Әулеттік дәстүр: теміржолшылар отбасы да өз таңдауларын жасады
Луговой ауылында теміржол саласында 40 жылдан астам бойы адал еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Сәкен Тасыбайұлы Көкжалов Құрылтай депутаттары сайлауында отбасымен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Бүгінде ол вагондарға техникалық қызмет көрсету қосынында вагон мастері қызметін абыроймен атқарып келеді.
Теміржол саласына өмірін арнаған Сәкен Тасыбайұлы үшін елдің болашағы әрдайым маңызды. Сондықтан да ол маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық борышын орындауды парыз санайды.
Бұл отбасыда еңбекқорлық пен жауапкершілік және саяси науқандарға тұрақты түрде қатысу – әулеттік дәстүрге айналған. Естеріңізге сала кетейік, Көкжаловтар отбасы жыл басында референдум кезінде де белсенділік танытып, дауыс беруге қатысқан болатын. Бүгінде міне теміржолшылар әулетінің өкілдері ел өміріндегі маңызды сәттерде қалыс қалмай, қоғамға үлгі болуда.
«ҚҰЛАН МЕДИА» АҚПАРАТ.
