Бастауыштағы жаңа бағалау жүйесі нені өзгертеді?

26 Views

Алдағы жаңа оқу жылынан бастап
еліміздің білім беру жүйесінде бастауыш
сынып оқушы ларына қатысты маңызды
өзгеріс күшіне енеді. 2026 жылдың 1
қыркүйегінен бастап 1-4 сыныптарда
бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ)
мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау
(ТЖБ) өткізілмейді. Бұл жаңалық ата-аналар мен мұғалімдер арасында түрлі
пікір туғызғанымен, оның түпкі мақсаты –
баланың білімін бағалау тәсілін ізгілендіріп,
оқу үдерісін жеңілдету.
Оқу-ағарту министрлігі бұл шешімді кездейсоқ
қабылдаған жоқ. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық
білім академиясының зерттеулері, педагогтердің
ұсыныстары, ата-аналардың өтініштері және
бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктері жан-жақты сараланып, қазіргі бағалау
жүйесінің әлсіз тұстары анықталған. Сараптама
нәтижесінде БЖБ мен ТЖБ әрдайым баланың
нақты білім деңгейін көрсете бермейтіні, керісінше, оған қосымша психологиялық және оқу
жүктемесін түсіретіні белгілі болған.
Шынында да, бүгінгі таңда бастауыш сынып
оқушысының басты міндеті – жоғары балл жинау
емес, білімге қызығушылық танытып, оқуды
сүйіп үйрену. Ал бағалау жүйесі сол мақсатқа
қызмет етуі тиіс. Егер бағалау баланың бойында
қорқыныш пен қобалжу тудырса, онда оның
тәрбиелік әрі дамытушылық мәні әлсірейді.
Жаңа жүйеге сәйкес оқушылардың оқу жетістігі
дәстүрлі әрі мазмұнды бағалау түрлері арқылы
анықталады. Диктант, мазмұндама, бақылау
жұмыстары, практикалық және шығармашылық
тапсырмалар баланың білімін жан-жақты бағалауға
мүмкіндік береді.

Мұндай жұмыстар оқушының
тек есте сақтау қабілетін ғана емес,
ойлау, талдау, жазу мәдениеті мен
шығармашылық әлеуетін де айқындайды.
Соңғы жылдары мұғалімдер арасында қағазбастылық мәселесі де
жиі көтеріліп келді. Министрліктің
мәліметінше, бір ғана бастауыш
сынып мұғалімі жылына БЖБ мен
ТЖБ өткізу үшін шамамен төрт мың
парақ қағаз пайдаланып, оларды
тексеруге 112 сағатқа жуық уақыт
жұмсайды. Бұл уақытты енді мұғалім
оқушымен тікелей жұмыс істеуге,
оның біліміндегі олқылықтарды
толықтыруға және шығармашылық
жұмыстарды ұйымдастыруға пайдалана алады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз
Сүлейменова қазіргі жүйедегі тағы
бір әділетсіз тұсты атап өтті. Тоқсан
бойы жақсы оқып, сабаққа белсенді
қатысқан оқушы тоқсан соңындағы
бір ғана ТЖБ-дан төмен нәтиже алса,
тоқсандық бағасы күрт төмендеп
кетуі мүмкін. Бұл көптеген баланың
өз күшіне деген сенімін әлсіретіп,
оқуға деген ынтасын төмендететіні
жасырын емес.
Әрине, кез келген өзгерістің
алғашқы кезеңінде сұрақтар мен
күмәннің болуы заңды. Бірақ
әлемдік тәжірибеге назар аударсақ,
дамыған мемлекеттердің көпшілігі
бастауыш мектепте баланы қатаң
сынақпен емес, қалыптастырушы
және дамытушы бағалау арқылы
оқытуға басымдық береді. Себебі
дәл осы кезеңде баланың білімге
деген көзқарасы қалыптасады.
Жаңа бағалау жүйесінің ең
басты артықшылығы – оның бала
психологиясына жақындығында.
Бастауыш мектеп – жарыс алаңы
емес, тұлғаның қалыптасу мектебі.
Мұнда әрбір оқушы өз ойын еркін
жеткізіп, қателесуден қорықпай,
ізденуге мүмкіндік алуы керек. Дәл
осындай орта ғана білімге құштар,
ойлай алатын, өз пікірін дәлелдей
білетін ұрпақ тәрбиелейді.
Баға – баланың болашағын
айқын дайтын жалғыз өлшем емес.
Ең маңыздысы – оның білімге деген ынтасы, танымға деген қызығушылығы және өзіне деген сенімі.
Егер енгізіліп отырған өзгерістер
осы құндылықтарды нығайта алса,
онда бұл реформаның нәтижесі де
жемісті болмақ.
Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий