Теледебат: білім, еңбек және даму мәселелері бойынша партиялардың ұсынысы
Теледебат: білім, еңбек және даму мәселелері бойынша партиялардың ұсынысы
«Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы OpenAI компаниясымен бірлескен бастама аясында Қазақстандағы 160 мың мұғалімнің ChatGPT Edu білім беру сервисіне тегін қол жеткізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, сервис оқу жоспарын, есептер мен басқа да жұмыс материалдарын әзірлеуге, сондай-ақ білім беру саласын басқарудағы талдау жұмыстарына пайдаланылуы мүмкін.
Сондай-ақ дебат барысында ол ғылым мен экономиканың өзара байланысына тоқталып, жоғары оқу орындарында технологиялар трансфертінің тетіктерін дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама ғылым мен экономиканың ықпалдастығын күшейтуге бағытталған.
ЖСДП өкілі Мақсұт Насибулов Қазақстанда жоғары білімнің қолжетімділігі мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай модель бірқатар дамыған елдерде қолданылады. Дебат барысында модератор ұсынған бастамада оны іске асырудың мерзімі, құны және нақты тетіктері көрсетілмегеніне назар аударды. Сондай-ақ Мақсұт Насибулов жоғары білімнің қолжетімділігіне қатысты партияның ұстанымын таныстырды.
Бұдан бөлек, ол мектептегі білім сапасы мәселесін көтеріп, білімді бағалау тәсілдерін жетілдірудің және жоғары сынып оқушылары үшін бейіндік оқыту мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызын атап өтті.
«Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясының өкілі Аслан Байзаханов әлеуметтік желілер арқылы түскен көрермен сауалына жауап бере отырып, экологиялық үдерістерді зерттеуде, қоршаған ортаның жай-күйін бағалауда және экологиялық деректерді талдауда математикалық талдау мен есептеулердің қолданылуы туралы айтты.
«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов ауылды жерлерге жас мамандарды тартуға қатысты ұсынысын жариялады. Оның айтуынша, бастама ауылдық грантпен білім алған түлектерді өздерін оқуға жіберген елді мекендерге жұмысқа орналастыруды көздейді. Сонымен қатар ол қолданыстағы бағдарламалар аясында жас мамандарға көтерме жәрдемақы мен жеңілдетілген тұрғын үй несиелері берілетінін атап өтті.
«Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тәстекей Құрылтай жұмысы мен білім беру саласына қатысты ұсыныстарын таныстырды. Ол сөзінде бюджет қаражатының жұмсалуына парламенттік бақылауды күшейту, педагогтердің еңбекақысын арттыру және ғылыми-инновациялық жобаларды қолдау мәселелеріне тоқталып, бұл бағыттың білім мен ғылымды дамытудағы маңызын атап өтті.
Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі жасанды интеллектінің дамуына байланысты Мамандықтар атласын тұрақты түрде жаңартып отырудың маңызын айтты. Оның сөзінше, бұл өзгерістер 562 мамандыққа әсер етуі мүмкін, ал олардың бір бөлігі уақыт өте келе сұраныстан шығуы ықтимал.
Ұсынылған бастамалардың қатарында экономика қажеттіліктерін, жұмыс берушілердің сұранысын және түлектерді жұмыспен қамту мүмкіндіктерін ескере отырып, жасанды интеллектке қатысты жаңа бағыттарды енгізу мәселесі де көтерілді.
Сондай-ақ дебат барысында партия өкілдері өңірлердегі білім беру жүйесін дамыту, ауыл мұғалімдерін қолдау, мектеп пен балабақша құрылысына инвестиция тарту, IT бағытын, жасанды интеллектіні және ғылымның өндіріспен байланысын дамыту жөніндегі ұсыныстарын айтты.

