Шанхайда құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхай қаласына жұмыс сапары аясында Қытайдың жетекші жоғары технологиялық компанияларының басшылары қатысқан дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған коммерциялық құжаттарды алмасу рәсімі ұйымдастырылды.
Кездесуге ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрі Ли Лэчэн, Huawei Technologies, CITIC Group, 01AI, Agibot, Goldcard Smart Group, Ningbo Hoshine Group, YTO Express және Xinjiang Lihua Group секілді ірі компаниялардың басшылары қатысты.
Дөңгелек үстел қорытындысында цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, көлік және логистика, өнеркәсіп, қаржы, білім беру, телекоммуникация және машина жасау салаларын қамтитын бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Атап айтқанда, Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Huawei Technologies арасында стратегиялық серіктестік туралы келісім жасалды. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ мен Huawei Technologies технологиялық шешімдер мен жабдықтарды сатып алу жөнінде келісімге келді.
Сондай-ақ Қазақстанда электр көлігі инфрақұрылымын дамыту және автомобиль өндірісінде жасанды интеллектіні енгізу бағытында «Самұрық-Қазына» АҚ, Freedom Holding, Астана қаласының әкімдігі және Geely Auto Group арасында меморандумға қол қойылды.
Келісімдер қатарында Құрық портында көпфункционалды терминал салу, «Дата-орталықтар алқабын» дамыту, халықаралық логистикалық дәліздерді кеңейту, өткізу бекеттерін заманауи тексеру жүйелерімен жабдықтау, жаңа автокөлік өндірістерін іске қосу, университеттер арасындағы ғылыми және білім беру ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ робот техникасы мен жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобалар бар.
Президенттің Шанхайға жұмыс сапары аясында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды.
Қол қойылған құжаттар жасанды интеллект, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы, қаржы, агроөнеркәсіп кешені, машина жасау және басқа да жоғары технологиялық салалардағы Қазақстан–Қытай ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
