бір рет өзін ажалдан алып қалған гитарасын тастамайтын. Ал Никита Шут деген ұшқыш кешкісін қалайы тәрелкесін мыжғылай алмаса ертесі ұшпайтын, тіпті тұрған жерінде атып тастаса да бармауға пейіл. Ал бірақ соғыс кезінде тапсырманы орындамай көр, сондықтан ұшса да, қатты қорқатын.
– Сіздің екі дүркін Батыр атанғаныңызды есі кірген баладан еңкейген қарияға дейін біледі. Ал жан беріп, жан алған, шайқас кезінде әрі қызық, әрі қорқынышты сәт болды ма?
– Неге болмасын. Бірінші батырлығым кезіндегі бір оқиғаны айтып берейін… 1943 жылы Днепр өзені жағалауында шайқасқа түспекші едік. Ұрыс аумағы бар-жоғы 3 километр. Сол жерге әскери-техника атаулы күшті шоғырландырып, мақсатты нүктені жойсақ, өңгесі оңайлау. Жау жақтағысы жасырын (көмілген) танкілерді жою маған, менің группама тапсырылды. 18 штурмовик-самолетті мен, 12 истребитель-самолетті Сергей Луганский бастап ұшып шықтық. Сергеймен сөйлесіп қоямыз радио арқылы – «тірісің бе, барсың ба? Бір кезде жерден: «230, 230 (менің майдандағы «фамилиям») алған бағытыңа қарай, тіке ұш та, қарсыластың бомбалаушы самолеттерінің көзін жой.
Абайла, аспанда ұрысты ушықтырып алма». Мен жау самолетін көргенім жоқ. Луганскийден сұраймын, оның да көзіне ешнәрсе түспеген… Сонда да алған беттен таймай, ұшып келемін. Бір кезде сол жақтан андыздап 2 топ келе жатқанын көз қиығыммен шалып қалдым, ол топта 12, 12-ден самолет бар. Сол мезетте бойымды тез жиып, жердегілердің командасын түйсініп те үлгердім. Табан астында тас-түйін ойға бекініп, мына бомбалаушы 24 самолетті Днепр жағасына жеткізбеуім керек екенін түсіндім. Өйткені, бір бомба түссе бір демнен 100 адам өледі. Қарасам, бір самолет туп-тура маған қарай салып ұшып келеді. «Біттім!» деп ойладым. Таяп қалды. Сол сәтте мынадай ой келді: «Маған не жоқ тайқып? Қиғаштап ұшып, бүйірден шықпаймын ба? Самолетімді көлбеу бағыттап алып, маневр жасап бұрылдым да, тұмсыққа таяп алып, ал, кеп шабуылдайын. Ұрыс басталып, олар да, біз де бір-бірімізден асып түсіп, атқыласып жатырмыз. Бәрі қасқағымда өтті. Ең бастысы, менің атып түсіргенім командирлері екен.
Айттым ғой, командирге қарап, өзгелері ұрыс салады деп. Ал олардың командирін, понимаешь, қайдағы бір совет атып түсірді. Өзгелері бұрылып алып кері ұшты. Аспандағы айқас сейілгендей еді, бір кезде қайдан тап болғанын, менің самолетіме бір неміс жабысты да алды. Әйнектен ол маған, мен оған қадалдық та қалдық. Зәрем ұшып кетті. Ол да жетісіп отырған жоқ, жүзі үрейлі. Соны байқап, өз-өзімнен дауыстаймын: «Әй, кетші өзің, сені тіпті атпай-ақ қояйын». Қайтпайды. Ымдаймын. Ол да түсінді. «Жоқ. Сен кет» дейді.

Теке тіресіп тұрғанша болған жоқ, біздің бір самолет оны әп-сәтте отқа орады. Есімді жиып жан-жағыма қарасам, самолеттерім түп-түгел. Соның бәрін майдан қолбасшысы Конев өзінің арнайы нүктесінен бақылап отырыпты. «Жаудың 24 самолетінің алтауын штурмовиктер, сегізін истребительдер атып түсірді. Эскадрильяны тамаша басқарғаны үшін бүгін кешкісін екі командир де Совет Одағының Батыры атағына ұсынуға документ даярлансын» депті.
– Екінші мәрте Батыр атанғанда қандай «қызық» болды?
– Тағы да сол Конев. Онда Польшаның Висла өзенінің арғы бетін (тарихтан белгілі) немістер тастай қашқан. Сандомир плацдармын түнде – мен, күндіз эскадрильям барлап, қадағалап ұшып жүру керек. Бір күні таң алдында қарасам, плацдармға қарай барынша құйғытып шахмат тәртібімен келе жатқан жау танкілерін көрдім де, командалық пунктке хабарладым: «Тез арада дабылмен штурмовиктерді тұрғызыңдар!» деп, өзім таяу маңдағы аэродромға шұғыл қонып, даяр тұрған 24 самолетті алып, аспанға қайта көтерілдік. Плацдармға жаяу танкілері бар-жоғы 5-ақ шақырым қалыпты. 13-15 минут кешіксек, бәрі «капут»! Менің сондағы радиостанциядағы әлсін-әлі жаңғырыққан даусыма Конев: «Әй, мына «бақырауық» («крикун») ба тағы да?» депті (әрине, ризалықпен). Мені Конев солай деп атайтын. Себебі, менің радиостанциям зор болатын да, өзгелерінің даусын басып тастайтын. Кейін оны адъюданты айтады. Сөйтіп, сол жолы Конев «бақырауығын» Совет Одағының Батыры атағына 2-рет тағы ұсынды. Сөйтіп, Сандомир плацдармындағы қас-қағым ұрыстың көш-құлаш тарихы бар…
– Соғысты «бітірдік». Енді елге оралайық… Ойыңыз оқуда ма, отау құруда ма? Қалай болғанда да, екінің бірі 2 Алтын Жұлдызбен оралып жатқан жоқ қой. Қай-қайсы болса да, қолыңызды қақпауы керек. Солай ғой…
– Солайы солай болды… Соғыстан кейін елге келдім. Атам (әкем) айтады: «Әй, балам үйленбейсің бе?» «Ой, қойшы, әке, неғыласыз. Одан да Москваға барып оқу оқиын. Академия бітірейін, сосын…» «Ой, мен алып қойдым ғой». «Нені алып қойдыңыз?» «Әне бір қызды алып қойғам. Оқу оқысаң соны ала кет». Сәния деген қыз екен. Бізде қандай билік болушы еді. Алдым. Былай қарасам, дұрыс. Отастық. Бертінде қайтыс болды. Төрт балам бар. Құдайға шүкір, өстім-өндім. Бір күйеу балам, немерем ұшқыш. Кенжем аты – Талғат. «Әкесінің атын баласына қою қазақ салтында жоқ қой» деген ой көкейіме қонбап еді, өзім сыйлап құрметтейтін ақсақал ұсынған соң сөзін жыға алмадым.
– Талғат демекші, космонавт Талғат сіздің алдыңызға келді ме?
– Келді. 1960 жылдары. Мен ол кезде Азаматтық авиация басқармасы бастығының орынбасары едім. Ол жұмыс істейтін Боралдай аэропорты бізге қарайды. Бір күні, осы, күші бойына сыймай тасып тұрған Талғат атты жас жігіт келді. «Талғат аға, мен космонавт болғым келеді» деді салған жерден. «Е, талабыңа нұр жаусын». Москваға, ВВС Бас қолбасшысының орынбасары, авиация маршалы Ефимовке (кезінде Академияда бірге оқығанбыз) хат жаздым. Жауап келді: «Келсін, бәлкім космонавтыққа кандидат етіп қабылдармыз». Барлық талаптан сүрінбей өткенде, Боралдайда құпия бөлім бойынша №2 деген үлгідегі құжатты бір орыс әйелі қасақана толтырып бермей қойыпты. Ал, онсыз Космонавтар отрядына өтпейді. Бірақ бүгінде міне, сол Талғат Мұсабаев, Құдайға шүкір, ғарышта жүр, айналып кетейін.
– Ал сіз өзіңіз соғыстан кейін самолет штурвалына отырдыңыз ба?
– Мен соғыстан кейін Әскери әуе академиясына оқуға кеттім деп айтып едім ғой. Бұл – 1945 жыл. Ал 1950 жылы оны аяқтап шықтым. Реактивті авиация жедел дамыды. Сол тұста реактивті самолеттер пайда бола бастады. Әне, сол самолеттерді сынау керек емес пе? Сынаушы ұшқыштардың арасынан 5 адамды таңдап алды. Ахметжан Сұлтан деген қырым татары, Паршин деген 2 мәрте Совет Одағыны Батыры, Кузнецов, мен, аты-жөнін ұмытып тұрғаным… және бір ұшқыш. Реактивті самолетті сынадық. Амал не… 4 ұшқыш-сынаушы қаза тапты. Менің самолетім
де қатты аварияға ұшырады. Өзіме де оңай тиген жоқ.
– Хадиша ананың әлгі жасыннан қорғайтын дұғасын оқыдыңыз ғой, онда да?
– Обязательно (күлді). Әрине, оқыдым…
– Ал сынақ қай жерде өтті?
– Ол – құпия, айналып кетейін, құпия.
– Ой, енді… бәрібір оқиғаны айтып отырсыз ғой өзіңіз. «Неге сынақты дәл сол жерге өткердіңіз?» деп ешкім ренжімес бүгін сізге. Жер асты, жер үсті сынақтарының ақиқаты ашылып жатыр ғой…
(…Біразға дейін үндемей, маған қиғаш қарап алды да, сөзін жалғады…).
– …Украинада, Львов төңірегіндегі жасырын аэродромда.
– Сіз жаңа бір сөзіңізде «елге, Фрунзеге» деп қалдыңыз… Біздің білуімізше, қырғыз ағайындар «бұл біздің батыр» деп сіздің кеуде мүсініңізді орнатқан. Ақмолада туған жоқсыз ба, негізі? Әскерге қайдан шақырылдыңыз?
– Иә, кәдімгі, өзіміздің қазақ жерінде, Ақмоладан 12 шақырымдағы Майбалық ауылында туғанмын. Бірақ, балалық, бозбала шағым Пішпекте өтті. Әскерге Фрунзеден шақырылғаным рас. …Менің әкелерім – Жүсіпбек, Жақыпбек деген ағайынды жігіттер Ғали деген байдың жалшылары болған. Азамат соғысынан кейін, қызылдар қаптағанда Ғали бай мал-жанын сақтамаққа Пішпек ауған. Өзі ертерек кетіп, мал-жанын Жүсіпбек, Жақыпбек бар, он шақты малшы жаз шыға Ақмоладан айдап, күз түсе қырғыз Алатауына құлайды. Пішпекке келсе, мында тағы да қаптаған қызылдың солдаттары. Біреуінен сұрайды: «Әй, Ғали бай қайда?» «Қайдағы Ғали бай? Мұнда бай-құлақ жоқ. Кіл қызылдар. Мұнда революция». «Қызылдардың нәшәндігі кім?» «Дүнген селосы деген жерде үлкен орыс нәшәндік бар». Олар сонда келеді. Барса, кәдімгі Фрунзе жолдас. Түркістан әскери округі қолбасшысының өзі отыр. Ағайынды Жүсіпбек, Жақыпбектер айтады: «Біз не істейміз, Ғали бай жоқ. Малды айдап келдік». «Сенің Ғали байың Қытайға қашып кетті» дейді Фрунзе күліп. «Ойбай, онда малды қайттік?» Бастап келгені айтады: «Орыс нәшәндік, онда Ғали байдың малын алғаныңыз жөнінде қағаз жазып беріңіз» «Жазамыз». «Анықтама. Мен, Түркістан әскери округінің қолбасшысы М.Фрунзе, Ғали байдың жалшылары Бигелдинов Жүсіпбек, Жақыпбектерден т.б. (өзге он шақты малшының аты-жөнін түгел тізеді) Ғали байдың малын қабылдап алдым. 13000 қой, 500 ірі қара, түйе, т.б.». Сосын бір қызылдың солдатын шақырып алып Жүсіпбек пен Жақыпбекке бір-бір шинель және бір-бір Буденныйдың малақайын Фрунзе өз қолымен бергізеді. Ол шинельді кейін өзім көрдім. Және бір-бір мылтық беріп: «Малды мына келген жігіттен басқа тірі жанға бермеңдер» деп қадағалайды. Сол қағазды өздері сауатсыз болса да, әкелерім жіппен шандып байлап, сандыққа тастайды.
– Демек, сіз басы ашық, 1922 жылы, тамыздың бесінде Қазақстанда, Ақмолада тудыңыз?
– Иә. Басы ашық. Бірақ, мен 1922-жылды да, тамыздың 5-ін де өзім ойдан шығардым. Тоқтай тұр… Менің туған күнім, жылым жайында ешбір ресми құжатқа жазылмаған. Әлгі маған дұға үйреткен 101 жастағы Хадиша әжем ескіше сауатты болатын. Кішкентай қаламы бар еді. Сонысымен бір қағазға «Талғат туды. Егін … жатқанда» деп жазыпты. Соны анық білмеймін. Егін салып жатқанда ма, орып жатқанда ма, өздері шаруа басты адамдар қайдан білсін… Бір жылдары мен аэроклубқа кірдім ғой. Сонда туған жылымды сұрады. Мен оларға қарсы сұрақ қойдым: «Қай жылы туғаным керек?». «1922». «Дәл солай деп жазыңдар». Бәлкім, 1923-жыл болар, білмеймін. Хадиша әжем ес білгенімде әлгі қағазды өзіме көрсетті.
– Міне, қызық…
– Қызық емес, қызық түгі де жоқ, айналып кетейін, – деп қабағын түйіп, біраз отырды да, дауысы өзгеріңкірееп барып қайта сөз бастады, – менің балалық шағым өте күрделі, қиын болды… Өмір тарихым мынадай, тыңда, айналып кетейін, Рихан… Бірінен-бірі ажырамайтын, аралары 3 жас Жүсіпбек, Жақыпбек деген ағайынды жігіттер болады. Жүсіпбектің әйелі – Хадия, төрт баласы бар. Райхан, Рахима, Кәрім, тағы бір бала. Ал Жақыпбектің әйелі Мәймүнә ғұмырында бала таппаған, бедеу. Бір күні Жақыпбек Жүсіпбекке айтады ғой:
– Аға, біз – қазақтың баласымыз ғой… Менің әйелім тумады, не істеймін? Байқап жүрмін жеңгейімнің құрсағында бала бар. Күні жетіп туғанда, соны, еркек бала болса да, қыз бала болса да менің бауырыма салып бер. Болмаса, маған намыс қой.
Содан… мен дүниеге келіппін… Ол кезде қазақтың қай еркегі қатынынан «баланы бересің ба, жоқ па» деп сұраған. Солайша, мен туды-бітті Талғат Жақыпбекұлы болып шыға келдім. Содан, не керек, Мәймүнә шешей өзі бала таппаған соң ба, баланы, әсіресе, мені өте жақтырмады. Неғылайын, марқұм болды ғой, артынан әлдене дегенде не шығады. Бірақ, аты – шындық. Өз анамның емшегін бар-жоғы 1 ай ғана емген екенмін. Мәймүнә сосын қолдан тамақтандырды деседі. Сөзім ауыр болмасын, ол кісі бауырына алғаннан кейін жаялығымды да жөндеп құрғатып, аузыма дұрыстап ас та салмағанға ұқсайды. Бабым келіспеген соң ба, 3-4 жасқа келгенше екі аяғым доғаланып, бір-біріне шалынысып, шалдығып жүрген екенмін. Содан Талғат атым былай қалып, «қамыт аяқ» атанғам. 6-7 жасар кезімде: «Әй, қамыт аяқ, бері кел» десе, қыңқ демейді екенмін. Бірақ, Құдайдың құдіреті, есейе келе, түп-түзу болды ғой.
Солай өсіп келе жаттым… Өгей анамның мені жақтырмайтыны әлі күнге жадымда. Ол өз туған әпкелерінің балаларына дәл маған қарағандай салқын қабақ танытқан емес. Әлгі, Пішпекте (Бішкек) тұрған кезімізде үлкен аштық болғанда мені сақтап қалған манағы айтқан, әулие ана Хадиша еді. Себебі, өгей шешем мені тамаққа ортақ етпеймін деп қуады. Туған анам бәрін көре-біле тұрса да, қазақтың салтынан, күйеуінің сөзінен аса алмай: «Бар, өз шешеңе кет» деп және қуады… Жүсіпбек те інісі Жақыпбектің көңілі үшін мені аса көп жанына жолата бермейтін. Сонда Хадиша ана мені бауырына тартып: «Кел, балам, келе ғой, мә» деп әйтеуір өңештен өтер дән, дәм береді. Ал обалы не керек, менің аманат бала екенімді жақсы білетін Жақыпбек әкем мені өте жақсы көрді. Тапқан-таянғанын Мәймүнәға беріп: «Ана бала ашықпасын» деп қадағалап кетеді. Ал Мәймүнә ол кетісімен өз әпкелерінің балаларын жинап алып, солардың аузына тосты. Мен сеземін, өгей анам менің ауырып, өле қалғанымды қалайды. Бір жолы аш-жалаңаш қалпымда қыс ортасы үйден қуып та жіберді. Бұрындары Жақыпбек әкем даладан келгенінде алдынан жүгіре шығып, мойнына асылатынмын. Ол бетімнен сүйіп, қалтасынан әйтеуір бірдеңе тауып беріп, қоя береді. Сол жолы, үйге келсе, мен жоқпын:
– Талғат қайда, бала қайда?
– Қайдан білейін, жүрген шығар. Іздеп-іздеп, әйтеуір мені тауыпты. Бұрын аздаған тоқшылық кезде жүгері ақтайтын жәшік бар еді, сол жәшікке кіріп алған көрінемін. Енді шамалы қалғанда үсіп өлгендей екенмін. Соны өмір бойы ұмытпаймын. Сонда 9-10 жасармын. Міне, осылай өстік. Мен, негізі, сотқар, тентек бала болғанмын.
«Әке – балаға сыншы» дейді ғой. Жүсіпбек атамыз айтады екен, «мына Кәрім шаруақор, ал мына сотқарды қойшы…» деп (күледі). Заты қазақ емес пе, қыз балаға аса көп мән бермейтін. Ал әне сол тентек балаңыз қырғыздардың Аламедин деген өзені үстінен өтетін жүк пойызына жармасып мініп, қант қызылшасын ұрлайтынмын. Көпір үстінен өткенде пойыз аялдап барып, жа-й жүреді ғой. Сонда тырмысып мініп, артымнан жүгіріп келе жатқан балаларға қызылша домалатып түсіремін. Көпірден өте тағы аялдағанда пойыздан секіріп түсіп, әлгі бұйырған асты жинап ауылға келеміз. Тау-тастан көрген жылан, тасбақалардың етін қосып, қазанға бәрін салып, су құйып қайнатамыз. Дәмі біртүрлі, бірақ, әйтеуір, аштан өлмеуге сеп.
– Мәймүнә шешей сіздің Совет Одағының Батыры болғаныңызды көрді ме?
– Көрді, көрді… Соғыстан келген тұсымда түсірілген деректі киножурнал бар. Сонда құшып, сүйіп жатады. Жетпіс жылдай өмір сүрді. Мен өз туған анам Хадия, туған әкем Жүсіпбек екенін білдім. Бірақ құжат қағаздарымда әкем – Жақыпбек. Кейін Хадия анамды өз қолыма алдым. Бертінде қызы Рахимаға барды. Кәрім әкеміз Жүсіпбекке, мен анамыз Хадияға тартқанмын. Ол өзі толықша, шағын денелі кісі еді.
– Балалық шағыңыз осылай өтті. Жазу-сызуды қашан үйрендіңіз, қай кезде қара таныдыңыз?
– 27-ші жылдар шамасы. Орыс, ұйғыр, татар мектебі бар-ды. (Көрдіңіз бе ол кезден-ақ ұйғыр мектебі бар екен.) Орысша, ұйғырша білмеймін. Әкемнің кіші қарындасы Зейнеп деген, сол «тілі қазақшаға жақын ғой» деп татар класына берді. Өзі сауатты, гимназия бітірген еді. Содан татардың «Ана тілі» сабағын үйрене алмай-ақ қойдым. Мұғалім: «Бигелдинов, саған 2 қоям». «Мейлі, 1 қойсаңыз да». Ал өзім математиканы жақсы көрдім. Әкелерім тіпті, менің мектепке барғанымды білмейді. Момын жандар еді жарықтықтар.
– Москвада инженерлік-авиация академиясын бітірдіңіз. Енді Алматыға, Қазақстанға қайтайық…
– Иә, иә, иә, Алматыға келдім. Алматы… Мен үшін ең бір бауыр басқан ыстық-суығым өткен құтты мекен. Жалпы маған Алатаудың бауыры екі елде де пана болды. Иә, Алматыға келдім. Димаш Ахметұлы өте тамаша адам, айқара құшып, қарсы алды. Өміріме өте көп шапағат тигізген кісі. Мен келгенде Министрлер Советінің Председателі екен. Бірден Азаматтық авиация басқармасының бастығы орынбасары қызметіне қойды. «Жұмыс – жұмыс жөнімен. Саған баспана керек қой. Алматыны аралап кел. Өзіңе қай жерден қандай пәтер ұнайды, соны саған беремін» деді. Мир мен Киров көшесінің қиылысында керемет үй салынып жатыр екен. Екінші қабатынан пәтер сұрадым. Берді. Ал енді жұмысқа кірісейік. Әуелі Алматы аэропортын қолға алдым. Арада біраз уақыт өтті. Бұл кезде Димекең Орталық Комитет хатшысы, ал, ол кісінің Мәсімхан Бейсебаев деген бұрынғы орынбасары енді Министрлер Советінің председателі болды. Мен айттым: «Өздерің Москваға ұшқыларың келеді, әуелі аэродромды жөндемейміз бе, қашанғы Ташкентке барып содан Москваға ұшасыңдар». Ой, Бейсебаев та тамаша адам еді. «Оған ақша қайда Талғат-ау?» деді. Димаш Ахметұлы «Бір республика бір аэродромға ақша табады. Өзге қалаларды да ойластыра жүр» деді маған.
– Өзіңіз авиаторсыз, ұшқышсыз, кеңес аумағына мәшһүр Батырсыз, сөйте тұра, жазушылардың шығармашылық үйіне қайдан директор болып барып жүрсіз?
– Оған барғанымнан қайтқаным жылдам болды. Аз уақыт директор болдым. Ұнамады. Жалпы шығар- машылықпен айналысып жатқан жазушыларға жақсы болсын деп қазы-қарта, қымыз, жал-жая тасыттым.
– Ал әнші-күйші сияқты өнер адамдарымен дәмдес, дастархандас болып па едіңіз? Әншілер қауымымен қоян-қолтық жүрген кезіңіз бар ма?
– Бибігүл Төлегенованы бір жолы қорғағаным бар. Сол, баяғы, Алматыға келіп, үй алған кезім. Жұмыстан келе жатсам, есік алдында жап-жас, әп-әдемі келіншек жылап отыр. «Сізге не болды?» «Мен осы үйден пәтер алып едім, бір орыс әйелі басып кіріп, шықпай отыр». «Өзіңнің ордерің бар ма қолыңда?» «Бар». «Қай пәтер?» «Мынау». Кіріп келіп орыс әйелін желкеден бүріп, далаға итеріп шығардым. Дүние дегенде бір шкафы бар екен. Оны қоса далаға шығардым. Сосын әлгі келіншекке: «Мә, кілтің, үйіңе ие бол» дедім. Сөйтсем сол Бибігүл Төлегенова екен… Сосын Мақпалдың, Роза Рымбаеваның салған әндері қандай тамаша!
– Ал әншілердің, Роза атты әншілердің үлкені Бағланова апамыз жайлы не айтасыз? Өнері, оның өзі жайында?
– Сталиннің 70 жылдығында, сол кездегі Орталық комитеттің адамдары және Қазақстаннан Шаяхметов, біз қатысқан салтанатты кеште қазақтың бір қызы «Ах, Самара, городок» әнін шырқады. Бәрі, әсіресе, Сталин аса риза болды. Өзгелер сияқты сартылдатып, алақан соққан жоқ, жәй, дыбыссыз демеп отырды. Қайта шақыртып айтқызды. Сол кеште екінші қайтара ән шырқаған Розадай ешкім болған жоқ. Керемет! Мені Шаяхметов қонақ үйге шақырған бір шаруалармен сонда және көрдім.
– Халқымыздың сүт бетіне шығар қаймақтары болып, үзеңгілес, қатар жүрген кездеріңіз болған жоқ па?
– Жоқ. Көрген жерде: «Мен сені жақсы көремін» деп қоямын. Одан артық, ештеңе жоқ.
– Осы, Сізді бүгінде омартамен айналысады деп естідім. Мына бал өз омартамдікі дейсіз. Базардағыдай емес, иісі аңқып тұр ғой, өзі. Бос уақыт көп болған соң айналысқан шаруаңыз ба?
– Қайдағы бос уақыт?! Менде ешқашан бос уақыт болған емес. Қазір Қазақстан Жазушылар одағының транспортты сақтау қоғамының төрағасымын. Зейнетақы қоры төрағасымын. 1970-жылдары «Казстальмонтаж» тресінде жұмыс істеп жүргенімде бір күні шопырым айтады: «Жолдас, начальник, бал арасы омартасына барайық». «Ой, қойшы», деп қолымды бір сілтегенмін. Сөйтіп жүргенде әйтеуір бір сәті түсті. Бардым. Табиғат аясы, тамаша! «10 ұя сатып әпер, қанша керек?» дедім. «1000 сом». «Мә!». Бұрын-соңды айналыспаған адам білмейді екен, бал арасын өсірген тамаша! Сол жолы күзге қарай 1500 сом түсірдім. 1000 сомы былай, 500 сом өз пайдама. Содан «дәндедім», тағы да 10 ұя сатып алдым.
Содан міне, 28 жыл болды… Рас, қазақтың өз үйренген шаруасы, бар болса, мал баққаны жақсы ғой. Ал мына заманда омартамен айналысқан, балдан пайда көрген адам малдан көрген пайдадан кем зиян шекпейді. Қайта ағзаларыңыз тазарып, күш-қуат, денсаулығыңыз артып шыға келеді. Қазақтарды омартаға олай да шақырам, былай да шақырам, біреуі селт етсейші, не деген адамдар! Омарта деген өте тамаша. Бір жағы, таза табиғи дәм болған соң қайратың да еселене түседі.
– …Осы, әнеу бір жылдары Алтын Жұлдыздарыңызды тартып әкеткен жігіттер қайтарды ма? Қалай алғызып жүрсіз өзі? Қаншама жаудан қайтпағанда сол біреулерден жеңіле салғаныңыз ба?
– Мен қайтейін енді… Бір салтанатқа баратын болып жиналып, жалғыз өзім есікті жаба бергенім сол еді. Тап есіктің алдынан екі жігіт көзіме газ балонын быж-ж еткізе қойды. Ары қарай білмеймін. Керек болса, есік алдында шопырым тұрды ғой, құдай-ау. Әлгі оңбағандар үйге кіріп, шифонерьде ілініп тұрған кительді ала қашқан. Басқа дүние мүліктерге сол қалпы, түкке тиіспеген. Сондағы олардың алғандары 10 ордендер мен төсбелгілер. Ал Алтын Жұлдыздарымды мен үйде ұстамайтынмын. Басқа жерде сақтап қоятынмын. Бәлкім, сұрай-сұрай сен тауып аларсың?..
– Алла сақтасын!!! Табиғатымда өз нәсібеме бұйырмаған, біреудің жылтырағына орынсыз көзімді қадаған жан емеспін. Оның сыртында бізге сіздердей тірі шежіреден асқан алтын жоқ.
– Қайдан білейін… «Ана тілінің» оқырмандарына деп, бұрын-соңды былайғы жұртқа айтпаған бірқатар әңгімелерімді қазбалап, қазғылап, әбден сұрап алдың ғой…
Әңгімелескен
Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ.
«Ана тілі» Ұлт газеті. 1998 жыл, ақпанның 26-сы, 8-ші нөмір.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий